Сыйластық – бақыт бастауы

50 жыл бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп, биыл алтын тойын атап өткен Николай мен Зинаида Макаренко туралы үзік сыр.

Қашан көрсең Зинаида әжей күлімсіреп, хал-жағдайыңды сұрап, жарқылдай күліп тұрғаны. Үйіне келген жанды жатсынбай, бірден төрге оздырады. Дастарханнан дәм татқызады. Николай атай болса, әңгімеге тойдырады. Көп біледі, көп оқиды. Өрімдей қыз бен тепсе темір үзетін жігіт ағасы Көкшетауда табысыпты. Қандай жұмыс болса да тартынбай, бел шеше еңбек етіпті. Әлі күнге дейін тынымсыз тірлікпен күн кешіп келеді. Егде тартса да еңкеймей, бау-бақшасын баптап, жеміс-жидегі мен көкөністерін қысқа сайлап, дастарханын дәм-тұздан айырмай, молшылық пен тоқтықта тұрмыс кешуде. Өйткені, екеуі де соғыстың зардабын тартқан, аштық пен жалаңаштықты көрген. Бір түйір нанды жерге тастамай, үнемшілдік пен ұқыптылыққа үйренген. Тар заманның тар шеңберінде қалып қоймай, жомарттық мен адамгершілікті ар тазалығымен тоқайластырған. Ұрпақ өрбіткен, солардың жолына барын салған. Ниеті таза, ақпейіл жандар жақында алтын тойын атап өтті. Ұлан-асыр етіп жасамаса да, жақындары мен достарының басын қосты. Елу жылды бірге еңсерген ерлі-зайыпты Николай мен Зинаида Макаренконы құттықтап, жақсы тілектермен шаңырағы нұрланған отбасының қуанышын бірге бөлістік.

Николай атайдың ұлты украин, Зинаида әжей – белорус. 30-шы жылдардың соңын ала дүниеге келген екеуі де соғыс тауқыметін көзбен көрген, куәсі болған. Неміс басқыншыларынан көп жапа шегіп, қиыншылық көрген украин, белорус халқы екені белгілі. Түгел деревнялар жаудың құрсауында қалып, әр сәт сайын үрей мен қорқынышты басынан кешірген олар сол кезеңді әлі күнге дейін көзіне жас ала отырып әңгімелейді. Белоруссияның Могилев облысына қарасты, Быковский ауданында Зинаида әжей анасы және құлағы нашар еститін ағасымен фашистердің лагерінде 6 ай болыпты. Көрген қиыншылықтары есіне түссе, жылап қоя береді. Құлақ тұнатын бомбалар мен зуылдаған снарядтардың оғынан жасырынып, жерастын паналаған тұстарын жүрегі сыздап еске алады. Тіпті, сол уақытта білім ала алмай қалғанына әлі күнге дейін өкінеді. Бірақ анасы оны үй шаруасына үйретіп, тазалық пен ұқыптылыққа баулыпты. Ең бас-тысы, адами қасиетін жоймауға тырысыпты. Тауқыметке толы тағдырының кей тұстарын еске алғысы келмейді. Бірақ «Басқа түссе баспақшыл» деген де бар ғой. Ағаш кесуге барып жүрген жарымжан ағасы бөрененің астында қалып жан тапсырғаны да жүрегіне салмақ салған. Деревняда ауыр жұмыстарды істей жүріп, жетілген Зинаида Қазақстанға алпысыншы жылдары қоныс аударыпты. Оқығаны-тоқығаны жоқ жан төлқұжатын біздің елге келгесін ғана рәсімдепті. Өзін қазақпын деп есептейді. Қандай жұмыс болса да арланбай, зейнетке шыққанша еңбек етіпті. Ал, Николай атайдың әкесі соғыс басталғанда қан майданға аттаныпты. Деревняда қалған шиеттей бала-шаға ауыр жұмыстарға тартылыпты. Аш-жалаңаш жүрген олар, тіпті қызылшаның торайларға беретін шөбін жеген күндері де болыпты. Әкесі 1947 жылдары соғыстан аман-есен оралып, омыртқасына тиген оқ отамен алынып, денсаулығы түзеліпті. Тұралаған шаруашылықтарды қалыпқа келтіру жұмыстарына олар да тартылыпты. Алдымен атқа мініп, кейін трактордың тілін меңгеріп, Қазақстанға тың игеруге жастарды жөнелтіп жатқанда, бозбала Николай да жолдамамен келіпті. Солтүстік өңірге келген жігіт түрен салынбаған даланы жыртып, оны өңдеуде көрген қиындықтарын әлі күнге дейін ұмытқан емес. Осылайша қазақ жеріне сіңісіп, бауыр басып, қонақжай халықтың салт-дәстүрін үйреніп, біздің елде тамыр жайыпты. Құрылысшы, краншы болып жүріп, зейнетке шыққан.
Алтын той иелерін құттықтай келген достары Валентина мен Миргарифян Биктимировтар да өз лебізін жеткізді. «47 жылдан бері Зинаидамен арамыздан қыл өтпейтін құрбымыз. Кезінде перзентханада танысқан едік. Екеуміздің ұлымыз бен қызымыз түйдей құрдас», – дейді Валентина әжей әңгімесін әрі қарай жалғастырып. «Үнемі кездесіп, сырласып тұрамыз. Өте еңбекқор, адал, аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл, қонақжай жандар. Үйіне келген адамды бос қайтармайды, барын алдына салып, дәм ауыз тидіретін қасиеті – өмір бойғы қалыптасқан дәстүрлері. Ниеті түзу, асыл жандар. Сондықтан болар жолдарында ылғи жақсы адамдар жолығады». Зинаи-да әжей қазақтың етін асып, қамырын жайып, бауырсағын пісіріп, түрлі дәмдерін дайындау-ды әдетке айналдырған. Бұл жолы да солай болды. Қысқа қажетті салаттарын өзі дайындай беретін қария бір байыз тауып отыра алмайды. Омбыда тұратын сүйікті қызы Катясына хабарласып, амандығын біліп, көзінің жасын бір сығып алатыны тағы бар. Қажет уақытта ата-анасының жанынан табылатын ол да қалт етсе қоңырау шалады. Балаларын жетектеп әкеліп, ата-әжесіне маңдайынан бір иіскетіп қайтады. Ресейдің тағы бір түкпіріндегі ұлынан хабар күтіп жүріп, уақыттың қалай зымырап өте шыққанын да сезбей қалады. Қариялар өздері ғана тұратындықтан, оларға көмектесіп жүретін әлеуметтік қызметкер Нұржамал өз қызындай болып кеткен. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің мейірбандығы мен адалдығына ол да тәнті екенін айтып жатыр. Көршілерімен тату жандарға қарайласып жүретіндер көп. Өйткені, өздерінің ниеттері таза. Николай атай бізді көпке дейін жібермеді. Әңгімесімен қызықтырды. Оқығаны көп қария түрлі саладан хабардар. Бала жасынан тарих пен география пәндерін сүйіп оқығандықтан, тарихи шығармаларды ұнатады, түрлі елдер жайлы мағлұматы мол, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар, саяси сауатты. Қандай тақырыпты алсаң да, сыр бөлісе жөнеледі. Бұл жолы гипноздың құдіреті жайлы айтты. Адамның санасын қаншалықты жаулап алуға болатынымен бөлісті. Көкшетау қаласының тарихына бойлады. Көпшілік біле бермейтін тың деректерді ортаға салды. Атайдың қызықты әңгімесін жалықпай тыңдаған біз оқығанның көңілге тоқығаны көп екенін мойындадық.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс