Табыс кілті – жүйелі іс пен табанды қызметте

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Көкшетаудағы кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарында болып, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, алған әсерімен былайша бөлісті: «Алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі – өңір экономикасын дамытуға тигізетін пайдасы зор жобаларды қарап, оларға қолдау көрсету. Заман талабына сай өндірісті жетілдірмейінше, бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Содан кейін өнімді өткізу нарығын кеңейту маңызды. Осы мәселеге баса назар аудару керек». Сапар кезінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Өңір басшысының жұмыс сапары облыстық аурухананың күрделі жөндеуден өткен бөлімшелерін аралаудан басталды. Аурухананың бас дәрігері Серік Аяғановтың айтуынша, мұнда кадрларды іріктеу және кәсіби біліктілікті көтеру, заманауи қондырғылармен жабдықтау, сапалы дәрі-дәрмектер, жатын жай, азық-түлік мәселелерімен қамтамасыз ету сияқты бағдарламалардың орындалуына жете күш салынуда. Облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен емдеу мекемесіндегі жаңа технологиялармен жабдықталған бөлімшелердің жұмысымен танысып, ауруханадағы сапалы медициналық қызметке көз жеткізді. Өңір басшысы су тазарту ғимаратының жұмысымен танысты. Қалада сумен қамту желілерін жаңарту жобасы қолға алынуда. Оның құны 8 миллиард 451,2 миллион теңгені құрайды. «Көкшетау Су Арнасы» коммуналдық кәсіпорнының директоры Зейнұр Әлібековтың айтуынша, жобаны аяқтау үшін 1 миллиард 678 миллион теңге қаражат қажет. Осы ретте өткен жылдың сәуір айында халықаралық қаржы институттарынан заемдар тарту келісім-шартына қол қойылған болатын. Қазіргі уақытта Францияның «Seureca» компаниясымен су тазарту ғимараттарын жаңғырту жұмыстары бойынша техникалық зерттеу жүргізілуде. Бұл күні облыс әкімі қаладағы жылу беру мекемелерін де аралап, алдағы маусымға дайындықтарымен танысты.
Аймақ басшысы Көкшетау қаласының 2030 жылдарға дейінгі детальдық жоспарлау жобасымен танысты. Оның ішінде Қопа көлінің жағасын қалпына келтіру жұмыстары қарастырылған. Қазіргі кезде көл жағасын бойлай орналасқан ескі үйлер сүріліп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, бұл аумақтағы 31 үйді сүру жоспарланған. Ол үшін қала бюджетінен 384 миллион теңге қарастырылған. Ағымдағы жылдың ақпанында осы аумақтағы жер телімдері мен жылжымайтын мүлікті мемлекет қажеттілігіне алу туралы Көкшетау қаласы әкімінің қаулысы шыққан болатын. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен Береговая көшесінің бойындағы жылжымайтын мүлікпен бірге жер телімдерін сатып алу туралы келісім шаралары жүргізілді», – деп түсіндірді қала әкімі Ермек Маржықпаев. Жергілікті атқарушы билік демалыс орындарының таза да, әдемі қалпының сақталуы үшін жұмыстар жүргізуде, бірақ әлі де атқарылатын іс көп. Бұл игі істен кәсіпорындар мен мекемелер де қалыс қалмай, өз үлестерін қосуда. Сала басшылары абаттандыруға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы көл жағасы аумағын абаттандыру қажеттігін айта келе, бұл бағытта қолға алынған жобаны қолдайтынын айтты.
Сонымен қатар облыс әкімі Мəлік Мырзалин Горький-Сәкен Жүнісов жəне Горький-Əуезов көшелерінің қиылысындағы көлік ағынын реттеу үшін жол айырығын салу жоспарымен танысты. Оған қоса аймақ басшысы Капцевич жəне 8 Март көшелерінің бойындағы су кірген үйлердегі су сору жұмыстарымен танысты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советовтың мəліметі бойынша су сору шараларына тартылған техникалар тəулік бойы үзіліссіз жұмыс істеп, су басқан аумақтарды тазартуда. Аймақ басшысы тиісті сала қызметтеріне облыс жəне қала бойынша су тасқынының қаупі жоғары аумақтарды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұдан соң өңір басшысы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты. Серіктестік Беларусь елінің коммуналдық және ауылшаруашылығы саласының озық техникаларын құрастырумен айналысуда. Атап айтқанда, жоғары сұранысқа ие ауылшаруашылығы техникалары, оның ішінде жаңа тракторлар да бар. Қазір сапасы жоғары отандық техникаға еліміздің барлық өңірлерінен сұраныс артқан, бағалары да қолжетімді. Сапасына кепілдік бар. Сондықтан отандық шаруашылықтар алыстан алмай, өзімізде шығарылған техникаға таңдау жасауда. Тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрін шығаратын кәсіпорын тапсырысқа сай біртіндеп қуаттылығын арттырып келеді. – Алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі – өңір экономикасын дамытуға тигізетін пайдасы зор жобаларды қарап, оларға қолдау көрсету. Заман талабына сай өндірісті жетілдірмейінше, бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Содан кейін өнімді өткізу нарығын кеңейту маңызды. Осы мәселеге баса назар аудару керек», – деді өңір басшысы. Облыс әкімі ат басын тіреген келесі нысан – индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының септігімен серпін алып келе жатқан өндіріс ошақтарының бірі – «Көкшетау минералды сулары» зауыты. Кәсіпорында қазір өндірілетін өнім түрлері көбейген. Негізінен табиғи қоспалар пайдаланылатын өнімдер әркез сұранысқа ие. Олардың қатарында газдалған және газдалмаған су мен тәтті сусындар бар. Қондырғылар толықтай жаңартылды. Сондықтан сапалы әрі табиғи өнім өндіруге мүмкіндік бар. Кәсіпорын өндіретін өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сонымен қатар Ресейдің нарығында да сұранысқа ие. Таза табиғи судың сапасын жоғалтпау үшін жер қойнауы да жіті зерттеліп, жаңа шикізат қорлары ашылуда. Кәсіпорынның жұмыс қарқынын арттырып келетіндігіне көз жеткізген облыс әкімі өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын жақсарту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілетіндігін айтты. Сапар соңында «Авиценна» емдеу-профилактикалық мекемесінде болған өңір басшысы жаңа аппараттардың сапасына назар аударды. Өңір тұрғындары үшін терапевт, УЗИ, хирург, невропатолог, педиатр, кардиолог дәрігерлер жұмыс жасауда. Орталық құрылтайшысы Юлия Гагаркинаның айтуынша, мекемеде қызмет көрсететін 98 қызметкердің 56-сы дәрігерлер. Барлық мамандар тәжірибелі медицина қызметкерлері.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс