С а я н

Ес білгелі ол нағашы атасының аузынан батырлар жырын тыңдап өсіп, жадының мықтылығы сондай, сұраған кезде өзіне қайталап айтып беретін зеректігімен ерекшеленді. Жыр-дастандар, толғауларды да толғана отырып миына тоқитын есті ұл бірте-бірте өлең деген әлемге бойлай бастады. Алғашқы шумақтар тіліне оралған кезде ерекше бір күйге енетін. Алайда, тіл-көз тиіп, ұшынған сәттен бастап атасы жыр әлемінен аластатуға тырысқаны да рас. Бірақ Саян бала өлеңді тастап кеткен жоқ. Жоғарыдан құйылатын бір тылсым күш сөз ұйқасы болып өріліп, әлі күнге дейін маза бермейді. Бірақ өзін мықты ақынмын деп есептемейді, себебі оған ары жібермейді. Егер бір күні қалам мен қағаз маған жат болып кетсе, онда менің мықты ақын болмағаным дегенді жасырмай айтады. Журналистика саласын таңдаған жас Астанада «Қазақстан» арнасында жұмыс істеп жүрген жерінен бәрін тастап, Көкшесіне қайтып оралды. Ондағы мақсаты – жергілікті жерде қазақ тілінде ақпарат тарататын контентті дамыту. Қазір соның редакторы. Жылт еткен жаңалықты бірден оқырманға жеткізу жолында жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Таныс болыңыздар – Саян Есжан. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. «Отызда орда бұзбасам, қырықта қамал алмаспын» деген ойын іске асыру жолында жұмыс істеп жүр.

саян есжан 4Саян Есжан Бурабай ауданына қарасты Түлкілі деген ауылда дүние есігін ашқан. Қазір шамамен 20-ға жетер-жетпес түтіні ғана қалды. Ақындық әкесі жағынан да, анасы жағынан да дарыған деп есептейді. Нағашы атасы Абылай хан ауылының тумасы Қоқыш Жылқыбайұлы халықтық дастандарды, халық эпосын жатқа айтатын адам болған. Жастарды имандылыққа баулыған дін өкілі. 80-ші жылдардың соңында мешіт салдырып, ел тәуелсіздік алған жылдардан кейін де мешіттегі жұмысын тастаған жоқ. Саян бала күнінен нағашы жұртына жиі барып жүретін. Себебі, өзінің нақты атасы мен әжесінің көзін көрген жоқ. Баланың құймақұлақтығын бірден аңғарған нағашы атасы батырлар жырын көп жаттататын. Алғашқы өлеңін туған ауылына арнаған еді. Бірақ оны өлең деуге келмейді, жай ұйқас қуғандық деп есептейді.
Түлкілілік көнекөз қариялар кейде Саян балаға сенің арғы атаң ақын болған дегенді айтып жүретін. Әкесінің буыны, өз әулетінің өткен тарихын көп біле бермейді. Туған атасы соғыстан жаралы болып келгендіктен есін бір біліп, бір білмейтін. саян есжан 3Сондықтан ол кісіден әулеттің өткенін сұрап білу мүмкін болмады. Ал, атасының әкесі Ақылбай Есжанов 37-нің құрбаны болған. Оған «Кеңес Одағын ыдырату керек, үкіметті құрту керек» деген халық арасында үгіт жүргізді деп айып тағылып, итжеккенге 8 жылға айдалып кете барған. Күні бүгінге дейін атасының тағдыры қалай болғаны белгісіз күйде қалып келді. Ал, оның әулеті, туған-туысқаны «халық жауының» тұқымы ретінде, тіпті ата-тегін ұмыттырып жіберетіндей қыспаққа түскен. Туған атасының інісі Марок өзінің әкесі туралы деректерді біледі, бірақ одан арғы аталары қандай болғанынан хабарсыз еді. Бала кезінде жетім қалып, тұтас бір әулеттің тарихы өшіп кеткен. Осының бәрі Саянды бейжай қалдырмады. Өткенін білгісі келген ол «Фейсбук» әлеуметтік желісіне көрген-білген адам хабарласар деген үмітпен үзіліп қалған ата-баба шежіресінің қысқа ғана баянын салып қояды. Көп ұзамай Бурабай ауданында тұратын Шыңғыс Оразұлы деген шежіреші, тарихшы адам байланысқа шықты. Ол Ақылбай Есжанов деген ақынның болғанын, саяси көзқарасы үшін итжеккенге айдалғаны туралы деректерді алға тартты. Және шамамен 30-шы жылдары төте жазумен жазылған, қолжазба өлеңдері жинақталған төрт дәптер сақталғанын айтты. Саян алдағы уақытта Ішкі істер министрлігінің жергілікті жердегі архивіне барып, атасы жайлы деректерді іздеп тауып, өлеңдерін қазақ тіліне аударып, жарыққа шығаруды мақсат тұтып жүр. Оны ата-бабасының артына қалдырған аманатындай, өзінің парызындай санайды.
Саянның алғашқы өлеңдері жас ақын Алмас Темірбайдың қолына түсті. Бір топтама өлеңдері облыстық «Арқа ажары» газетіне басылды. Поэзия әлеміне алғашқы баспалдағы сол басылымда қаланып, ке-йін «Бұқпа» газетінде, «Көкшетау» журналында да өлеңдері жарық көрді. Ауыл-аймақтағылар он бес жастағы баланың қадамына қуанып, қариялар батасын берді. Алғашында ата-анасы бұл баласының жай бір ермегі, желік деп қабылдағаны рас, бірақ кейін шынында да бойында дарыны барын түсініп, қазір сол уақыттағы айтқан сөздерін күліп еске алады. Өзін жазу-сызумен байланыстыруды мақсат тұтқан Саян Астана қаласындағы Евразия ұлттық университетінің журналис-
тика факультетіне оқуға түсті. Сол кезде жас ақындардың үлкен бір толқыны бірге оқыды. Көпшілігі ысылған, жазудың формасын білетін еді. Өзін ең әлсіз ақын деп санайтын Саян жатпай-тұрмай екі жыл бойы қажет әдебиетті оқып, өз қатарластарын қуып жетті. Бүгінгі күні солардың арасынан суырылып шыққан он бесі өлең әлемін әлі де бағындырып келеді. Өлеңді өміршең болатындай, халықтың жадында сақталатындай етіп жазу қиынның қиыны. Әдеби ортада бәсекелестік деген болады. Соған төтеп бере алатындай тегеу-
рінді күшке ие бола білген адам ғана поэзия әлемін бағындыра алады. Көкшетауда жас ақындардың өзіндік әдеби ортасы бар. Қуаныш Оспан, Мерген Тоқсанбай, Серғазы Қайырболды, Қайрат Сейітқазин, Табысбек Үсендер бір-бірімен тығыз байланыста, өлеңдерін өзара талқыға салып, таразылай білетін, жыр-додаларына қатысып, жүлделі орындар алып жүрген жас дарындар. Саян да солардың ортасынан ойып тұрып орын алған жастың бірі. Дегенмен, буын алмасып, жаңа лек келген сайын алдыңғы толқын ағалар ке-
йінгі толқын ініге кезегін береді. Бұл табиғи заңдылық іспетті.
Жоғары оқу орнын жақсы тәмамдап, өңірлік басылымда бір жылдай жұмыс істеп, «Қазақстан» ұлттық арнасына тәжірибе жинақтауға барған Саян журналист Гүлмира Дайрабай, продюсер Ғалия Шаудырбаеваның қарамағында болды. Бір аптаның ішінде берілген тапсырманы тап-тұйнақтай орындады. Кейін «Шабыт» фестиваліне қатысып, «Серпер» сыйлығына ие болды. Арнаның басшысы Нұржан Жалауқызы өздерінің беделін көтерген жас жігітті қабылдауына шақырып, сыйақысын тағайындап, марапаттады. Содан бастап «Таңшолпан» бағдарламасына режиссердің ассистенті болып кіріп, сюжет, материалдар дайындап жүрді. Толыққанды редактор, сценарист, шеф-редакторлық қыз-
метті атқарды. Ал, қазір Саян Есжан Көкшетауда ашылған жаңа «Көкше-контент» сайтының редакторы. Өздерінің студиясы бар. Кәсіби мамандардың басы қосылған жерде күнделікті жаңалықтан бөлек, телеөнімдер, роликтер, бейнефильмдер жасалады. Ақпараттық сайтты жетілдіру жұмыстары да күнделікті жүргізіледі. Әсіресе, шешімін күткен мәселелерге араласып, билікке жеткізуге күш салады. Мысалы, Көкшетау қаласында құлағалы тұрған, атышулы Вернадский көшесіндегі 11-ші үйдің тұрғындарының жанайқайына облыс және қала әкімінің назарын аудартып, бүгінгі күні тұрғындардың жаңа үйден пәтер алу мәселесі шешіліп жатыр. Таза қазақтілді аудиторияға арналған, заманға сай болатындай интернет порталдың басты мақсаты – ақпаратты жедел әрі уақытында көрерменге жеткізу. Төрт айдың ішінде біраз дүние биліктің назарына ілініп, түйткілді жәйттердің түйіні тарқатылып жатыр.
Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы Саян Есжан өзін бақытты ұрпақ санатына жатқызады. Тоқыраудың тоқпағына ілінген тұсты көрсе де, қазіргі уақытта халықтың жақсарып қалған жағдайына шүкіршілік етеді. Ал, еліміздің болашағын жарқын ету жастардың қолында деп есептейді. Себебі, біздің елде білімді жастар өте көп. Елімізді көркейтетін де, алға оздыратын да солар. Ал, өзі болса озық ойлы жастармен бір сапта, нық қадам басып алға оза бермек. Біз де «Жолың болсын, Саян!» дейміз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий