Су тасқынының алдын алуға тыңғылықты дайындалудамыз

Жаман айтпай жақсы жоқ. Қар көбесі сөгіле бастаған кезде қызыл су көбейіп, өзен-сулар арнасынан асады. Судың молдығы шаруашылыққа жақсы болғанымен, кейде бұдан да зиян шегіп жататын кездеріміз болады. Облыс аумағында көктемгі су тасқынына қарсы дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Қазір аймақта су тасқыны қауіп төндіруі мүмкін аймақтар белгіленген. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, подполковник Алексей Советовтың қатысуымен 8 ақпанда өткен брифинг барысында су тасқынының алдын алуға қатысты бірқатар көкейтесті мәселелер кеңінен талқыланды.

Қардың көп түсуіне қарағанда биыл Атбасар, Сандықтау, Астрахан, Зеренді, Шортанды және Целиноград аудандарында су тасқыны қаупі бар. Оның алдын алу үшін кәріздер мен жылғалар тазартылып, қоймалардағы су деңгейі тұрақты қадағалануда. 2017 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Астана, Сілеті, Шағалалы су қоймалары қатаң бақылауға алынып отыр. Өзен арналарында жаға бекіту және тереңдету жұмыстары атқарылып, арналар тазартылыпты. Осы уақытта ауыл-аймақ тасқыннан жапа шекпеу үшін қоймаларда жиналған суды ағызып жіберуде мұқият болу қажет.
– Жыл сайын атқарылып жүрген жұмыс болғандықтан биыл да көктемгі су тасқынына қарсы шаралар уақытында қолға алынады. Ғимараттарды су шайып кетпес үшін арықтар қазылып, үйлер аумағындағы қар уақытында
сыртқа шығарылуы тиіс. Сондай-ақ, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 14 мың тонна инертті материалдар, 50 мың қап, 149 тоннадан астам жанар-жағар материалдары әзірленді, – дейді Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов. «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша аймақтағы жағдайға бақылау жасау үшін 45 метеостанция, 29 гидробекет жұмыс істеуде. Қауіпті саналатын Коко, Жабай, Сарықамыс, Талқара, Жыланды, Есіл, Қылшақты, Колутон, Шағалалы, Нұра, Қайрақты, Қызыл су, Жолболды және Бақсұқ өзендеріндегі су деңгейін бақылау үшін қосымша 80 бекет құру жоспарлануда. Ақпан айының үшінші онкүндігінде республикалық, облыстық маңыздағы автомобиль жолдарына тексеріс жүргізіледі. Биыл су тасқынының алдын алу мақсатына 47 миллион теңге бөлініп отыр. Аталған қаражатқа өңірдегі қауіпті аймақтар тікұшақпен бақыланып, ғарыштық мониторинг жасалады. Өзендердің арналарында жару жұмыстарын жүргізу сияқты және өзге де шаралар жүзеге асырылатын болады. Қыс басталған уақыттан ақпан айына дейін облыстың елді мекендерінен 323,6 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыстар әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Болжам бойынша биылғы көктемгі су тасқыны өткен жылғыдан кем болмайтын түрі бар. Тиісті мекеме өкілдері қазір бір адамдай жұмылып жұмыс жүргізіп жатыр. Аймақтағы қауіптілігі жоғары бөгеттер қатаң бақылауға алынып, сақтық шаралары күшейтілуде. Ақпан айының 25-інен бастап бөгеттер мен өткелдердің, арықтардың арналары қар мен қоқыстан тазартылады. Су басу қаупі жоғары өткелдерден тұрғындардың әрлі-берлі өтуіне және балық аулауына тыйым салынады. Мұндай аймақтарға арнайы ескерту белгілері орнатылмақ. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайға сақадай-сай. Қажетті мөлшерде жүзу құралдары да жеткілікті. Егер топан су келсе, облыстық және қалалық, аудандық штабтар жұмылдырылатын болады. Жедел топтар су тасқыны жағдайын тексеріп, бағалау және қажетті күштерді жұмылдырумен айналысады. Департамент қызметкерлері азаматтарды су тасқынының қаупі мен су басуға қарсы күрес шаралары туралы хабардар ету мақсатында рейдтер өткізуде. Су тасқыны кезіндегі әрекеттер туралы 12 мың жадынама басып шығарылыпты. Көктемгі су тасқынына байланысты облыста арнайы штабтар құрылып, белгіленген іс-шаралар жоспардағы кестеге сай атқарылуда. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар департаменті атқарылған істерге тұрақты мониторинг жасап, елді-мекендерді қардан тазарту, суағарлардың, техникалардың дайындығын бақылауда ұстауда. Арнайы жаттығулар да дүркін-дүркін өткізілуде. Атқарушы органдар мен коммуналдық қызмет, ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында меморандумдар мен келісім-шарттар жасалған. Департамент қазірдің өзінде 574 дана инженерлік, 315 дана су тартқыш техника мен 64 бірлік жүзу құралдарының іске кірісетіндігін алға тартып отыр. Авариялық-құтқару жұмыстарына 2588 адам мен 1926 дана техника жұмылдырылатын болады. Оған қоса, төтенше жағдай туа қалса, жедел әрекет ететін қосымша жасақ бар. Бұл жасақтың құрамында 605 адам мен 105 бірлік техника біріктірілген. Қыс басталғалы облыста жол қозғалысына 80 рет шектеу қойылды. Департаменттің диспетчер бөлімшесіне жолда қалған тұрғындардан 15 мың қоңырау түскен. Республикалық маңыздағы қауіпті жол учаскелерінде жұмыс істейтін 3 медициналық-құтқару пункті арнайы реанимобильдер, медициналық құралдармен қамтылған.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс