Сәкен серінің екінші өмірі

Көкшетау өңірінде де, барша қазақ даласында да халқымыздың ұлы перзентін білмейтін адам жоқ шығар. Артында қыруар мұра қалдырған қаламгердің есімін Сәкен Жүнісов деп атасаң, көпшілік жұрт Сәкен серіні айтасың ба деп түзету жасайды. Өйткені, қаламгер өзінің сегіз қырлы бір сырлылығымен халқының жадында мәңгіге орныққан дара тұлға. Сәкеннің атына «сері» сөзін ең әуелі қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов таңған. Оны өз құлағымен естіген Шерхан Мұртаза, Тұманбай Молдағалиев, Қоғабай Сарсекеев секілді замандастары сол арада түгел мақұлдап: «Ғабе, біз баяғыдан бері солай атап жүрміз ғой, сіздің дуалы аузыңыздан шыққаны, тіпті жақсы болды»,– дескен екен.

Өткен жиырмасыншы ғасырдың 60-шы жылдардың аяғы мен 70-ші жылдардың басында әдебиетке жазушылардың ірі толқыны келді. Солардың бірі Сәкен сері Жүнісов еді. Оның қаламынан туған «Ақан сері» романы бүкіл қазақ оқырмандарын дүр сілкіндірген ғажап шығарма болды. Романның арқауы елімізді отарлаған патшалық Ресейдің кейіннен кеңестік шовинизмнің шеңгелінде күретамырынан қысылып, тұншыққан ұлтымыздың сағынышына айналған кезең болатын. Содан да шығар бірінен соң бірі шыққан екі кітап дүкен сөрелерінде жатпай қолдан-қолға көшіп кете барған. Ақан серінің салтанатты сайран өмірі, бәйге бермес Құлагері, біршек қасқырды құтқармай қуып жетіп, алысып-жұлысып алған Басаралысы, әнге айналған Қараторғай қыран бүркіті, бір күнде отыз үйрек, қырық қаз алған Көкжендеті, бәрінен де сүйген сұлулары Ақтоқты, Жамал, Ұрқияға қатысты оқиғалар сол замандағы жасты да, кәріні де таңғажайып әсерге бөледі. Сәкен сері Жүнісов әркім бел шешіп батып бара бермейтін соны тақырыптарға қалам тартты. Әсіресе «Жапандағы жалғыз үй» романы мұрты сынбай тұрған коммунистік жүйенің иегінің астында дүниеге келді. Шығармада тың игерушілердің жақсылығы да, жамандығы да шынайы баяндалады. Жазушының Райхан, Сұлумұрт, Күркерей секілді кейіпкерлердің прототиптері көптің көз алдында жүрген образдар еді. Тың игеру саясатына қайшы келіп жатқандықтан болар ондай ғажап шығарма лайықты бағасын ала алған жоқ. «Аманай мен Заманай» романы сонау Қытай жеріндегі қандастарымыздың талайлы тағдырын Алтайдың бергі бетіне бедерлеп бейнелеп берген көшелі көркем туынды болды.
Халық өзінің сүйікті жазушысымен емін-еркін сырласатын. Сәкен сері баладай аңғал, өте қарапайым еді. Көкшетаудың қай тойына барса да сәнін кіргізіп, жиналған жұртшылықты бірден үйіріп әкететін. Абайдың әндерінен бас-тап қазақтың әндерін Алатаудан әрі асырып тастап, итальяндықтардың классикалық әндерін шырқағанда көпшілік өнеріне риза болатұғын. Міне, сол Сәкен серіні бүгінде көкшетаулықтар қатты сағынып жүргендей. Көкшетаудағы облыстық әдебиет және өнер музейі Сәкен сері Жүнісовтың мұраларын жинақтауды қолға алып, оның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге жоспарлы түрде ден қойды. Алматыдағы Гүлмира мен Ақбота қыздарымен байланысқа шығып, жазушының барлық әдеби-ғылыми мұраларын музей қорына алу жөнінде келісімдерге қол жеткізді. Мұндай қозғалыс себепсіз де болмаған секілді. Өйткені, халық өз арасынан шыққан төл тумасының баға жетпес мұрасының көзінің тірісінде жоғын жоқтаған, сөзін сөйлеген Көкшетаудың төрінде болғанын қалайды.
Жақында музей қызметкерлері арнайы сапармен барып, Алматыдағы жазушының үйінен 28 жәдігерді Көкше топырағына жеткізді. Қаламгердің 60 жылдық мерейтойында киген костюмынан бастап, елдің көзінде көре-көре жатталған киімдері, көзілдірігі, ұстарасы, портфелі секілді өзіне тән заттары әкелінді. Гүлмира Сәкенқызының айтуынша жазушының көптеген дүние-мүліктері осы Көкшетау қаласындағы үйінде тұрған көрінеді. Осындай құнды жәдігерлерді мемлекет қарауына, халқының игілігіне өткізу үшін қыздары жақын уақытта арнайы келіп қайтпақ. Осылайша, көзі тірісінде пайдаланған заттары арқылы оның екінші өмірін жалғастырмақ ойдамыз. Сәкен сері Нұрмақұлы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры. Әрине, мұндай ұлын Көкшетау қалай дәріптемесін. Қаланың орталық көшелерінің біріне есімі берілді. Көптеген жерлестеріміз әдебиет пен өнерді қос тізгіндей қатар ұстап өткен асыл ағамыздың есімі әдебиет және өнер музейіне берілсе қандай жарасар еді деген ұсыныстарын айтып жүр. Алайда, бұл музей ұжымы ғана шеше салатын мәселе емес. Өзінің айтуынша ол 1934 жылы ақпан айының бірінде Көкшетау қаласынан 20 шақырымдай жердегі Шоңай стансасында дүниеге келіпті. Алайда, қызмет бабымен Қызылтуға көшіп барған әкесі Нұрмақ туу туралы куәлікті жаңа қоныста жаздырып алған көрінеді.

Майра ШАЯХМЕТҚЫЗЫ,
әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс