Спортты өміріне серік еткен

Көкшетау қаласында, жалпы Ақмола өңірінде дене тәрбиесі мен спортты дамытуға елеулі үлес қосқан спорт ардагері Валерий Иванович Сагайдачный 28 мамырда мерейлі 75 жасқа толады. Оны әріптестері шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейді. Балғын Валерий спортқа жастайынан құмар болды. Көкшетау қаласындағы №1, 4 орта мектептерде оқып жүрген кезінен-ақ спорт алаңынан шықпай, жеңіл атлетикамен айналысты. Баскетбол, волейбол, футбол, тіпті стол теннисіне де құмарлық танытты. Осындай талабының арқасында ол жеңіл атлетика мен шаңғыдан өтетін қалалық сайыстарға белсене қатысып жүрді. Мектеп бітірген жас өреннің алдында жалғыз міндет тұрды. Онысы – қаБезымянный-6й оқу орнын таңдау. Көкшетау өңірі аграрлы аймақ болғандықтан Омбы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне түсті. Жоғары оқу орнындағы дене тәрбиесі сабақтарына қатысып жүрген кезде шаңғыдан спорт шебері Михаил Дружинин Валераның ептілігіне, спортқа деген құштарлығына ден қойып, өз қамқорлығына алды. Екінші курстан бастап В.Сагайдачный институт құрама командасының сапында жеңіл атлетикадан Омбы қаласында өтетін жарыстарға қатыса бастады. Міне, үлкен спорттағы сәтті қадамы осылай басталды. Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеген жылдары да үйренішті осы дағдысынан айнымады.
Әскер қатарынан Көкшетауға оралған алғыр жас алғашқы еңбек қадамын «Еңбек» ерікті спорт қоғамы облыстық кеңесінде нұсқаушы болып бастады. Кешкілік уақытын тағы да спортзалында жаттықтырушы Абдрахман Абдрашитовтың жетекшілігімен өткізді. Арада екі жыл салып іскерлік қабілетімен танылып қалған Валерий Сагайдачный Көкшетау облыстық спорт комитетіне қызметке ауысып, ұйымдық көпшілік бөлім меңгерушілігіне дейін жоғарылатылды. Негізгі міндетімен бірге ол ГТО комиссиясына да жетекшілік жасады. Валерий Иванович әсіресе аула клубтарының жұмысына ерекше ден қойып, қаңғыбастық жолға салынған жасөспірімдерді спортқа баулу ісімен белсене араласты. Сол жылдары дәстүрге айналдырған «Белая ладья», «Чудо шашки», «Кожаный мяч», «Многоборье ГТО» турнирлерін өткізуге ұйытқы болды. Ал, мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған «Спешиал Олимпикс» спорт шарасын өткізуді және оған басшылық жасауды тікелей өз қамқорлығына алды.
Спорт пен дене тәрбиесі саласында 38 жыл адал қызмет атқарған ардагер Валерий Сагайдачный зейнеткерлікке шықса да тыным таппай салауатты өмір салтын насихаттаумен айналысады. Спорт ардагерлерінің мерейтойларына байланысты кездесулер ұйымдастырады. Оның спорт саласындағы және қоғамдық жұмыстағы осынау белсенді қызметі лайықты бағаланып, Қазақ ССР дене тәрбиесі және спорт комитетінің Көкшетау облыстық халық депутаттары кеңесінің сан мәрте Құрмет грамотасымен, «Еңбек ардагері», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Жаны сергек, жаңалыққа жаны құмар әріптес жолдасымызды осы мерейлі тойымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Николай ГОРБУНОВ,
спорт ардагері.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс