Спортты серік етсеңіз…

«Спорт – сенің серігің» деген ұран сөз кеңестік кезеңнен бар-ды. Қабырғаға ілінер қарыстай қара қобдиша-радиодан таңғы жаттығу берілетін. Жұрттың көбі таңғы ас ішер алдында соған қосылып дене қимылдарын жасап, керіліп-созылып, құрыс-тырыстарын тарқатып алатын. Балалардың сабақ кестесін толтырып, іліп қоятын бір парақ әдемі қатырма қағазда да таңертең нешеде тұрып, денешынықтыру жасауы керек екендігі көрсетілетін. Әрнеге еліктегіш балалар сол суреттегі балақайдай болғысы келіп, жаттығу жасап жататын.

Егемендік алып, еркіндік тигелі спорттың денсаулыққа пайдасы бұрынғыдан да кеңінен насихатталатын болды. Жағымды әуенге қосылып, әртүрлі жаттығулар ұсынар телехабарлар көбейді, бұрын көрінбейтін кітаптар қаптады. Ақшаңа таба алмайтын спорттық құрал-жабдықтар, арнайы киімдерге дейін көз қызықтырып, толып тұр. Спорттық, тұрмыстық немесе тауда ызғитын велосипедтер, қысты қойып, жазда тебер роликті шаңғы, конькилер, басты жарақаттан қорғайтын шлемдер, бокс қолғаптарының түрлері, суда жүзгенде киетін көзілдіріктер… не жоқ?! Арзаны-қымбаты, сапалы-сапасызы дегендей… Тек спортпен шұғылдануға ынтаңыз, ниетіңіз болса болғаны. Енді, бәрі бар да сол ниет кемшіндеу сияқты көрінеді.
Соңғы жылдары Көкшетауда көп қабатты үйлер алаңдарында, бақтар мен скверлерде спорт алаңдары көптеп ашылды. Ол алаңдарда кәнігі спортшылар, гимнастарға арналған, сондай-ақ, жеңіл-желпі жаттығулар жасап, қан айналдырып, дене қыздыруға жарайтын көпшілікке арналған жабдықтар жетіп артылады. Бұрын ондай құралдар ақылы фитнес орталықтарда ғана тұратын. Ақысын төлеп қана қызыққан снарядыңа қолың тиеді. Енді, міне, ашық аспан астында, үйіңнің жанында тегін тұр! Бұл – үлкен жетістік, ірі қуаныш, ерекше қолайлылық. Өйткені, «бірінші байлық – денсаулық» емес пе? Ақша төлеп спорт сарайына барсаңыз уақытқа байлаулы болар едіңіз. Дәл уақытында бару керек, келу керек. Оның көрсеткен уақыты сізге қолайсыз уақыт болуы мүмкін. Мұнда еркіңіз. Ерте ме, кеш пе, неше сағат жаттығасыз, өзіңіз білесіз. Өз денсаулығыңызды, өз шамаңызды біліп, өзіңізге өзіңіз зиян істеп алмасаңыз болғаны.
Аңғарған адамға ол да қиын емес. Қан қысымыңыз көтеріліп, басыңыз айналып, өзіңізді жайсыз сезініп тұрмасаңыз жарады. Жаттығуларды жан қинамай, аз-аздан жасап көру керек. Жас ерекшелігіңізді, бұрыннан бар «басыбайлы» диагнозыңызды да естен шығармаңыз. Қысқасы, «өзіңді тыңда» деген қағидаға бағыныңыз да, күнбе-күн, аз-аздан қимыл жасай беріңіз. Арада біраз уақыт өткенде өзіңіздің кәдімгідей икемделіп, ширай бастағаныңызды байқайсыз.
Қазір Көкшетауда көшедегі гимнастикамен тұрақты айналысатын спортшы жастар, командалар көп. Ауық-ауық олардың жаттығуларын тамашалап, кейбір әдістеріне ден қойып, ақыл-кеңестерін тыңдап алған да жөн. Үлкендерге олар жарақат алып қалмаудың жолдарын ынта-шынтасымен түсіндіріп жатады. Құлақ қойсаңыз көп мағлұмат аласыз.
Бүгінгі таңда тәжтажал індетіне байланысты шектеулер бар екені белгілі. Қолыңызда жұқа қолғап, бетперде, қалтаңызда антисептигіңіз болып, ара-арасында залалсыздандырып қоюды ұмытпаңыз. Тағы қандайы бар, карантин талаптарын орындап, күнбе-күн жаттығу жасап тұрсаңыз денсаулығыңыз жақсарып, қуаттана түсесіз. Ағзаңыздың індетке қарсылығы күшейеді. Күз салқынымен белең алар тұмау-сүзекке сонда бой алдырмайсыз. Мамандар дем алу жаттығуларының пайдасы көп екенін де айтуда. Оның мән-жайын шығыс жекпе-жегі түрлері – каратэ, дзюдо, ушумен немесе йогамен айналысушылар жақсы біледі. Спорт алаңында кездесе қалсаңыз олармен кеңесіңіз. Үйреніп алыңыз, өзгелерге үйретіңіз.
Таза ауада, күн шуағы астында емін-еркін, қалаған уақытыңызда денсаулық үшін жаттығу жасауға мүмкіндік ашқан облыс, қала басшылығына алғыстан басқа не айтарсыз?
Бүгінгі әңгімемізді ересектерге, қарияларға арнасақ, әлгі пайдасы көп спорт құралдарының амандығы да соларға аманат. Спорт алаңдарына бара қалып немесе сол маңайда сейілдеп жүргенде балалардың оларды ойыншыққа айналдырып, сындырып-қиратпауын қадағалап, бас-көз болып жүрсе деген ой ғой.
Жасында спорттың бір түрімен тұрақты айналыспаған ересек адамға ашық жердегі, аспан астындағы гимнастика алаңдарына барып, жаттығуды бастап кетудің ыңғайсыз, қолайсыз болатыны бар. Одан тартынатын ештеңе жоқ. Аз-аздан қимылдап, денеңізді үйрете бастасаңыз бойыңыз жеңілдеп, біраздан кейін сол алаңға өзіңіз тартылып, үйір бола бастайсыз. Спортты қай жаста болсаңызда жатырқап, тосырқаудың қажеті жоқ. Әрине, спортты жастай серік еткен дұрыс. Өз бойыңызда сол олқылық бар болса, енді жетектеп жүрген немереңізді спортқа беріп, үзбей шұғылдандырыңыз, жағдайын жасаңыз. Сонда ол бос жүрмейді, арақ, темекі сияқты жаман әдеттерден аулақ болады. Уақыт өтіп, ұлғайғанда да осындай алаңдардағы спорттық снарядтарға жатсынбай жақындайды. «Мұраның үлкені – мүбәрак тәрбие» демей ме?
Шыны, спорттың адамға берер пайдасы көп. Ол баршаға аян. Соны біле тұра жалқаулық таныту жөнсіз. Ерте демей, кеш демей спортқа келіңіз, спортпен дос болыңыз. Денсаулығыңызды нығайтып, көңіліңізді сергітіп, жаныңызды жадыратар, жігеріңізді жаныр спортты серік етіңіз. Әлі жаттығуды бастамасаңыз, міне, бүгін сәті келді. Серпіліңіз де Спорт күні бастап кетіңіз. Спорт сізге айнымас дос, сергек серік бола алады! Спорт күні құтты болғай!

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий