«Студент көктемі» дарынды жастарды даралады

Облыстық филармония сахнасында талантты да шығармашыл жастардың басын қосқан «Студент көктемі-2017» байқауының гала-концерті өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін шараның ұйымдастырушылары бұл жолы 10 аталым бойынша жеңім-паздарды марапаттап, құттықтау қағаздары мен сыйлықтар табыс етті.

DSC_2539

Бүгінгі студент – ертеңгі кәсіп иесі. Жастық жігермен жалындаған жастар өміріндегі елеулі сәттерінің біріне айналған өнер мерекесінің басты мақсаты – студент-жастардың талантын ұштап, халыққа таныстыру, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеп, ұлттық дәстүрлерді дамыту. Өнер арқылы жоғары және орта оқу орындарындағы студенттер қауымының достық қарым-қатынастарын нығайта түсу. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне орайластырылған биылғы «Студент көктемі-2017» фестивалі қала өмірін қызық думанға кенелтіп, дарынды жастарды өнер өріне жүздірді. Үздіктің үздігін анықтайтын бұл жобаға шаһардағы 4 жоғары оқу орны, 15 кәсіптік-техникалық колледжінен 700-ге жуық студенттер қатысты. Өздері білім алып жатқан оқу орындарында өткізілген өнер додасынан қара үзіп шыққан жекелеген орындаушылар мен өнер ұжымдары жиналғандар алдында барын салды. Әсем ән мен тәтті күй, мың бұралған би тыңдарманы мен көрерменін тауып, көпшілік қауымның ыстық ықыласына кенелді. Поэзия, флешмоб, бейнероликтер кезеңіне келіп түскен өтініштер саны өте көп. Заманауи би түрлері мен эстрадалық әндер шырқау да байқау шарттарының қатарында.
Сонымен фестиваль қорытындысында өзінің таң қаларлық зор даусымен дүйім жұртты аузына қаратқан Ш.Уәлиханов атындағы Көкше-тау мемлекеттік университетінің студенті Айнара Бұзайбасова «Эстрадалық ән» аталымы бо-йынша жеңімпаз атанды. «Заманауи би» аталымы бойынша А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Сымбат» ансамблі бірінші орынды иеленді. Қазылар алқасының шешімімен өнер бәсекесінде таланттарымен жұлдыздай жарқырап, көпшіліктің көңілін көктем ете білген Көкшетау жоғары медицина колледжі «Флешмоб» аталымы бойынша бас жүлдесін қанжығаларына байлап қана қоймай, өздері білім алып жатқан оқу ордасының абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті. «Аспаптық байқау» кезеңінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Әрсен Сабыров, «Поэзия» аталымында Көкшетау жоғары медицина колледжінің студенті Абылай Наурызхан, «Дизайн» аталымында Көкшетау азаматтық қорғаныс көпсалалы колледжінің студенті Әділ Бакинеев, «Бейнеролик» байқауында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Дастан Дәлелхан, «КТК ойыны» аталымы бойынша Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің командасы, «Брейн-ринг» аталымында А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Жалынды жастар» командасы бірінші орыннан көрінді.
Фестиваль аясында өткізілген «Студент көктемі-2017 аруы» байқауында Көкшетаудағы №1 құрылыс-техникалық колледжінің студенті Марал Қамбарова жеңімпаз атанды. «Фестиваль аясында өткен іс-шаралар студент жастардың ғылыми-зерттеу, әскери-спорттық және шығармашылық қызметтерін арттыруға бағытталды. Сабақ кестесі мен сауық кешін сабақтастыра білген студенттер салтанатты шараға тыңғылықты әзірленген. Мұндай байқаулар студенттердің болашақ бағындырар белестерінің бірінші баспалдағы болмақ»,–дейді қалалық ішкі саясат бөлімінің жетекшісі А.Подгурский. Фестиваль соңында әр аталым бойынша жеңімпаздар мақтау қағаздары және арнайы сыйлықтармен марапатталып, естелік суретке түсті.
Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс