Тазалық мәдениеті өзіміз үшін керек

Қала келбеті тек сәнді үйлермен, сәулетті ғимараттармен, жасыл желекпен ғана өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Көкшенің ажары тазалығына да байланысты. Қала көшелері мен демалыс орындарына гүл егу жұмыстары қарқын ала бастады. «Зеленстрой» серіктестігінің мамандары жылдағыдай қаланың орталық көшелері мен демалыс орындарын көздің жауын алатын әсем гүлдермен көмкеру жұмыстарына кірісуде. Қаламызда шафран, петуния, тагетис сияқты гүл көшеттері жерсіндірілуде.

Қаланың тазалығы ауладан, әр отбасынан басталады. Десек те, бізде әлі де тазалық, экологиялық мәдениет деген орнықпай келеді. Шынын айту керек, егілген талдарды жұлып, қоқысты кез келген жерге тастай беретін адамдар жетерлік. Бұл – адамдардың мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Қаланың тазалығы басқаға емес, ең бірінші кезекте өзіміз үшін керек. Қоғамдық орындарда шылым шегіп, сағыз тастап, қоғамдық тәртіпті бұзған жандарға қолданылатын айыппұл қоқыс тасDSC_2289тайтын адамдарға да қолданылса дұрыс болар еді. Қала тұрғыны Тасжан Тайлақов та осындай пікірде. Аулалардың бәрі таза, мін жоқ деп айта алмаймыз. Есіктерін тарс жауып алып, үй тазалығын ғана ойлайтын тұрғындарға қынжыласың. Немқұрайлылығына амалсыз бас шайқайсың. Тазалық жоқ жерде берекенің болмайтыны белгілі. Қанша жерден сенбіліктер өткізіп, айналаны ретке келтіріп жатсақ та, кейбір жаны ашымайтын, санасы таяз жандардың кесірінен кез келген жерде күл-қоқыстар пайда болып, лезде тазаланған жерлер ластанып жатады. Бұған кім кінәлі деген сауалға жауап іздесек, өзіміз, өзіміздің айналамызда жүрген адамдар, жасөспірімдер, әсіресе, ересектер болып шығады. Үлкендер жағы өсіп келе жатқан балаларымызға шемішке қабығын, балмұздақ, конфет қағаздарын жерге тастама, жүрген жеріңді ластама деп ақыл айтамыз да өздеріміз керісінше жасаймыз. Аула түгілі, кейбіреулер үйлерінің дәліздеріне жеген тамақтарының қалдықтарын пакетке салып, кез келген жерге тастай салады.

DSC_0022Кейде нанның да аяқ астында жататынын көреміз. Көшеде шемішке шағып, қақырынып-түкіріп, айналасын бүлдіріп жүргендер өздерінің қылықтарын ұят санамайды. Себебі бұл біздің үйреншікті әдетімізге айналып кеткен. Бүгінде тазалық тек үлкен қалалардағы, елді мекендердегі ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, қолынан сыпырғысы мен қапшығы түспейтін азаматтарға қажет секілді. Жапон елінде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiн қағазды көшеге тастамайды. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады. Шетелдегідей тазалыққа жету үшін, ең алдымен біздің адамдардың мәдениетін жетілдіру керек. Жәй айтқанды түсінгісі келмейтін жерлестерімізді тәртіпке шақырып, жүрген жерін ластағандарға көп мөлшерде айыппұл салса, адамдар әлгіндей берекетсіздікті азайтар еді.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс