Су тасқынына дайындық басталды

«Осындай апатты жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мекеме өкілдері қазірден бастап дайындықты пысықтауға көшті», – деді Үкімет
отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Су тасқыны болған жағдайда іске кірісетін жедел бригадалар құрылған. Олар 2 мыңнан астам арнайы теxникамен жабдықталған. Сондай-ақ, ішінде инертті материалдары бар 56 мың қап әзірленіпті. Сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде теxниканың жұмысын бір сәтке де тоқтатпас үшін 360 мың тонна мөлшерінде жанармай қоры жасақталған. Ал, энергокәсіпорындар су басу қаупі жоғары аймақтарда электр желілерін тексеруді қолға алды. «Қазгидромет» 1 наурыздан бастап апта сайын синоптикалық деректердің негізінде гидрологиялық болжам ұсынуды бастайды. Жағдай күрт өзгерсе, жиілік 3 күнге дейін қысқаруы ықтимал.

Жыл сайын көктемде қар еріп, өзен тасығанда елді мекендерді әуреге салатыны белгілі. Шығыс Қазақстан  облысы  қызыл судың алдын алуға ерте қамданып, арнайы жол картасын әзірлепті. Биылғы жұмыстарға қазынадан 2 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінеді екен. Естеріңізде болса, былтырғы көктемде 6 қала мен 12 аудан су тасқынынан зардап шекті. Мыңнан астам тұрғын үйге су кіріп, оның 128-і тұруға жарамсыз болып қалды. Ал, Үкімет есебінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға қосымша қаражат бөлінгені белгілі.  Былтыр тасқын су Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан тұрғындарын да әуреге салған болатын. Атбасардағы Жабай өзені де көктемде арнасынан аспауы мүмкін. Жергілікті билік өкілдері биыл осындай болжам жасап, үміттеніп отыр. Оған негіз бар. Жабайдағы қорғаныс бөгетінің бұзылған 6 жері қалпына келтіріліп, қауіпті деген тұстары нығайтылды. Сондай-ақ, «Атбасар-Қима» тасжолының бойынан секундына 40 текше метр суды өткізе алатын құбыр салынды. Атбасар қаласының әкімі Марат Асқаров тілшілерге берген сұхбатында: «Біз бірінші кезекте өзеннің Алматы-Екатеринбург халықаралық тасжолы мен теміржол көпірі арасындағы аумақты тазаладық. Бұл – 3 мың метр жер. Ал, өзеннің табанын 1 метрге дейін тереңдеттік. Бұл жұмыстар жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жүргізілді. Яғни, әкімдіктен бұған ешқандай қаржы қарастырылмаған»,– деді. Петропавлда биыл жалпы ұзындығы 12 шақырымнан асатын жаңа суағар жүйесі салынады. Бұл жұмыстар қала шетінде орналасқан «Жұмысшы кентінде» жүргізіледі. Өйткені, бұл шағын ауданды әр көктем сайын су басатын көрінеді. Енді республикалық бюджеттен 320 миллион теңге қаржы бөлініп, сәуір-мамыр айларында құрылыс жұмыстары басталмақ. «Жалпы, қазіргі таңда өңірде көктемгі су тасқынынан қауіп жоқ», – деп топшылап отыр мамандар.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий