Сәкен сері музейі ашылды

Көкшетауда Сәкен Жүнісов атындағы №18 орта мектеп-лицейінде Көкшенің көрнекті тұлғаларының бірі, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Сәкен сері Жүнісов музейінің салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Музей облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы және Мәлік Ғабдуллин музейінің бастамасымен ашылды.

Музейге қаламгер жайлы мәліметтер, көзі тірісінде қолданған заттары, әдеби мұрасы жинақталып қойылды. Орналастырылған 500-ге жуық жәдігер туралы Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Аягөз Махметова жүргізілген экскурсия барысында таныстырды. Сәкен Жүнісов 1934 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында дүниеге келді. Қазақстанның халық жазушысы теңдессіз мол мұра қалдырды. Қаламгер халқымыздың ХХ ғасырда бастан кешкен оқиғаларын өз шығармаларына арқау етті. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, сот саласының ардагері Мейрам Ғибаділов құттықтау сөз алып, музейдің жас ұрпақты тәрбиелеуге үлкен үлес қосатынына сенім білдірді. «Енді осы білім ұясында Сәкентану әлемі басталады. Бұл жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған ізгі қадам, білім саласы мен мәдениет саласының бірлесіп атқарған ізденістері мен жинақтау жұмыстарының нәтижесі», – деген Ақмола облысы әкімінің орынбасары А.Мысырәлімова Мәлік Ғабдуллин музейі мен Сәкен Жүнісов атындағы мектеп ұжымына алғыс білдірді. Шара барысында Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат Сәкен сері музейіне жазушының «Жапандағы жалғыз үй» кітабы мен 70 жылдығына орай колледж қабырғасында өткен шығармашылық кеші жазылған дискіні және студенттік шағында жазған дәптерінің көшірмесін тарту етті. Жазушы музейінің ашылуына ұйытқы болған М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Рахымбекұлы музейге қойылған жәдігерлердің тізімі жазылған актіні және экскурсиялық мәтінді мектеп директоры Баян Уахитқызына табыс етті. Шараға қатысқан Сәкен Жүнісовтың туған нағашысының қызы Мәраш Мұхаметалина музейге жиен ағасының екі кітабы мен Сәкен Жүнісовтың қарындасы Роза Жүнісованың әкесі туралы жазған кітабын тапсырды. – Қазақтың көрнекті жазушысы, Көкшенің топырағында туып-өскен Сәкен сері Жүнісов атындағы №18 орта мектеп- лицейінде ашылып жатқан музейдің басы-қасында, жанашырлық, азаматтық көрсетіп, еңбегімен тер төгіп жүрген көкшелік бауырларыма мың алғыс. Алла сіздерге денсаулық берсін, ағаның рухы желеп-жебесін, – деді Мәраш Мұхаметалина. Іс-шара барысында Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің 3 курс студенті Ноярбек Саяділ «Жапандағы жалғыз үй» романынан монолог оқып, «Заманай» көркем фильмінен үзінді көрсетілді. Сонымен қатар, кеш қонақтары Сәкен Жүнісовтің өзі шырқаған әнінің аудиосын тыңдады.
Өзінің көркем мінезімен, сан қырлы талантымен қазақ жұртының сүйіктісіне айналған қаламгерді барша қазақ елі Сері деп атады. Жазушы-драматург Сәкен Нұрмақұлының қаламынан туған «Соңғы вагон», «Ақан сері», «Аманай мен Заманай», «Жапандағы жалғыз үй» секілді кітаптары, «Ажар мен Ажал», «Қысылғаннан қыз болдым», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер», «Абылайхан», «Өліара», т.б. пьесалары оқырмандарын баурап, ұлтымыздың руханиятының қазынасынан берік орын алды.
Артында сөзі қалған ардақты тұлғасын жерлестері ешқашан ұмытпақ емес. Көкшетау қаласының орталық көшесіне және осы №18 мектеп-лицейіне Сәкен Жүнісовтың есімінің берілуі және бүгінгі музейдің ашылуы соның жарқын айғағы.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий