Тазалық жұмыстары жалғасады

Ару шаһарымыз Көкшетау қаласы жылдан-жылға жаңарып, жасарып келеді. Тек биылдың өзінде ғана қала аумағында 25 шаршы метр алаңға гүзарлар жасалып, 5 мыңдай ағаш отырғызылды. Бұқпа тауының баурайында, Зеренді автожолының бойындағы экологиялық паркте де осы тақылеттес игілікті шаралар жүзеге асырылды. Атқарылған жұмыстар, алда тұрған міндеттер жақында өңірлік коммуникациялар қызметінде болған баспасөз мәслихаты кезінде жан-жақты әңгіме болды.

Облыс орталығын көгалдандыру мен абаттандыру жөніндегі 17 сәуір мен 17 мамыр аралығында өткен айлық барысында қала аумағы 218 учаскеге бөлініп, 178 ұйым жұмылдырылды. Айлық аясында 1700 түп ағаш егілді. Қала сыртына 3100 текше метр қоқыс шығарылды. Шараға 12393 адам қатысты. Сенбіліктерде 5236 қап қоқысты сыртқа шығарып, 36 қоқыс полигоны жойылды, 10208 түп ағаш әктелді. Шара аясында ескі әуежай, «Сарыарқа», «Көктем», «Васильковка» мөлтек аудандарының аумақтарын абаттандыруға 85 студент, 45 коммуналдық қызмет өкілдері жұмылдырылды. Жалпықалалық сенбілікке коммуналдық қызмет өкілдерінен бөлек, жекелеген ұйымдар, жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен жалпы білім беретін мектеп ұжымдары да белсене атсалысты. Тазалық бейсенбілігіне 232 адам қатысып, 2 қоқыс полигоны жойылды. Күл-қоқыстарды қала сыртына шығару үшін коммуналдық шаруашылық қызметтерінен 100-ге жуық техника жұмылдырылды. Қостанай бағытындағы айналма жол, Бұқпа тауы аумағы қоқыс-тан тазартылды.
Баспасөз мәслихатында қала тазалығы мен абаттандыруға қатысты журналистер тарапынан сауалдар қойылды. Шаһардың санитарлық жағдайына баға берген коммуналдық шаруашылық өкілдері рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс төгу мәселесінің басты себебін тұрғындардың салғырттығымен түсіндірді. «Тазалық» ЖШС-гі директорының орынбасары Анатолий Черняевтің айтуынша, әсіресе, жекеменшік сектор тұрғындары коммуналдық кәсіпорындармен қоқыс шығару жөнінде келісім-шартқа отырмайды. Краснояр бағытындағы жол бойына қоқыс контейнерлері қойылды. Алайда, қоқысты сыртқа төгу тыйылар емес. Саяжайлардағы мәселе де осыған ұқсас. Жекеменшік тұрғын үйлер үшін учаскелік полиция жауапты. Айта кетсек, тазалық сақтамағандарға айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткіштен 100-ге дейін өссе, ал заңды тұлғаларға одан көп мөлшер белгіленген.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс