Тазалық әркімнің өз ауласынан басталады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 21 сәуірде облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту, көпқабатты тұрғын үй аулаларының абаттандыру, көгалдандыру және жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қала басшысы алдымен көпқабатты тұрғын үйлердегі абаттандыру жұмыстарын да қарап, жергілікті тұрғындардың пікірін тыңдады. Есенберлин көшесі,
1 үйдің орталықта болғанымен жолының асфальтталмағанын, балаларға арналған ойын алаңдарының жоқтығын қынжыла баяндады. Толассыз жауған жауыннан кейін тротуарлар, кіреберіс жолдар суға толып кетеді екен. Осы ретте, қала әкімі ең алдымен жолдар мен қоршаулары ретке келтіріліп, спорт, ойын алаңы жасалатындығын жеткізді. Тұрғын үй аулаларындағы ретсіз орнатылған ескі гараждарды тез арада алып тастауды тапсырды.
Қала басшысы Горький көшесі, 76, Уәлиханов көшесі, 160 мекенжайларындағы аулаларға да бас сұқты. Мұндағы кіреберіс жолдарды күрделі жөндеп, балалар алаңқа-йын орнату қажет. Алдағы күндері бұл
аулаларды абаттандыру жұмыстары қолға алынатын болады. Асфальттық жабындылар жаңартылып, ағаш егіліп, көгалдандыру шаралары жүзеге асырылады. Ал, аула тазалығы мен қауіпсіздігін тұрғындардың өздері қамтамасыз етулері керек.
Өткен жылдан бері Көкшетаудағы көпқабатты тұрғын үй аулаларында спорт және ойын алаңдары көбірек салынуда. Және олар уақыт талабына сай ерекше бір әсемдікпен бой көтеруде. Бұл – тұрғындар үшін бір жағынан мәдениеттіліктің, екіншіден, салауатты өмір салтын қалыптастырудың белгісі. Адамдар қаладағы спортзалдарына ағылмай, бос уақыттарын өз ауласында өткізе алады. Осындай ізгілікті шараларға қала тұрғындары да ризашылықтарын білдіруде. Сондай-ақ, қала басшысы Янко көшесі, 90 үй тұрғындарының өтініштеріне орай жер үй аумағының жолы жөнделетіндігін мәлімдеді. Тұрғындармен әңгіме барысында жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға бере отырып, әркім өз ауласының маңайын абаттандыру мен көгалдандыруға жауапкершілікпен қарауы керектігін ескертті. «Сұңқар» 6 мекенжайындағы үй аулаларының арасында талай жылдан бері құрылысы аяқталмаған ғимаратқа қатысты да көп сын айтылды. Құрылыс алаңдары қауіпті нысан болып табылады. Сондықтан, ол жерде жұмыс басталмай тұрып-ақ, айналасы қоршалуы тиіс. Ол қоршаулардың сыртқы көрінісі, материалы және құрылысына қойылатын белгілі бір талаптар бар. Сол себепті қала әкімі Е.Маржықпаев тазалық пен тартымдылықты үйлестіре отырып қана тұтынушылар көңілінен шығуға болатындығын ескертті. Бұдан былай қаланың сәнін бұзатын жарамсыз құрылыстар, көріксіз ғимараттар мәселесімен қала әкімшілігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы нақтылы шұғылданатын болады.
Қала әкімі аулаларды аралау барысында көтерілген барлық мәселені жіті назарда ұстап, шешімін табуға жәрдемдесетінін айтты. Көшелердің сан-мыңдаған тірлігіне араласып, оны оңтайлы шешу оңай атқарыла салар шаруа емес. Мәселен, жол жөндеу, жаңбырдағы лай судың ағатын жерлері, адам жүретін тротуар мәселелерінің өзі инженерлік жүйеге сәйкес жүргізілуін талап ету маңызды шаруа. Қаланың шеткері аумақтарында да кемшіліктер жоқ емес. Қажымұқан көшесі бойындағы жер үй тұрғындары жол салу, жылу тарту мәселесін алға тартты. Қала басшысы аталған мәселелер кезең-кезеңмен шешімін табатындығын айтты. – Біздің жұмыс қай жағынан алып қарасақ та барлығына жариялы түрде болуы керек. Тұрғындар атқарушы билік немен айналысып, қандай түйткілді мәселелерді шешіп отырғанын білуі тиіс, – деді қала әкімі Е.Маржықпаев. Қала әкімі жұмыс сапары барысында қаладағы жекеменшік үйлердің аумақтарындағы тазалық деңгейі төмен екендігін сынға алды. Көшелердегі олқылықтарды көзімен көріп, кемшіліктерді баса айтқан қала әкімі Е.Маржықпаев жауапты тұлғаларға бір аптаға дейін кемшілікті түзеу жоспарын жасауды тапсырып, осы аптада қаланы тағы да аралайтындығын ескертті.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс