Сырдың халқы Еркінді ардақтайды

Бүгінгі күні осыдан бас-аяғы ширек ғасырдай бұрын өмір сүрген кеңестік жүйені тұтастай іске алғысыз ететін саясаткерлер де, өткенге парасаттылықпен қарап, ақыл-ойдың әділетті таразысына салып, тарихтан тағылым алып, қазіргі кездің қажетіне жарайтын рухани құндылықтарды ретті пайдаланып жүргендер де жоқ емес. Тарихи тұлғалар туралы да осындай құбылыстардың болып жататыны заңдылық. Алайда, қоғамдағы көзқарастарды реттеудің, оған тиісті баға берудің өзіндік күні туады. Уақыттан мықты төрешіні әзір ешкім танып, біле қойған жоқ.

Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдардың докторы, профессор

Қызылорда облыстық партия комитетін 1985-1989 жылдар аралығында басқарған, артында бедерлі өшпес із қалдырған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы өз кезінде де, кейін де бірыңғай пікірдің болмағаны рас. Бәлкім ол да заңды шығар. Неге біз қоғамда болып жатқан әлеуметтік құбылыстардың барлығына бір үлгі іздегіміз келеді? Таба алмаймыз. Әуре боламыз. Әр адамның шындыққа өзінше таласы бар. Оны мо-йындамау әділетті бола қоймас. Дегенмен, барды көре алмау, шындыққа сене алмау – пенденің кемшілігі. Шынында, Еркін Нұржанұлы Әуелбеков кім болды? Неге көпшілік пікір оны көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің қатарына қосады? Бәлкім бұл құрмет Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық депутаты, Одақтық және Қазақстан Орталық Комитетінің мүшесі болғандығынан болар-ау. Бұған келісе отырып, айтпағым, Ерекең – жоғарыдағы биік лауазымдардың жеңіл ғана иесі емес, ерен еңбегімен, маңдай терімен, қажырлы қайратымен, парасат-пайымымен, сергек ақыл-ойымен ерекшеленетін шынайы саяси қайраткер. Сыр бойына келгенше республиканың түрлі билік органдарында басшы қызметтер атқарған, министр, Көкшетау, Торғай облыстарында партиялық биліктің тұтқасын ұстаған Еркін Нұржанұлы Қызылорда обкомының бірінші хатшылығына сайланғанда нағыз басшы ретінде кемеліне келген-ді. Меніңше, Ерекеңді республикалық деңгейдегі билік Сыр бойына жібергенде басты байлығы тек күріш болып отырған елді көтере қойсын демеген шығар. Әділетсіздікке қасқиып қарсы тұратын, биік мінберлерде лауазыммен есептесе бермейтін қайсар тұлға жөнінде өз есептері болды ғой.
Еркін Әуелбековтің Сыр еліне келуі жаңа заманның жанға жайлы самал желі соға бастаған кезбен тұстас болды. Бұл жетпіс жыл өмір сүріп, заманның ағымымен санаса қоймай, жалпы адамзат дамуының тиімді тәсілдерін мойындамаудан Кеңес Одағының тоқырауға ұшырап, қоғамдық жүйені қайта құрудың қажеттігі туа бастаған уақыт болатын. Сондықтан да бұрыннан да батыл іс-қимылдарынан хабардар облыс жұртшылығы Ерекеңді жақсы қабылдады. Өзін Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлаған VII пленумда қысқа ғана төрт азат жолдан тұратын сөзінде Еркін Нұржанұлы: «Әр облыстың өзіндік ерекшеліктері мен жағдайлары болады, оны біз ескеруіміз және күнделікті ісімізде пайдалана білуіміз керек. Мен қаншалықты маңызды әрі ерекше міндеттердің тұрғанын терең түсінемін және үлкен жауапкершілік сезіммен жүзеге асыруға тырысамын», – деген еді. Ерекең уәде үдесінен шыға білді. Ел де жаңылған жоқ-ты. Ол өзіне тән іскерлікпен, қажырлылықпен, ерекше дарындылықпен жаңа іске құлшына кірісті. Содан Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына терең талдау жасай отырып, оны тығырықтардан шығарудың сан салалы тиімді жолдарын жалықпай іздеді. Тапты. Ол ең алдымен өңірдің өзіндік мүмкіндіктерін пайдаланды. Мәскеудегі орталық партия және мемлекеттік органдардың Қызылорда облысына пайда беретін бірнеше құжаттар қабылдауына қол жеткізді. Солардың ішінде, мысалға 1986 жылғы 25 желтоқсандағы КСРО Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету шаралары туралы», КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1988 жылғы 19 қыркүйектегі «Арал теңізі аймағындағы экологиялық және санитарлық жағдайды түбегейлі жақсарту шаралары, осы бассейндегі су және жер ресурстарын пайдалану мен қорғауды күшейтудің тиімділігін көтеру туралы» қаулыларын атап кетуге болады. Міне, осындай қажырлы жұмыстардың арқасында «Арал – экологиялық апат аймағы» деген мәртебеге ие болып, осы өңірдегі адамдардың жалақысына 15 пайыздық қосымша қосылды. Облыстың үшінші категориядан екіншіге өтуі де елеулі оқиға болды. Мұның бәрі жұртшылықтың көңіл-күйін де ерекше көтергені белгілі.
Еркін Нұржанұлының Жезқазған жеріндегі «Құмкөл» мұнай кенішін облыстың мүддесі үшін ұзақ жылға жалға алу туралы келісімге қол жеткізуі Сыр бойы халқының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін көтеруге қаншалықты пайдалы болғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Сол кездері іске кіріскен, өңірдің экономикасында өзіндік орны бар «Шалқия» кенішінің ашылуы, аэропорт, жүздеген тұрғын үйлер, тағы басқа нысандардың салынуы көңілге шуақ себелейді. Облыс басшылығының мерейін өсірді. Сыр бойының мәдени өміріне де айтулы үлес қосылды. Елеулі-елеулі әлеуметтік нысандар – мектептер, мәдениет үйлері бой көтерді. Бүгінгі облыстың рухани орталығының бірі болып отырған Нартай Бекежанов атындағы музыкалық-драма театры да сол кездің туындысы-тұғын. Мұндай мол шаруа тек Ерекең сияқты ерлердің ғана қолынан келетін. Еркін Нұржанұлы рухани дүниесі де бай жан болатын. Рас, сол кезде солтүстік аймақтарда Ресей үстемдігі басым болып, қазақ өз елінде отырып, ұлттық саясаттың бұрмаланғанынан көп нәрседен мақұрым қалған жағдайда оның әуелгі кезде ұлттық құндылығымыздың ең басты өзегі – қазақ тілінде еркін сөйлей алмағанын түсінуге болады. Бірақ ол кісі ұлттық рухы айрықша биік, ұлттық намысы ерекше жоғары тұлға еді. Бұл бөлекше адами қасиеті айқын байқалатын. Бірде Төретамда орналасқан Ленинск қаласының канализация жүйесіндегі суын Сырдария өзеніне ағызып жібергенде Ерекең Мәскеуден, Ленинскіден шақыртқан кеуделеріне нан пісетін генералдарды қабылдау бөлмесіне топырлатып қойғанын көргендер қазір де жоқ емес. Еркін Нұржанұлы туралы әлі де айта беруге болар еді. Алайда, осылардың өзі оның ерен қайраткерлік болмысынан хабардар ете алады деп ойлаймын. Осылай берісі облысымыздың, әрісі республиканың әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына ерекше үлес қосқан қайсар қайраткердің жалғыз ғана құпиясы бар еді. Бұл – әркез өз мүддесінен халық мүддесін асқақ қойып, облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алғандығы болатын. Көрнекті мемлекет һәм қоғам қайраткерінің өмірлік мұратының терең мәні де осында жатыр еді. Міне, осындай абзал жан, дара тұлға есімінің Қызылорда қаласындағы бір мектепке берілуі – үлкен мәртебе. Бұған мұрындық болған облыстық әкімшілікке Ерекеңмен азын-аулақ қызметтес болған біздер ризашылығымызды білдіреміз. Енді ұлы тұлғаның есімі өзінің бар қажыр-қайратын арнаған Сыр елінің халқымен бірге жасай беретін болады.

Астана қаласы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс