Табиғатпен үндескен жан

Жетпістің бесеуіне келген Үкіжан Қалиақпарқызы артына өлмес мұра қалдырған дарынды ақын әрі сазгер, майталман журналист Маман Ементаевтың асыл жары.

IMG_7559Ұлттық қолөнердің тылсымына бойлай берсең, небір ғажайыпты аңғарасың. Әсіресе, ою-өрнектері тұнып тұрған сиқыр, таңқаларлық әлем, аспан мен жердің бір-бірімен байланысы, құдіретті күштің құпияларына тұнып тұр. Қазақтың әйелдері киіз басып, алаша тоқып, кілем басқанда бар фантазиясын салған. Үкіжан апа да өзінің қолдан жасаған дүниелеріне үлкен ыждаһаттылықпен қарайды. Әр көрпешесінің, кілемшесінің оюларын оймен жасайды. Күннен қуат алатын адамзат баласының жасыл әлеммен тығыз байланысын көрсетіп, Айдың жүзіне қарап, амандық тілеген ата-бабамыздың жаратушының әр затынан күш алғанын қолөнер шебері жақсы біледі. Өрнек түзіп, ою салуды анасынан үйренген. Кеңес үкіметі кезінде қазақтың қолөнерін ешкім бағаламаған тұста, үстіне күміспен бедерленген қамзолын киіп, басына орамалын тағып, нағыз қазақтың ибалы да инабатты әйелінің образында жүрген анасы үшін ұялған тұстары да болғанын әлі күнге дейін өкінішпен айтады. Сол үшін анасының аруағы алдында кешірім сұрайды. Қазақтың қасиетті халық екенін кейін түсінгеніне, кеш ұғынғанына налиды. Алайда, өнерге деген құштарлық оған күш-қуат беріп, жігер отын лаулата түсті. Нәтижесінде ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларын жасады.

Үкіжан Қалиақпарқызы бала жасынан жаз жайлауда еркін өскен еді. Айыртаудың шоқыларына қарап, көкорай шалғындағы бәйшешегін теріп, ақ қайыңдарымен сырласып, алып қарағайларының ба-уырында тыныстап, көк шөпте аунап ер жеткен. Жасыл жайлау оның жүрегін жау-
лап алғаны сонша, Көкшетау қаласының шеткері аумағы – «Жайлау» мөлтек ауданын таңдап, сонда тұрақтап қалды. Тіпті,
тұрмысқа шығып, жан-жарымен Қарағанды өңіріне барғанда, жазық даладан бір тал таппай, жетімсіреп, саябақтағы қайың ағашын көргенде құшақтап жылағаны әлі есінде. Жүрегімен де, жанымен де көрікті Көкшесіне кіндігімен байланған жан халқымыздың шығу, даму тарихына бойлап, шежіресіне үңіліп, тасқа басылған таңбаларымен тілдеседі. Сол кезде қадірлі әкесі мен қасиетті анасын есіне алады. Абзал жандардың отбасында қазақи тәрбиені ұстанғандығының мәнін ұғына түскісі келеді. Жаз жайлаудағы анасының тіл үйірер, балдай қымызын, қонағы арылмайтын шошаласын, оттан түспейтін қазанын көз алдына келтіреді. Тоқсан жасқа келгенше қолынан ине-жібі түспегенін тамсана айтады. Аузында Алласы, жүрегінде иманы жүрген әкесі Қалиақпар Шәймерденұлының мейірімін әлі күнге дейін сезінеді. Күнімен бие сауып, түнімен қой күзеткен шешесінің қажыр-қайратын сөзбен айтып жеткізе алмайды. Көзінен айрылып, зағип болған әкесінің бес уақыт намазын қаза қылмай, таза жүріп, адал өткенін жүрегімен сезінеді. Атасының кезінде медресе ашып, бала оқытқанын да мақтанышпен айта алады.
Үкіжан апаның қолынан шыққан дүниелерін бір қараған адам кәдімгі ою-өрнек дей салады. Ал, шындығына келгенде оның әрбірінің мәні, мағынасы, мазмұны бар. Мысалы, апа «шимай» деп аталатын ою-өрнекке ерекше мән береді. Бір кілемшесінде белестерді бағындыруға ұмтылған Қазақстанның дамуын осы шимай үлгісінде көрсетіпті. Қызыл мен көк түстер, тынымсыз уақыт пен толассыз тіршілік шеңбер бойымен самал жел, ағын су, жасыл әлем энергиясы шимайлана жүреді. Түркі халқы ежелден дөңгелек дүниені ерекше бағалаған. Киіз үйі де, шаңырағы да, дастарханы да шеңбер тәріздес. Яғни, үзілмейтін, бір-бірімен байланыса, жалғаса жүретін өмір. Бір кілемшесінде ұзатылған қыз салыныпты. Басында сәукелесі бар, сыңсу айтылып, туған үйімен қоштасып кетіп барады. Сол жағында – қыздың бастауы – ай, оң жағында жігіттің бастауы – күн. Қыз бала өзге босағаны аттағанда өмірге қайта келгендей болады. Жеті атасын ағаш жапырақтарына латын әріптерімен жазыпты. Оны да бір тылсым күштің құдіретіне балайды. Ал, мына бір дүниесін «Анама хат» деп атап, анасына деген сағынышын жеткізеді.
Үкіжан апаның салған ою-өрнектерінде өсімдік, жануарлар дүниесі, аспан әлемі бір-бірімен байланысып, кірігіп жатады. Олар бөлінбейтін тұтас. Біріне зақым тигізсең, екіншісі әлсірейді дейді. Сондықтан табиғат-ананы көздің қарашығындай сақтау керек. Суын лайласаң, жануарлар дүниесі уланады, шөбін таптап, орманын құлатсаң, құстары жылайды. Сайып келгенде бүлінген экология адамның денсаулығына әсер етеді. Осының бәрін ою-өрнекпен бедерлеп, баяндайды. Үкіжан апа қазақтың өткені мен бүгінгісін зерттеп қағаз бетіне түсіріп, кітап құрастыруды мақсат тұтады. Қажырлы да қайратты жанның әлі де алға қойған арман-мақсаттары көп. Оны жүзеге асыру жолында еңбектене бермек.
Қолөнер шеберінің үйіне кіре қалсаңыз, бейнебір музейде жүргендей әсерде қаласыз. Медицина саласының маманы тазалықты сүйеді. Гүл өсіріп, баптайды. Сұлу жанның ажары таймаған. Дүниеден өткен жарының шаңырағын сақтап, балаларының амандығын тілеп, немерелерінің жетістіктеріне сүйсінумен келеді. Осының бәрін тәуелсіз елдің жетістігімен байланыстырады.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс