Сібір жарасынан келер қауіп жоқ

Қарағанды облысында 8 адамның өмірін жалмаған Сібір жарасынан жұрттың сескенетiн жөнi бар. Өйткенi, күйдiргi – малдарда жиi кездесетiн, тез жұғатын аурулардың бiрi. Облыс бойынша барлық қауiпсiздiк iс-шаралары жедел қолға алынып, адам және жануарлар арасында бұл ауру тiркелген жоқ. Алайда, індеттің айтып келмейтінін ескеріп, облыстық ветеринария басқармасы алдын-алу шараларын күшейтуде.

Аталған дерт Ақмола облысында соңғы рет 1998 жылы Аршалы ауданына қарасты елді мекендердің бірінде тіркелген болатын. Содан бері өңірде мұндай оқиға орын алған жоқ. Бүгінде облыс бойынша 453 мың қара мал, 578 мың қой, 130 мыңдай доңыз, 150 мың жылқы бар. Оларға Сібір жарасына қарсы екпе жылына бір рет тегін егіліп отырылады. Әйтсе де қала тұрғындары да «қала базарлары мен сауда орталықтарындағы еттiң сапасы қандай, ет жеймiз деп ауру тауып алмаймыз ба?» деген күдiкпен алаңдаушылық бiлдiруде. Ақмола облыстық ветеринария басқармасының жетекшісі Базарбай Бұлашевтың айтуынша, жағдай қатаң бақылауға алынған. Тұрғындар арасында медицина мамандарымен бірлесіп түсінік жұмыстары жүргізілуде. Қалада ет сататын орындардың барлығында ветеринар-дәрiгерлер қызмет атқарады. Аталған нысандардан ет өнiмдерiн сатып алу қауiптi емес, олар талапқа сәйкес, залалсыздандырылған. Еттi ветеринарлық дәрiгердiң тексеруiнен өткен, арнайы заңдастырылған базарлар мен супермаркет дүкендерiнен сатып алған жөн. Сiбiр жарасы адамдарға ауру малды сойғанда және шапқанда, ауру етті сатушылармен, жануарлардан алынатын өнiмдермен айналысатындармен қарым-қатынаста болғанда, сондай-ақ, толық өңделмеген және дұрыс дайындалмаған, шала пiскен еттен әзiрленген тағамдардан жұғады. Адам денесiне қоздырғыштардың қандай жолмен енетiнiне сәйкес күйдiргiнiң де ауыр және жеңiл түрлерi болады. Бұл ретте, ең көп таралған түрi – терiнiң, оның iшiнде, қолдың саусақтары, бiлек, мойын, бет, аяқ секiлдi, басқа да дене мүшелерiнiң зақымдануы. Терiнiң зақымдалған жерiнде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдiреп 2-3 күннiң iшiнде бетiнде көмiрдей қара қабыршығы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап iсiп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененiң қызуы көтерiледi. Уақытында ем қолданылмаса, микроб қанға өтiп, денеге жайылып, науқастың өлiмге әкелiп соғуы ықтимал. Өкiнiшке орай, соңғы кезде елімізде қауіпті аурудың тіркелуі алаңдатарлық жәйт. Себебi, бүгiнде мал шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар мен серiктес-тiктердің, жекеменшiк мал ұстайтын азаматтардың арасында малдәрiгерлік қызметiн қажетсiнбеу, малдарын мезгiлiнде күйдiргiге немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы ектiрмеу, мал санын жасырып қалу, ауырған түлікті мал дәрiгерiне уақытылы хабарламай сойып, етiн бiрнеше үйге таратып беру немесе басқа бiр жерге апарып сатып жiберу жағдайлары жиi орын алып отыр. «Соңғы уақытта әлеуметтік желіде пайда болған Сібір жарасы туралы түрлі ақпараттар шындыққа жанаспайды. Жаңсақ пікірлерге назар аударғаннан гөрі, тұтынатын өнімнің сапасына көңіл бөлген жөн. Қала тұрғындарына ет, сүт өнiмдерiн жабайы сауда орындарынан сатып алмаңыздар дегiмiз келедi. Аурудың алғашқы белгiлерi бiлiнiсiмен дәрiгерге көрiнiңiздер», – дейдi облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жетекшісі Қайрат Баймұханбетов. Иә, «сақтансаң сақтаймын» дегендей, сақтықтың басты кепiлi – тазалық екенi даусыз. Санитар-дәрiгерлер айтқандай, еттiң арзандығына қызықпай, арнайы сауда орындарынан алғаныңыз абзал.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс