Су тасқынының қаупі артып отыр

Өткен аптада Ақмола облысында 27 төтенше жағдай тіркелген. Өңірде күн райының күрт құбылуына байланысты бірқатар тасжолдар жабылып, төтенше жағдай және полиция қызметкерлері 1600-ден астам автокөлікті діттеген жеріне жеткізіп салған. Арнайы брифингте төтенше жағдай мамандары ауа райы болжамын жіті қадағалап, жолда абай болуға шақырды. «Ақпанның 1-і мен 7-сі аралығында Ақмола облысы аумағында 27 төтенше жағдай тіркелді. Оның екеуі табиғи, 25-і техногенді сипатта. Төтенше жағдай департаментінің бөлімшелері 50 шұғыл құтқаруға шықты. «Қазгидрометтің» облыстық филиалы ұсынған мәлімет негізінде 5 ескерту жарияланып, Төтенше жағдайлар департаменті смс хабарлама арқылы 5 млн абонентке ескерту жолдады. 112 қауырт желісіне 7 мыңнан астам қоңырау шалынды. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда екі есе көп», – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев. Жүргізушілердің жолда қалуын болдырмау үшін республикалық маңызы бар 12, облыстық маңыздағы 24 бағытта жол жабылды. 1600-ден астам көлік ұйымдастырылған автотізбекпен жеткізілді. Атбасар ауданында 1 жүргізуші жедел іздестірілді. Бурабай ауданында жол апаты тіркеліп, көлік отқа оранған. 7 ақпан күні Макинск қаласындағы «Қазақстан теміржолына» қарасты ғимараттың шатырын жел аударған. Сонымен қатар, облыс аумағында көктемгі су тасқынының қаупі артып отыр. Өңірде көктемгі су тасқыны қаупі аумағында 125 елді мекен орналасқан. Оларда 17 мың тұрғын бар. 71 автокөлік жолы мен 4 теміржол торабын су басу қаупі бар. Синоптиктер ұсынған мәлімет бойынша облыс аумағында ақпан айы көпжылдық орта деңгейден 1 градусқа жылы болады. Ақпан, наурыз, сәуір айларында жауын-шашынның күрт арту қаупі де жоғары дейді мамандар. Есіл, Жабай және Қалқұтан өзендерінде су деңгейі қалыпты мөлшерден 19-дан 46 пайызға дейін төмен. Шағалалы мен Сілеті өзендерінде су көлемі 6,8 пайызға жоғары.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий