Табысқа жетудің сырымен бөлісті

Көкшетаулық танымал кәсіпкер, «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әсен Жақсылықов кәсіпорын қабырғасында колледж студенттерімен кездесіп, компанияның тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп, табысқа жетудің сырымен бөлісті. Аталған шара Көкшетау қалалық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылды. Болашақта табысты кәсіпкер болғысы келетін белсенді жастар кәсіпорындағы сүт өндіру және өңдеу бағытында атқарылып жатқан озық технологиялармен танысуға мүмкіндік алды.

Өзінің бизнесінде Әсен Дулатұлы қарапайым ережелерге бағынады. Бала кезінен көріп, түсініп өскен еңбекқорлық қасиетін ол жеке кәсібіне басты сипат етіп алған. «Қатардағы жұмысшы болғанымда мен компания басшысы болуды армандаған жоқпын. Алайда, кішкентайымнан оқуға құмар болғаным мені осы күнге жеткізді. Көкшетаудағы №4 орта мектепте білім алдым. Кәсіпорынға 18 жасымда келдім. Жұмысты слесарьлықтан бастадым. Осыдан он төрт жыл бұрын әкем өмірден өтті. Сеніп тапсырылған әке ісін жалғастыру оңай болған жоқ. 2005 жыл кәсіпорын үшін ең ауыр жыл болды. Банкрот болудың сәл алдында едік. Банктен несие алу қиынға соқты. 2007 жылы кәсіпорынды алматылық бір фирмаға жалға беруге тура келді. Күрделі кезеңде осындағы аға буын өкілдері көп көмек көрсетті. Банктен несие алу үшін пәтерлерін кепілдікке қойған азаматтардың жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. 2008 жылдан бастап кәсіпорын аяғынан қаз тұра бастады. Жұмысты алға жылжыту үшін тың бағыт керектігін түсіндім. Осылайша Назарбаев университетінде топ-менеджерлік бойынша арнайы курстан өттім. Кәсіпкерлікке басқаша көзбен қарай бастадым», – деп еске алады ол өткен күндерді.

Компания жылына 1,5 миллиард теңгенің өнімін өндіреді. Алдағы уақытта сүт өндірісін 70 тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Көкше өнімдері Астана қаласы мен еліміздің жеті облыс орталығына, Ресейдің Омбы қаласына шығарылады. 200-ден астам адам еңбек ететін кәсіпорында соңғы бірер жылда өндірісті жаңғырту жұмыстары қолға алынуда. Мемлекеттің кең көлемді қолдауына сүйене отырып, өндірісті әртараптандыру, кластерлік қадамдарға ден қоюда.

«Ең алдымен балмұздақ пен май өндірісіне баса назар аудардық. Сату көлемі 30 пайызға дейін артты. Тәулігіне 9 тонна балмұздақ, 2 тонна май өндіре бастадық. Біздің сүт өнімдеріміз 100 пайыз табиғи өнім болғандықтан, бағасы да арзан емес. Бұл қалыпты құбылыс деп ойлаймын. Қалада бір балмұздақтың бағасы 100 теңге екені белгілі. Біз көтерме саудалаушыларға 47 теңгеден босатамыз. Үстінен пайда көретіндіктен,  бірте-бірте адамдарда балмұздақ сатуға деген қызығушылық жоғарылады. Кәсіпорын бөлшек саудамен айналыспайды. Өзіміз саудаласақ, арнайы дүкен ашып, сатушылар тарту қажет. Сондықтан да біз үшін ең тиімдісі – осы әдіс болды. Әрі тауарды көбейтуге мүмкіндік алдық. Қала бойынша 140 сауда нүктеміз бар», – дейді Әсен Дулатұлы.

Әсен Жақсылықов қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Облыстық мәслихаттың депутаты, түрлі комиссиялардың төрағасы қайырымдылық жұмыстардан шет қалған емес. Кәсіпорын жұмысшыларына әлеуметтік пакет қарастырылған. Мамандар біліктілікті жетілдіру курстарына оқуға жіберіледі. Кадр мәселесін оңтайлы шешу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен дуальді оқыту кафедрасы ашылған. «Кәсіпорында жастар да көп. Ұжым еңбекқор, әрі ұйымшыл. Бізде іс-тәжірибеден өтетін студенттерге 50 пайыздық жалақы төленеді. Студенттер асханадан тегін тамақтана алады. Олардың жолақыларын да кәсіпорын өз мойнына алған», – дейді кәсіпкер.

Бүгінде компанияның басшысы болса да, ол әлі күнге дейін қарапайым жұмыстардан бас тартпағанын айтты. «Бала жастан техникаға құмар болдым. Содан болар, шаруашылықтағы трактор, комбайнға отырып жұмысқа кірісіп кететін кездерім аз емес.  Мал шаруашылығы да жаныма жақын. Ойға алған жоспарларымды іске асыруда отбасым да қолдау көрсетіп келеді», – дейді ол.

Әсен Жақсылықов жаңа идеяларды жүзеге асыру жолындағы кәсіпкер. Бизнесмен алдына өте үлкен мақсаттар қоятынын, әлемдегі танымал брендтер сияқты өнімдер шығарғысы келетінін айтып өтті:  «Көп адамдар сүт өнімдерінің ассортиментін неге көбейтпейсіздер? деген сауал қояды. Ол үшін сапалы шикізат қажет. Мысалы, ауыл-ауылдан жиналатын сүттің сапасы жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Сүтті сиырларды өзімізде ұстаудың сыры да осында. Қазіргі күні кәсіпорын мал шаруашылығымен де айналысады. 400 бас ірі қараның 200-і сүтті сиырлар.  Үш жылдан соң жаңа желі іске қосылғанда жоғары сапалы өнім өндіруге қол жеткіземіз деп ойлаймын».

Табысты кәсіпкер кез келген жеңістің артында еңбек пен білім тұратынына сенімді. Сұхбат соңында жас буынмен бірнеше маңызды кеңесімен бөлісті. «Бизнестің бастапқы кезеңі таза ақ парақ секілді. Жас кәсіпкерге біріншіден, білім деңгейін көтеріп отыру маңызды. Екіншіден, ақылды адамдармен араласу қажет. Олармен жай сөйлесудің өзі үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Еңбектену арқылы ғана жетістікке жетуге болатынына көзім жетті. Қазіргі күні өз кәсібін ашуға ниет білдіргендерге үкіметтен қолдау бар. Кәсіпкер болғысы келетіндер алдымен менеджменттің қыр-сырын үйренуі керек. Өз басым қоғамға кінә артып сөйлетіндерді қолдамаймын. Мен жастарға бизнеспен өмір сүру керек деп түсіндіремін. Әр адам арманына еруі керек қой», – дейді Әсен Дулатұлы.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий