Судья әдебі кодексі сот төрелігін жүзеге асырудың маңызды бөлігі

Мәди КӨШІКБАЕВ,
Көкшетау қалалық сотының төрағасы

Күні кешегі қазақ халқының құқықтық жүйесінде билер сотының мәртебесі мен мәнін айқындайтын бірқатар айшықты қағидаттар мен нормалар қалыптасқан. Олардың негізі халықтың құқықтық түйсігіне терең бойлап, мазмұны мен мәнісіне жете баға берген. Мәселен, «Би төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік». Айтылған ойдың астарлы мағынасынан биікті бағындырып, аққа жаршы болған судьяның тағдыры қандай болуы керектігін ұғуға болады. Жалпы, бүгінгі таңда өркениетті елдерде қалыптасқан өлшемдер негізінде таразыласақ, сот төрелігінің әділдігі және оның жедел әрі толық орындалуы кез келген елдің кемел болмысының көрінісі болып табылады. Ал, оны жүзеге асыратын басты тұлға – судья. Сондықтан, әділдіктің айнымас жолында тер төккен қазыларымыз судья әдебінің нормаларын қатаң ұстануы қажет.

Дана халқымыз «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деп бекер айтпаса керек. Ендеше, ақиқат жолымен жүру, әділ қазылық ету – әрбір судьяның басты парызы. Қазы – халықтың ожданы. Демек, судьяның адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесінен мемлекетіміздің мәртебесі айқындалады деп айтсақ артық болмас. Судья әдебінің кодексі кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және соттан тыс қызметтегі мінез-құлықтың судья үшін міндетті қағидаларын белгілеп отыр. Сондықтан, бүгінгі күні Судья әдебі кодексінің сот төрелігін жүзеге асырудағы алатын орны маңызды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Судьялар одағы жаңа кодекстің жобасын әзірлеуде. Жаңа кодекстің жобасы 3 тараудан, 14 баптан тұрады. Көлемі жағынан бұрынғыдан ауқымды бұл құжатта судья әдебінің нормалары егжей-тегжейлі реттеліп отыр. Яғни, жаңа кодекстің жобасында судьяның кәсіби қызметтегі мінез-құлқына, әкімшілік өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезіндегі және қызметтік міндеттен тыс кезіндегі мінез-құлқына қойылатын талаптар және судьялардың жауапкершілігі арқылы ықпал ету шаралары көзделген.
Судья қызметтік міндеттерін өзінің жеке басының, отбасы мүшелерінің, туыстары мен жақындарының мүдделері үшін пайдаланбауы тиіс (қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, өмірді және денсаулықты, мүлікті қорғау мүдделерінен басқа). Сонымен қатар, оның отбасы мүшелеріне байланысты және судьялық міндеттерін орындауына кедергі келтірмейтін істерден өзге, басқа адамдардың істері немесе өзге де заңды мүдделері бойынша өкілетті өкіл ретінде әрекет жасауға құқылы емес. Сондай-ақ, ол құпиялы сипаттағы материалдық мүдделер туралы хабардар болуға және өзінің отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы ақпарат алу мақсатында ақылға қонымды шаралар қабылдауға, жұмыстан тыс кезінде өзін тәртіптілігі мен адалдығына дақ түспейтіндей етіп ұстауы керек. Судья өзінің дінге қатыстылығын танытпауы тиіс. Сондай-ақ, өз қызметін жүзеге асыру, құқық немесе құқықтық жүйе мәселелері бо-
йынша қарым-қатынас кезінде осыған мүдделі, заң шығарушы, атқарушы органдардың, бизнес құрылымдардың өкілдері болып табылатын белгілі адамдармен қарым-қатынастарда өзінің деңгейін сақтауы керек. Жалпы алғанда судья процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болып, кәсіби беделі күмән тудырмайтындай мінез-құлықты ұстануы қажет.
Жаңа кодекстің жобасы қазақстандық Фемида қызметшілерінің әдеп ережесін реттеп қана қоймайды, осы ережені бұзғаны үшін жауапкершілікті де анықтайды. Мәселен, кодекстің 3-тарауында судья әдебі жөніндегі комиссияның ведомстволық бағыныштылығы, судьялардың жауапкершілігінің негіздері мен оған ықпал ету шаралары көзделген. Сот жүйесін дамытуға, оны сыйлауға және сот тәуелсіздігін нығайтуға үлесін қосатын судьяның өзіне лайықты әдебі болуының маңызы зор. Мұның өзі мемлекеттегі соттың рөлін күшейту, қылмыс-
тық қудалау органдарының қызметін бақылауды кеңейту, қоғамдағы соттар және сот жүйесі туралы қалыптасқан көзқарасты түбегейлі қайта қарау керек екенін аңғартады. Сондықтан, сот жүйесі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын сенімді қалқанға айналуы ләзім. Қазыларымыз абыройы мен бейнесі, адамгершілік тазалығы судья деген жоғары дәрежедегі атаққа сай болуы үшін әрдайым талпынуы қажет.
Судьялар одағының орталық кеңесінің кезекті отырысында судьялардың әдеп қағидалары мен мінез-құлық ережелері кодексінің жобасы таныстырылды. Жобаны судьялар корпусының пікірлері мен тілектерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Судьялар одағының орталық кеңесі әзірледі. Жоба Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңға негізделген. Онда «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы», Халықаралық «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пакт», «Судьялардың іс-әрекеттерінің Бангалор қағидалары» және басқа да халықаралық актілер ескерілді. Әдеп қағидалары мен судьялардың мінез-құлық ережелерінің жаңа кодексін қабылдау Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын нақты орындаудан туындады. Олардың ішінде басты бағыттарының бірі сот реформасы болып табылады. Жоба 5 тарау және 33 баптан тұрады. Онда келесідей тараулар қарастырылған: «Судьялардың іс-әрекеттерінің әдеп қағидалары», «Кәсіби міндеттерді орындау кезінде судьяның іс-әрекеттерінің әдеп ережелері», «Судьяның отбасындағы және тұрмыстағы іс-әрекеттерінің әдеп ережелері».
Кодексте орын алған қағидалар және ережелер атқаратын қызметтерінен тәуелсіз барлық судьяларға, сонымен қатар отставкадағы судьяларға міндетті болады. Судьяның әдеп қағидалары мен ережелерді бұзу фактісі азаматтардың және ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің лауазымды тұлғаларының өтініші бойынша қабылданған сот қоғамдастығының уәкілетті органы шешімінің негізінде ғана расталуы мүмкін. Одан басқа уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары бойынша жеке бастамасымен судьяның әдеп қағидалары мен іс-әрекеттер ережелерін бұзу фактісін қарастыруға құқылы. Қазақстан Республикасы Судьялар одағының орталық кеңесі аталған жобаны талқылап, оның негізгі ережелерін мақұлдады. Жоба көпшілік тарапынан талқылану үшін жарияланатын болады. 2016 жылғы қазанда соңғы редакцияда судьялардың әдеп қағидалары мен іс-әрекеттері ережелерінің кодексін қабылдайтын Судьялар одағының кезектен тыс VII съезі өтеді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс