Табыстың кілті – татулықта

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының кеңейтілген отырысы өтіп, оның жұмысына Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Жиында облыс әкімі Сергей Кулагин қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады. Жарыссөзге шыққан қоғамдық бірлестік жетекшілері, белсенді жастар қазақ тілінің дамуы жайлы ой қозғап, қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын ортаға салып, медиацияның ықпалы жайлы айтты. Отырыстың мәнді де мазмұнды өткеніне оң бағасын берген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова ақмолалық белсенділердің жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова Ақмола өңірі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына үлкен табыстармен келіп отыр деді. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы бойынша біздің облыс алдыңғы қатарда. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Елбасының тапсырмалары орындалу үстінде. Ең маңыздысы – 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіріп, экономикасы қуатты, дамуы тұрақты елге айналу. Болашаққа көз тігіп, тәуелсіз жерді «Мәңгілік Ел» етудің Ұлы жолына түсу. Бұл мақсаты айқын, мұраты мағыналы Ұлттық идея төңірегіне бірігудің абыройлы міндетін жүктейді дей келе, Гүлшара Наушақызы: «Бір халық», бұл – барлығымыз үшін ортақ ұлттық мүдделер, «Бір ел», бұл – барлығымыз үшін ортақ Отан. «Бір тағдыр», бұл – біз бірге жүріп өткен қиындықтар мен жеңістер. Міне, қазақстандық қоғамдық келісімді шайқалтпай ұстап тұратын табаны таудай үш таған. Қоғамдық келісімсіз мемлекет бір адым да ілгері жылжи алмайды деген Елбасының сөздерін алға тартты. «Қазақстандағы қоғамдық келісім, ең алдымен, қазақтың келісімі екендігін мықтап есте сақтаған абзал. Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес». Ендеше, Ассамблея – барша қазақстандықтың мүддесі! – екендігін де еске салды. Тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы, ұлттық қауіпсіздік пен Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы еліміздің айқын мақсатын аңғартады. Бүгінгі таңда өңірде бірлік пен ынтымақты ту еткен ұйымның 100-ден астам белсенділері бар, 45 этнобірлестік бір қолдың саласындай бірлесе еңбек етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов 25 жыл ішінде еліміз 5 бағытта жеңіске жетті деді. Бұл халық арасына жүргізілген сауалнама барысында белгілі болған. Барлық ұлт – бір халық идеясына топтасты дегенді қатысушылардың 90 пайызы қолдаған. Біз қауіпсіз елміз дегенге 85,3 пайызы дауыс берген. Әл-ауқатымыз жақсарған ел екенімізді 94,4 пайызы мойындаған, құқықтық және зайырлы елміз дегенді 89,3 пайызы мақұлдаған және сауалнамаға қатысушылардың 95 пайызы Елбасына сенеміз деген. Биыл ұлтаралық келісім мен татулыққа қатысты елімізде маңызды 200-ден астам шара өткен. «Жібек жолы бойындағы әңгіме» барысында 1522 шағымданушының 576 мәселесі жеделдете шешілген. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай қарашаның 1-і күні «Тәуелсіз Қазақстан» поезы 44 күн бойы 35 елді-мекенге ат басын тіремек. Қарашаның 21-і күні «Ұлы Дала» акциясы бастау алады. «Үлкен ел – үлкен отбасы» ауқымды республикалық акциясы желтоқсанның 9-ы күні Елбасының қатысуымен Астанада өтпек. Биылғы жылдың 9 айында қайырымдылық шараларына 300 миллион теңге аударылған. Ералы Лұқпанұлы жергілікті жерде Ассамблеяның жұмысын жандандыруға үлес қосқан Ғосман Төлеғұлға, Александр Положенцевке, Зоя Авиловаға, Наталья Милюкке, Светлана Корнееваға алғысын білдірді. Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының төрағасы Сергей Кулагин өңірде бірлік пен ынтымақ бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бүгінде облыста 745 мың адам тұрып жатыр. 45 этнобірлестік жыл басынан 130 түрлі шара өткізіп, оған 20 мың адам тартылған. Тілдерді оқыту жұмыстары жолға қойылған. «Мәңгілік Ел» тақырыбындағы жалпыұлттық диктант жазуға 5000 ақмолалық қатысқан. Өңірде 240 қоғамдық келісім кеңесі, отбасылық дәстүрлерді дамыту бағытындағы 9 клуб  және 116 медиация кабинеттері жұмыс істейді. Отырыста сөз алған Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледж студенті Лада Горошко ұлты поляк болса да қазақ тіліне деген құрметін көрсетіп, таза сөйлейтінін дәлелдеді. Абайы бар ел мәңгілік ел екенін айтып, ұлы ақынның өлеңін оқыды. Ақмола облыстық «Видергебурт» немістер қоғамы жастар қанатының қызметі туралы оның төрағасы Никита Бильман баяндады. Өзі еңбек ететін ұйымда қазақ тілі де үйретілетінін ортаға салды. Степногорск қаласындағы «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оксана Волкова-Михальская мүгедек балаларды қолдау бойынша жасалып жатқан игі істер жайлы айтты. Ал, Қарағанды облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация орталығының басшысы Татьяна Савицкая болса, судьялармен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі. Бүгінде осы бағытта 5 жоба жүзеге асырылып, 60 мектеп директоры және 300 қоғамдық келісім мүшесі арнайы курстан өткен. Отбасылық кикілжіңдер мен түрлі жанжалдарды шешуге ықпал ететін орталықтың жұмысы жақсы жолға қойылған. Ал, біздің өңірдегі дәл осындай медиация кабинеті де отбасы мүшелерінің ымыраға келуіне септігін тигізуде. Бұл туралы «Қоғамдық келісім» мекемесіндегі медиация кабинетінің медиаторы Дмитрий Диковенко айтты.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс