«Табиғи шикізат сапалы өнім шығарудың кепілі»

Елімізді отандық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін осы саладағы шаруашылықтарға мемлекет тарапынан нақты қаржылық қолдау көрсетіліп келеді. Осы орайда «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Әсен Жақсылықов сүт өндіру бағытында атқарылып жатқан озық технологиялар жайлы газет тiлшiсiне айтып берді.

IMG_33711964 жылдан бері тұтынушыларды өз өнімдерімен қамтамасыз етіп келе жатқан «Көкшетау сүт зауыты» серіктестігінде тәулігіне 35-50 тонна сүт өңделеді. Алда өндіріс қуатын 70 тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, зауытта тәулігіне 1 тонна май, 800 келі ірімшік өнімі шығарылуда. Қабылданған сүт органикалық, физикалық, химиялық көрсеткіштер бойынша тексеріледі. Одан соң технологиялық өңдеуге жіберіледі. Тазартылып, қалыпқа келтіріледі. Майлылығы реттелген соң гомогенизациядан, одан соң пастерлендіруден өтеді. Жоғары технологиялық өнім өндіруге көмектесетін сапалы қондырғылар орнатылған бұл зауыттың тауарлары қоспасыз, табиғи қалыпта.
«Осы күні қаймақ, құрт тәрізді сүт өнімдерінің 30 түрін шығарамыз. Әсіресе, ірімшік пен балмұздақтың жеміс-жидектің түрлеріне сұраныс жоғары. Итальяндық «Джелато» балмұздағын да өзіміздің тәсілмен өндірудеміз. Балмұздақтың аталған түріне мейрамханалар тапсырыс беруде. Өңдеуден өткенде сүттің табиғи қасиеттерін сақтап қалудың барлық әдісі қарастырылған. Табиғи шикізаттан дайында-латындықтан, өнімнің сапасы да жоғары», – дейді зауыт директоры.
Осыдан біраз жыл бұрын жергілікті жердегі жекелеген кәсіпкерлер қарапайым құтыға құйылған балмұздақтар шығарумен ғана айналыс-ты. Оралған қағазына дейін қызықтыратын тәтті балмұздақтар өзге елдерден әкелініп жүрді. Ал, бүгінгі күні «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын түрлі жеміс-жидектер араласқан, дәмі тіл үйіретін неше түрлі балмұздақтарға сұраныс артып келеді. Ерекше атап өтерлігі, кәсіпорынның дәстүрлі балмұздағы 53 жылдан бері өз құрамын өзгерткен емес. Тұтынушылардың көңілінен шыққан сүт зауыты келешекте ірімшіктің алуан түрін өндіріп, Ресей нарығына шығуды жос-парлап отыр. Серіктестік директорының айтуынша, мемлекет қолдауымен 25 миллион теңге инвестиция тартылған. Соның арқасында өндірісті ұлғайтып, жемісті балмұздақтың тағы 7 түрі шығарыла бастады. Көкшетаулықтар жергілікті зауыттың табиғи өнімдері мен дәстүрге адалдығын тұтынушылар жоғары бағалайды. Өңірге танымал кілегейлі пломбир, шоколадты балмұздақ дүкенде ұзақ тұрған емес. Алдағы уақытта енді қарақат, құлпынай мен киви дәмі бар жемісті балмұздақтар шығару да жоспарда бар. Сүт өңдеу ісінің шеберлері сан жылдар бойы дәмі өзгермеген балмұздақ әзірлеудің сырын жетік меңгерген.
Қазіргі күні зауытта 7 тоннаға жуық балмұздақ өндіріледі. Өндірістік цехта өнімді сапалы, дәмді, өтімді етіп жасауда тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Мәселен, цех мастері Лариса Ткаченконың осы кәсіпорында істейтініне 15 жылдай болыпты. Олар балмұздақты ескі әдіспен жасайды. Оны ешқашан өзгертуге тырысқан да емес. Дәмі тура біздің балалық шағымыздағы тәттіге ұқсайды.
Түрлі-түсті қағаздарға оралған жергілікті тәтті, дәмді балмұздақтар шетелдік өнімдерге қарағанда әлдеқайда арзанға түсуде. Зауыттың өзінде балмұздақтың 1 келісі 450 теңгеден босатылуда. Кәсіпорын басшысы фирма белгісін пайдаланып, сапасыз балмұздақ сатушылардың барын жасырмады: Жалпы, ондай адамдармен күресу қиын. Кәсіпорын бөлшек саудамен айналыспайды. Олар тек өнім өндіруші ғана осы уақытқа дейін сапалы өнім көлемін көбейтумен айналысса, ендігі жерде сауда мәдениетін қалыптастыру арқылы сату желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Фирмалық дүкендер, павильондар мен балмұздақ сатылатын дәмхана ашу ойларында.
Зауытта сүт өнімдерінің 30-дан астам түрі шығарылады. Мұнда өндірілетін сүт, сары май, қаймақ, ірімшік, йогурт, бифидок өнімдері де да-йын, таза, әрі сапалы өнімдер полиэтиленді қаптар мен арнайы пакеттер арқылы тұтынушыға жетеді. Кейбір деректерге сүйенсек, елімізде жыл сайын шамамен 5 млн. тоннадан аса сүт өндіріледі. Бұл өнім Қазақстан халқының және басқа да ұлттық шаруашылық салаларының нақты тұтынуларын қамтамасыз етуі керек-ті. Алайда, қазір жағдай мүлдем басқаша. Мәселен, мал шаруашылығы қарқынды дамыған Ақмола облысының өзінде сүтке деген сұраныс жоғары. Сол себепті зауыт өнімдерін тұрғындар әлі күнге айрықша сұраныспен сатып алады екен. «Көкшетау қаласынан 250 шақырымдық аумақтағы ауылдардан алдыртудамыз. Оның ішінде көрші Солтүстік Қазақстан облысының іргелес аудандары тұрғындарының 80 пайызы сүттерін біздің зауытқа тапсыруда. Жай күндері 30 тонна сүт жеткізілсе, жаз айларында оның көлемі 50 тоннаға жетеді»,–дейді зауыт директоры.
Бұдан біраз бұрын кәсіпорында сүт өнімдерін сапалы өндіру үшін арнайы жабдықталған шетелдік технологиялар іске қосылған. Өндіріс орнында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Олар сырттан әкелінетін өнімдерге қарағанда отандық белгісі бар өз өнімдеріміздің тұтынушыға сапалы күйде жетуі үшін күні-түні еңбек етуде. Мемлекеттің кең көлемді қолдауына сүйене отырып, өндірісті әртараптандыру, кластерлік қадамдарға ден қоюда. Зауыт өнімдері Астана қаласы мен еліміздің жеті облыс орталығына, Ресейдің Омбы қаласына шығарылады. Кәсіпорынның өндірістік көлемін ұлғайтып, кадр мәселесін оңтайлы шешу мақсатында дуальді оқыту кафедрасын ашу жоспарланып отыр. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетімен меморандумға қол қойылды. Алдағы оқу жылында студенттер кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтетін болады.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс