Сыршыл жыр, сұлу әндер жадымызда

Қазақтың жез қанатты жезкиігі атанған ақын Кәкімбек Салықов 22 қаңтарда 85 жасқа толды. Кәкімбек – сезінгенін іркіп қала алмайтын, қуанышына да, ренішіне де оқырманын ортақтастыра алатын шын сезім ақыны. Туған өлке сұлулығын Кәкімбек оның аққуынан, жезкиігінен, ақмаралынан таниды.

Кәкімбек Салықов есіміне бала кезімізден қанық болдық. Сонау жетпісінші жылдары «Жезкиік», «Аққу әні», «Сағыныш» сияқты ой тылсымына, сұлу сезім мен ақсамал әсерге бөлейтін әдемі ән мәтіндерінің авторы ел ішінде ерекше ілтипатпен, әлдебір сағыныш, құрметпен аталатын. Сол жұрт ойға бөгіп, тамсана тыңдайтын сыршыл әндер авторы жөнінде небір аңызға бергісіз әпсана-әңгімелер айтылатын. «Құла дүзді кезген жезбауыр киіктердің ішінде ғашығына қосыла алмай, құса болып, киелі киіктерден пана іздеген ару қыз күн кешеді екен. Ол тек сезімі сергек Кәкімбек сияқты ақындардың көзіне ғана көрінеді екен», «Үлкен лауазымды қызметкер ел ішіндегі қарапайым бір қызға құлай ғашық болып қалып, сол аңсарын осы әнмен жеткізген көрінеді. Өзі үлкен қызметтегі адам көрінеді», «Көл жиегіне келсе, аққулар қосарлана билеп, жүріп алады екен» деп небір әңгіме шертетін. Расында да Кәкімбек ән-жырларының сюжеті, оның жеткізер ойы, сөзбен салынған суреті өзге туындылар құрылымына ұқсамайтын. Сезімнің тереңнен тартылған әлдебір қылын шертіп, көңіл толқытып, сұлу бітімімен арбайтын. Бұрын қадам баспаған жаңа бір әлемнің есігін ашқандай арбалатынсың. Ол әлемнен көрерің тазалық, сұлулық, қазақы әдеп, қазақы мәрт мінез… Мәдениет ошақтарына концерт көруге жиылған жұрт: «Қашан «Жезкиік» айтылар екен, шіркін?!» – деп күтіп отыратын. Бүгін ойлап қарасақ, ол өнер адамының үлкен бір табысы, айбынды жеңісі екен де, ондай шығарманы туғызған адам туралы небір аңыз, алыпқашпа әңгімелердің айтылуы заңды екен. Өйткені, туынды мыңдаған-жүздеген қаламгердің қолынан келмес тылсым қуатты құбылыс болып дүниеге келді. Демек, оны тудырған жанның да қарапайым болуы мүмкін емес дегеннен бастау алатын қиял ұшқындары. Таланттар туралы қашанда халық туғызар әңгіме бола бермек.
Енді ойласақ… Жоғары лауазымды партия қызметкері туралы оның Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай елінен шыққан, Арқаның ән бесігінде тербеліп өскен, құнарлы топырақтан нәр алған, солардың ғажайып өнерін жалғастырушы, алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы екендігі айтыла бермейді екен ғой. Оның Ақан серіге жақындығы бар, Үкілі Ыбырайдың аталас немересі, ақын Мұса Асайыновтың туған бөлесі екенін, Үкілінің шәкірті, халық ақыны Молдахмет Тырбиевтің Ыбырайдың әндерін жаттатқызып өсіргенін, Көкше бөктеріндегі әйгілі Айыртаудың тумасы екендігін былайғы жұрт қайдан білсін? Ол кез Үкілі Ыбырай есімі наихатталмайтын. Хабар-ошар аз, арнайы мақалалар жазылмаған соң көпшілік өз болжамдарын туындатады-дағы. Әйтпесе, лауазымды партия қызметкері, биіктегі басшының осындай қазақтың жанына жақын, қарапайым да асқақ, көңіл тербетіп, жүрек қозғар жырлар жазуы мүмкін бе? Оның өлеңдеріне Жақсыгелді Сейілов, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Мыңжасар Маңғытпаев, Кенжебек Күмісбеков, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Шәміл Әбілтаев, Илья Жақанов, Марат Ілиясов сынды атақты композиторлар тамылжыған тамаша әндер жазған. Неге? Сазгер біткеннің бәрі неге Кәкімбек поэзиясына ынтызар болған? Бұл да өз алдына бөлек бір әңгіме. Өйткені, оның қаламынан туған дүниелер көркемдігімен, өрнекті тілі, бейнелі ойларымен, айтарының шыншылдығы мен қарапайымдылығы, көңілге қонымдылығымен ерекшеленеді. Қазақтың қайталанбас лирик ақыны Тұманбай Молдағалиевтің: «Мен ешқашан әнге арнап өлең жазған емеспін. Ақындар өздері ұнатып, тауып алып жазады», – деген. Кәкімбек шығармашылығы туралы да осылай деуге әбден болар. Тек, өнерінде мұндай ерекшелік қайталанатын ақындардың көп еместігін астын сызып айта кеткен абзал. Әрине, заман өзгерді, қоғам ауысты. Қазақтың Кәкімбектей қазына қаламгері, абыз ақсақал, ақжарма ақынымен қауышып, кең отырып әңгіме-дүкен құрысуға мүмкіндігі туды, кейін. Ол қайтпас сапарына аттанар уағына дейін талай мінберден шежіре тарқатып, сыр төкті, жыр оқыды. Өзін ардақтаған қайран даласын еркін аралап, оқырманымен жүздесті, жауһар жырларына қоса талай-талай тағылымды мақалалар жазды. Кеңес үкіметі айтқызбай-жазғызбай қойған талай олқылықтың орнын толтырды. Сөйтіп, кезінде аты-жөні тылсым мен аңызға толған ақын егемен еліне ерінбей еңбек етіп, жаратқан сый еткен дарын-қабілетін сарқа пайдаланғандай. Енді, қазақтың абыз ақынының артына қалған мол мұрасынан сусындап отырмыз. Бүгінде, өзі жарық дүниеде жүрсе, сексен бесін тойлап, сырлы ән мен көркем жырын күмбірлетіп, жарқылдап отырар еді… Асылы, жасынан аты аңызға айналған ақынның жоқтығына да көңіл сенбейді. Гәккулеткен аққу құстың қанатында, жүйткіген жезкиікті көз шалған мұнар-сағымда Кәкімбектің де сыры мен жыры жүр емес пе, әлі…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс