Су тасқыны қауіпті аймақтар жіті бақылауда

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев Красный Яр селосында болып, көктемгі су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныс-ты. Әлі де шешімін таппай отырған өзекті мәселелерге назар аударып, тиісті мекемелер мен ведомстволарға нақтылы тапсырма берді.

Су алып кету қаупі басым өңірлердің қатарындағы Красный Яр селосында төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстары уақытында басталды. Тиісті мекеме өкілдері қазір бір адамдай жұмылып жұмыс жүргізіп жатыр. Көпірге жақын шеткі көшелердің бірқатар үй-жайларын су басу қаупі бар. Қазір шеткі аумақта қиыршық тастан үйінді жасалуда. Бөгеттер қатаң бақылауға алынған. Оның ішінде жалпы сыйымдылығы 1,5 миллион текше метр болатын Шағалалы су қоймасына сақтық шаралары күшейтілген. Бөгеттер мен өткелдердің, арықтардың арналары қар мен қоқыстан тазартылуда. Тасқын болған жағдайда селода тұрғындар мен төрт түлікті қауіпсіз жерге көшіретін орындар да дайындалыпты. Сонымен бірге аймақтағы қауіпті деген барлық су қоймаларының жағалауында мамандар тәулік бойы кезекшілік етуде.
Қала басшысы Красный Ярдың іргесіндегі Нұрлы көш ауылын аралап, тұрғындар мен жергілікті биліктің көктемге дайындығын тексерді. Биылғы қыста қар әдеттегіден едәуір қалың түсті. Тау-тау боп үйілген қар әлі ери қойған жоқ. Тұрғындардың барлығына алдын ала ескерту жасалған. – Бәрі енді ауа райына байланысты. Қар бірден ерісе қиын болады. Өткен жылдары біраз қиындық көрдік. Үйдің маңайын қардан тазарту, арықтарды ашу керектігін біледі жұрт, – деді селолық округ әкімі Базарбай Әбуов. Қала басшысы ауа райының тосын мінезіне тас-түйін дайын болу керектігін атап айтты. Сондықтан су басу қаупі бар тұрғын алаптары, әсіресе, жеке тұрғын үй секторлары ерекше қадағалануы қажет. Тұрғындарға жеке меншігіндегі аумақты тасқыннан сақтандырудың қарапайым жолы – аулаларындағы және үйлерінің шатырындағы қарларды уақытылы тазарту екені түсіндірілді. Күн нақты қай уақытта жылынатыны белгісіз болғандықтан, қала әкімі аяқ астынан су басу қаупінің туындауын және қардың күрт еруін ескеру керектігін жеткізді.
«Қазгидрометтің» алдын ала жасаған болжамдарына сенсек, биыл өзен-көлдерде су қоры мол болуы мүмкін. Күн күрт жылынып кетсе бірқатар өзендер арнасынан асып, жұртқа қауіп төндіруі мүмкін. Бұл бағытта Шағалалы су қоймасындағы шлюздерді тазарту, дамбаларды биіктету жұмыстары жүргізілді. Жағалаудағы топырақ бекінісінің жағдайы қалыпты дейді мамандар. Сондықтан Шағалалы су қоймасы биыл тосын мінез танытпауға тиіс деп күтілуде. Ендеше, өткен жылдардан сабақ алып, жағдайды бақылауда ұстап отырған жөн. Өзендер мен арықтардағы кезекшілік тәулік бойы жұмыс істеуі қажет. Қар қалыңдығы мен мұздың еруін бақылауда ұстау маңызды. Барлық гидротехникалық құрылымдар, шлюздар мен тоғандарды тағы бір мәрте тексеру қажет. Сапар соңында қала әкімі шіркеу құрылысының жұмыстарымен танысып, бірқатар тапсырмалар берді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс