Сәнді қала – салтымыз!

Елді мекендерді абаттандыру, көркейту айлығы шеңберінде облыс орталығында да қыруар жұмыстар атқарылды. Тазалық бейсенбілігінен басқа еңбек ұжымдары орта және жоғары оқу орындарының студенттері тұрғын үй-коммуналдық кәсіпорындармен бірлесіп, қаланың жекелеген аудандары бойынша шағын сенбіліктер өткізуді де дәстүрге айналдырған. Осындай шара өткен сенбі күні де өткізілді. Оның барысымен қала әкімі Ермек Маржықпаев егжей-тегжейлі танысты.

Бұл жолғы сенбілікке «Көкшетауский ДЭУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Көкше-Жәрдем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан 7 бірлік техникасы жұмылдырылып, төрт-бес сағаттың көлемінде «Ескі аэропорт» мөлтек ауданы, Қопа көлінің жағалауы, «Көктем», «Васильковка», «Сарыарқа» мөлтек аудандары мен «Казгидромет» ғимаратының маңындағы жекелеген учаскелер күл-қоқыстан тазартылды. Бірлесе іс-қимыл танытудың нәтижесінде жеті стихиялық қоқыс үйіндісі жойылып, қала сыртына 150 текше метр тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің жетекшісі Ермек Қарағаевтың айтуына қарағанда, бұл шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Жаздың жайма-шуақ күндерін тиімді пайдалана отырып, қаламызды сәнді де көрікті шаһарға айналдыру үшін тазалық сенбіліктерінің, бейсенбіліктерінің пайдасы көп. Күл-қоқысты жинастырумен шектелмей, үйлердің фасадтарын жаңартып, су бұрқақтар жасауға, сәнді урналар мен орындықтар көбірек орнатуға мән берген жөн.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс