Сәрсенбай салған сұлу ән

Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның әншісі Сәрсенбай Хасенов «Тәуелсіздік – тұғырым» атты жеке концертін өткізіп, «Жігіттің падишасы», «Сұраған саған аманат» деп аталған, өзі құрастырған екі бірдей кітаптың тұсауын кесті.

Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның түлегі, кәсіби маман, дәстүрлі әнші, иман жүзді, жібек мінезді Сәрсенбай Хасенов кейде егеулі найзасын кезеніп, қалқан-семсерін өңгеріп, өңменнен өткен өткір желге қарсы жүріп, жауға жалғыз аттанған ержүрек жауынгердей көрінеді. Оның жоқтайтыны, жанына тыншу бермейтіні – кезінде ән ұя салған салқам өңірден айтулы әншілердің сирек шығуы, ақ самалдай арқа әнінің салиқалы сахналардан аз айтылуы, жастардың атақты әншілер, ақмаржан әндердің шығу тарихын білмеуі. Сол саф алтындай ақжарма ән әлеміне апарар сүрлеудің күн өткен сайын көнеріп, көзден таса болып бара жатқаны оның жарғақ құлағын жастыққа тигізбейді-ақ!

Ол рас. Әлдебір алыс ауылдағы, қала сыртындағы, мектеп-музейдегі, жарығы әлсіз жұтаңдау бір шағын залдағы, жауын астында алаңда өткен шаралардан қара домбырасын алып, қара бұлтты қақ жарып атадан қалған жасындай бір асыл әнді жарқ еткізген Сәрсенбайды көресің! Даңғұр-дұңғыр, азан-қазан концерттің соңын ала болса да дәстүрлі әннің бірін шырқап, қазақы қаныңды қыздырып, жүрегіңді тулатып, «әп-бәрекелді!» дегізеді. Жол-жөнекей емес, ондай жерлерге арнайы барып, сахнаға шығу кезегін сарыла күтіп, «Міне, жұртым, осындай да әндерің бар-ды!» деп ой тастайды. «Әй, шіркін, қазағымның жан тебірентер әндері-ай!» деп сүйсініп қаласың. Қағыста қала берген қазақы қалпыңды аңсайсың.

Әлдебір әннің тарихын білетін жан бар көрінеді деп алыс ауылға сапар шегіп бара жататын да осы Сәрсенбай.

Асығыс заманның ағынынан қалып қоймауға тырысып, жанталасқан жұрт Сәрсенбайды ылғи осы қарекет үстінде көреді, осы тұрғыда біледі. Тас түйін жігіттің сол тұғырдан таймайтынына разы болады. Өздері өзеурей қол ұшын бере алмаса да оның ұмтылысының жөн екенін ұғады. Сосын да құрмет тұтады. Бүгінгі концертіне көрерменнің ағыл-тегіл келуі дәл сол еңбегіне деген құрметінің нышаны еді. Ұлтымыздың асыл өнердің шоғын сөндірмеуге тырысып, мақсатты түрде әрекет етіп жүрген жасты жұрты осылай көтерді, осылай мадақтады.

Ал, Сәрсенбай болса өзін құрметтеген көрерменіне бұрынғыдан Біржанның «Айтбайын», Ақанның «Маңмаңгерін», Үкілінің «Шалқымасын», «Қалдырғанын», Рамазан Елебаевтың «Жас қазағын», Әсеттің «Інжу-маржанын», Балуанның «Ғалиясын», бүгінгіден Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан желін», Иран Тасқараның «Көкшем меніңін», Құдайберлінің «Ащылы-Жекебояғын» тарту етті.

Жасынан ән айтып, ол өнерін біліммен жетілдіріп, табиғи талантын ұштаған Сәрсенбай салған сұлу әнді тыңдау, әрине, бір ғанибет! Саф ауадай, таудан аққан бұла бұлақтай таза, күміс сыңғырлы көркем  дауыс. Өзіндік өрелі мәнер. Тиянақты тәрбиеленген дауыс өз жаратылысынан жаңылмаған. Қырлана, шеберлене, ширыға түскені кәміл. «Оқып, кәсіби білім алғанға не жетсін!» деп те түйдік. Ал, ең бастысы ол әннің сөзін де, әнін де түсініп, оны жан дүниесіне сіңіріп, халқына жүректен шығарып жеткізуінде ғой. Талай әншінің ұға алмай, талайдың оларға ұқтыра алмай жүрген мәселесі бұл! Сол қылаусыз өнерді көрермен тұшына тыңдайды, айтылған ойларды жанына демеу қылады, жанына серік етеді. Ән құдіретін, өмірдегі ән орнын түсінген, өткендерден қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтауға құлшынған жас өнерпазға үлкен болашақ тілейміз. Бұл біздің ғана емес, әнші өнеріне дүркірете қол соққан барша көрерменнің көңіл түкпіріндегі пікір деп білеміз. Өнерің өрге баса бергей, Сәрсенбай әнші!

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий