Су тасқынына дайындық қатаң бақылауда!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин өңірдегі су тасқынына байланысты жағдайды тереңірек зерттеу үшін тікұшақпен аралады. Бұл жолы Шағалалы, Астана және Бірсуат су қоймаларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, өңір басшысы Атбасар қаласындағы мамандандырылған автокөліктер байқауына қатысты.

2

Су тасқынына байланысты қалыптасқан жағдайға орай облыс әкімі Мәлік Мырзалин өз ойын былайша білдірді: «Бүгін біз су тасқынының қаупі мол 6 ауданның аймағын тікұшақпен бақылап шықтық. Жалпы алғанда, өңірде дайындық жұмыстары өткен жылдың жазғы-күзгі маусымынан бастап жақсы деңгейде ұйымдастырылған. Атап айтқанда, барлық аудандарда инженерлік-сақтандыру шараларының кешенді іс-шаралары жүргізілді. Мәселен, Атбасар қаласында су тасқынынан қорғайтын жалпы ұзындығы 9,5 километр дамба салынды». Өңір басшысы атап көрсеткеніндей, су тасқынына байланысты төтенше жағдайдың алдын алу және оның зардаптарын жою үшін жергілікті бюджеттен 900 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 12 километр канал тазартылып, 32 километр дамбалар жөнделіп, оның қорғаныс бекеттері нығайтылды. Қосымша 13 су өткізетін қондырғы орнатылып, жаңадан 1,6 километр дамба жасалды. Өзендердің қауіпті аймақтарында мұзды жару жұмыстары жүргізіліпті.
Алдағы сынаққа дайындық ретінде 23,7 мың тонна инертті материал, 102 мың қап-ыдыс, 268,3 тонна жанар-жағармай, 16,7 тонна азық-түлік тағамдары дайындалған. Сонымен бірге облыстың елді мекендерінен 850 текше метр қар тазартылды. Жолды бақылаумен айналысатын кәсіпорындар ондағы көпірлер мен су өткізетін қондырғыларды тазарту ісімен айналысуда. Бұл жұмыс таяу арада аяқталуға тиісті. Төтенше жағдайға облыс бойынша 2588 адам, 1220 бірлік техникасы және 66 су үстінде жүзіп әрекет жасайтын құралдар жұмылдырылмақ. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ішкі істер органдарының бөлімшелерінің көмегімен құрамында 485 адам, 103 бірлік техникасы және 5 су үстінде жүзіп әрекет жасайтын құралдары бар арнайы топ жасақталды. Өзендердің қауіпті деген учаскелерінде арнайы бекеттер қойылды. Егер жағдай тым шиеленіскенінде еліміздің басқа аймақтарындағы ұлттық гвардия мен төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің бөлімшелері көмекке келеді деп ұйғарылды. Қар мен ылғал қорының молдығына байланысты Атбасар, Астрахан, Аршалы және Целиноград аудандарында қауіпті жағдай сақталуда. Жалпы, өңірдегі су тасқынына байланысты мәселелер өңір басшысының қатаң бақылауында екендігін ерекше атап өткіміз келеді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс