Сәби күлкісі жаныңды жылытады

Бүгінгі бүлдіршін – еліміздің байрағын желбіретер ертеңгі азамат. Бірақ бала тәрбиесі оңай іс емес. Ал, сол сәбилердің қызығы мен шыжығын көріп, еркелігін көтеріп, анасындай болып жүрген тәрбиеші қауымның атқарар ісі мен көтерер жүгі ауыр да жауапты. №4 «Еркемай» балабақшасы ұлттық рухты асқақтатып, егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін жемісті еңбек етіп келеді. Саналы жас буын тәрбиелеп келе жатқан балабақшадан биыл 75 бүлдіршін білім ордасына қанат қаққалы отыр.

IMG_4228

Ұжым да ұдайы ізденіс үстінде. Жұпар Маженова сияқты іскер басшының арқасында тәрбие ошағы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. 2010 жылы ашылған балабақшадағы 10 қазақ және 2 орыс тобында әртүрлі жастағы балалар тәрбиеленіп жатыр. Кәсіби біліктілігі мен педагогикалық тәжірибесі қалыптасқан жиырмадан астам тәрбиеші осы топтардағы 280 баланың бойына білім мен адамгершілік сабақтарын дарытуда. Балабақшада өзге ұлттың ұландары да қазақшаны жақсы меңгеріп шығуда. Жаңа заман талабына сай жабдықталған балабақшаның әр тобында балалардың жатын бөлмелері бар, спорттық зал, үйірме және ойын бөлмелері қамтылған. «Мұндағы әрбір тәлімгер өз жұмысын тиянақты және үлкен жауапкершілікпен атқарады. Барлық материалдық-техникалық база жаңартылды, логопед, бейнелеу, қазақ тілі мен ағылшын тілі кабинеттері ашылды. Медбике кабинеті заман талабына сай жаңартылды. Әр оқу жылындағы қол жеткен жетістіктеріміз де, шыққан белесіміз де мол. Педагогтардың кәсіби өсуіне де көп көңіл бөлінуде. Осы қысқа уақыт ішінде көп нәрселерге қол жеткіздік. Әлі де аянбай еңбек етеміз»,–дейді балабақша меңгерушісі Жұпар
Маженова.
Балабақшаға ертеңгісін келген балалар біраз уақытқа дейін өзіндік жұмыстармен айналысып, ойын ойнап, сурет салады. Одан кейін таңғы астарын ішіп, сабақтарына отырады. Тәрбиешілер әрбір жаңа сабақтың өзін бүлдіршіндерге бала тілімен жеткізіп, солардың кейпіне ене отырып түсіндіреді. «Біздер, талай жылдан бері балалармен қалай сөйлесіп, қалай үйрету керек екенін жаттап алдық қой. Балаға зекіп, болмаса қаталдық танытып, жаза қолданып, ашумен ешнәрсе үйрете алмайсың. Ол баланың психологиясына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан баламен әркез балаша сөйлесіп, тіпті бұлардың жасына сай қылықтарды да жасап отыруыңа тура келеді. Сол себепті алғаш тәрбиеші болғандар қатты қиналады», – дейді тәрбиеші Қарлығаш Шайсұлтанова. Бұрыннан қызмет етіп келе жатқан Бибігүл Санаққызы, Айнагүл Бегалина, Қарлығаш Шайсұлтанова, Алмагүл Оспанова, Нұрсұлу Алшынбаева сияқты тәлімгер ұстаздар мен аспаз Наталья Мельникова, Роза Құрманғалиева, медбике Әсия Сәрсенбаева, Бақшагүл Темірғалиқызының еңбегін балабақша ұжымы мен ата-аналар ерекше бағалайды. Балалардың жан-жақты дамуына педагог-музыканттардың еңбегі зор. Ізденімпаз ұжым соңғы жылдары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. «Үздік педагог» сайысында өнер көрсеткен Әсем Төребаева жүлделі орынға ие болды. Қабырғада ілінген құрмет грамоталары мен алғыс хаттар сонау ширек ғасыр уақыт ішіндегі балабақша өмірінен сыр шертіп тұрғандай.
Балалардың сабақ барысында сергіп, демалуы үшін жаттығулар жасалып та тұрады. Осындай кезекті жаттығулардың біріне қызығушылық танытып, өзге бір топтың сабағына кірдік. Біз кірген тұста балалар мәре-сәре. Сөрелерде олардың желімдеген тұмаршалары, оюлар мен әртүрлі тақырыптарға салған суреттері қойылған. Сәукеле, бас киім, киіз үй сынды бейнелер мен балалардың балғын қиялынан қағаз бетіне түскен қазақтың дархан даласы мен ағып жатқан өзені, жаз-жайлауы. Тәрбиешілер балабақша
ауласына бау-бақша егіп, жаз бойы күтіп-баптайды екен. Әртүрлі формада құтыдан гүл егілетін гүлзарлар жасалынуда. Әсем безендірілген тап-таза аулада ойнап жүріп, балалар субұрқаққа қызыға қарайды. Ата-аналар да қолдарынан келгендерінше көмектесуге дайын тұрады. Ұйымдастырушылық қабілеттері жақсы. Жөндеу жұмысы, тазалық жұмысы, ертеңгіліктерге қатысып жүреді. Тәрбиешілердің айтқан өтініштерін жерге қалдырмай, орындауға тырысып жатады. Әсіресе, мерекелік шараларды көңілден шығатындай етіп өткізуге көп күш салады. Әр оқу жылына арналған міндеттерге орай, педагогтар балаларды ұлттық тәрбиеге баулуға назар аударып отыр. Күнделікті сабақ, ойын барысында ою-өрнектердің түрлерін кеңінен пайдаланады. Ағашты жастайынан күтіп, баптамасаң ертең оның жапырақ жайып, көктеп кетуі неғайбіл. Бала да сол сияқты. Сондықтан сәби бо-йына эстетикалық, адамгершілік,
Отанды, туған жерді сүю тәрбиелерін салт-дәстүрмен, тіл өнерімен сабақтастыра жүргізгенде ғана істің нәтижелі болатынын балабақшадағы тәрбиеші қауым естеріне ұстап-ақ келеді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс