Тазылар мен төбеттер көрмесі

«Құлагер» ипподромында 8 қазанда алғаш рет ұлттық және аңшылық иттердің көрмесі өтті. Аталған шараны «Қансонар» республикалық аңшылар және аңшылық шаруашылығы нысандарының республикалық қауымдастығы Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды. Оның жұмысына «Қансонар» республикалық аңшылар қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев, иттердің қазақи түрлерінің білгірі Қанат Ахметов қатысты.

Қазіргі уақытта иттердің 400-ден астам түрі бар екен. Бір де бір үй жануары осындай кең көлемде кездеспейді. 50-ден астам ит түрі аңшылыққа машықтанған. Ұйымдастырушылар мен сарапшылардың пікірінше олар: түлкі алатын, інге салатын, ретривер деп түр-түрге бөлінген. Дәлірек айтар болсақ, Қазақстанда: неміс дратхары, курцхар, лангаар, батыс-сібір лайкасы, фин шпиці, орыс-еуропалық лайкасы, сібір лайкасы, неміс ягдтерьері, джек-рассел-терьер, парсон-рассел-терьер, фокстерьер, вельштерьер, эрдельтерьер, орыс-эстон тазысы, поляк огары, жапондық айну, такса, ағылшындық сеттер, шотландық сеттер, бассет-хаунд, бладхаунд, далматин, ағылшын фоксхаунды, бигль, пойнтер, лабрадор ретривер, грейхаунд, уиппет және қазақ тазысы мен төбеті бар. Осы тізімдегі көптеген ит түрі рингтердегі сайыстарға қатысқан. Айта кететін жайт, 2014 жылы 160 тазының қатысуымен бірінші рет республикалық байқау өтті. Осы бағыттағы байқау 2015 жылдың сәуір-маусым айларында республикамыздың өңірлерінде де өткізілді. Бұл олардың нақты санын анықтап, әрмен қарайғы сұрыптау жұмысына пайдалануға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 156 тазы жиналды. 2015 жылдың қыркүйек айында республикамызда бірінші рет тазы көрмесі өткізіліп, оған 72 асыл тұқымды қазақы тазылар, төбет байқауына 19 төбет қатысты. 2016 жылы өңірлік байқау ұйымдастырылды. Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан көрмеге қатысушылар аталған шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап көрсетіп, лайықты баға берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс