Талант пен тапқырлық

(Арқалы ақын Баянғали Әлімжановтың «Өзен де өзен, өзен жыр…» атты өлеңдер топтамасын оқығаннан кейінгі ой)

Бәлкім тіпті, мақаламыздың тақырыбын «Талант пен тапқырлық» деп қоюымыздың өзі жөн емес шығар. Өйткені, талантты адамның тап-қыр болары кәміл ғой. Таланты тасып, оттай жанған адамға тосқауыл жоқ. Қай қиырға салсаңыз да, қай дүбірге қоссаңыз да алдын бермейді. Жасынан жасындай жарқылдап, айтысқа да түсіп, кино да түсіріп, драма да, проза да, поэзия да жазып, соңғы уақытта қырғыздың «Манасын» қазақша жыр-лап, өзі жазып орыс тілінде роман шығарып өзінің сан қырлы талант иесі екенін он мәрте дәлелдеген Баянғали Әлімжанов ағамыздың «Қазақ әдебиеті» газетінен, одан кейін «Мағжан» журналынан «Өзен де өзен, өзен жыр…» деп аталатын топтамасын оқып, тебірендік.

Қазақ әдебиетінде өзінің туған жерін, өлкесін өлеңге қосқан, сол арқылы өңірінің табиғатымен етене таныстырған ақындар баршылық. Мәселен, Көкшетауды Еркеш Ибраһим қалай келістіріп жырлады, қаншама өлең жазды.
Құлагер аунаған қырыңнан айналдым,
Шоқаның шомылған көліңнен айналдым! – деген сияқты сүйкімді жырлары тіл ұшына орала беретіні шын. Ал, Баянғали ақын болса кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өзендерді аса бір сүйіспеншілік, үлкен махаббатпен жырлапты. Ойлана, аялай оқыдық. Жүрек алқымға тығылғандай. Өйткені, бұл туған жеріміз, ақ бесігіміз, қара шаңырағымыз сияқты анадай ардақты аяулы өзендеріміз туралы жырлар ғой!
Біріншіден, қандай тапқырлық! Айналайын ата жұрт, сайран даламыздың сылдырап аққан әр суын жырға қосу қандай ғанибет. Әр өзеннің бойында ата-бабамыз ен жайлап отырды, төгілтіп күй төкті, асқақтатып ән салды, күлдір-күлдір кісінетіп күреңді мініп, жауға аттанды. Әр өзеннің бойында нелер оқиға өтпеді, нелер тарих қалмады. Перзенттерін сусындатып толқынында тербеп талай ұрпақты өсіріп келе жатыр бұл өзендер! Оларды жырға қосудың маңызы зор, тіпті парызымыз шығар. Соны талантты ақын тап басып тауыпты-ау. Бұл бүгінгі қазақтың сол киелі суларға, ағынды өзендерге деген тағзымы шығар.
Екіншіден, жас ұрпақтың тарихты, жер-суды білуіне, оқып үйренуіне қалай қолайлы. Бұл өлеңдерді пайдаланып керемет танымдық сабақтар өткізуге болады ғой. Аталған өзен қай өңірде, ол өзен қандай тарихи оқиғаларға қатысты айтылады, ол өзен бойында қай батыр туған, қай батыр одан өткен, өзен неге олай аталған, тағысын тағы сұрақтар қойып, балалардың білгенін толықтыра түсуге болмас па? Биылғыдай «Балалар әдебиетінің жылы» деп аталған жылы тағылымды шаралар өткізуге сұранып тұрған жоқ па?!

Жер-судың аты жадыңа,
Бабаның жазған хатындай.
Киелі сөздер қайда бар,
Айшықтап қойған атыңдай?!

Аруақты жерді ардақтап,
Қоймаған қазақ жаман ат.
Байырғы атау – байлығың,
Атадан қалған аманат!

Өлкені кезген өзендер,
Өсірген елдің өркенін.
Атамыз атын дәл қойып,
Қалдырған сөздің көркемін.

Өлеңнің жайып қанатын,
Жер бетін шарлап кезейін.
Өзіме қызық көрінген
Өзенді жырлап берейін!

– деп ағынан жарыла сөз бастаған ақын «Ертіс пен Обь», «Еділ мен Жайық», «Есіл», «Нұра», «Тобыл», «Шағалалы», «Аспара», «Шарын», «Қапал», «Арасан», «Днепр мен Жанысбай», «Тышқан», «Текес», «Елек пен Шелек», «Торғай», «Ырғыз», «Кеген
мен Бөген», «Түрген», «Леп пен Лепсі», «Үлбі», «Кеңгір», «Шыңғыр-
лау», «Қапшағай», «Талас», «Шу», «Іле», «Келес», «Қобда», «Жабай», «Аса», «Талғар», «Арыс», «Бұқтырма мен Бұқпа», «Өсек-Өссек», «Күнес», «Ойыл, Ор, Жем мен Сағыз», «Бақанас», «Сілеті», «Қылшақты», «Қамсақты», «Қорағаты», «Ырғайты мен Ноғайты», «Көкпекті» деп атап, аталған өзендерге жыр арнайды. Осылай, атауларын бір-бір атап шыққаныңның өзінде ой-қиялың жазира жұртыңның батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін түгел шарлап шығады. Ал, ақын әр өзеннің қасиетін, ерекшелігін аса бір мейі-
ріммен сипаттап өтеді. Бірі өршіл, бірі жуас, бірі кең, бірі тар, бірі таяз, бірі терең өзендер. Әрқайсысының өзіне тән мінезі, міндеті, тағдыры бар. Өлең арқылы көрмеген өзеніңді көргендей, онымен сырласқандай боласың. Бірден-ақ кеудеңді қуаныш пен сағыныш оты кернеп, ерекше күйге түсесің. Біріне бардың, бірін көрдің, бірін біліп, бірін білмедің. Тарих пен әдебиеттен хабары бар адамға таныс емес өзен жоқтың қасы. Енді бірін әннен естідің, жадыңда қалды.

Мүлгіген тыныштық айнала,
Шу бойы ырғалып жай ғана…
* * *
Ойыл қайда, Жем қайда…
* * *
Бойында Арыстың,
Өзіңмен таныстым.
* * *
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық.
* * *
Қобда, Нева суларын сүйіп өскен…

Әлгі өзендердің бірінің атын атап бірде мақпал-қоңыр дауыс-
ты Қайрат Байбосыновтың, бірде шырқау биікке самғаған Роза Рымбаеваның дауысы жетеді құлаққа. Өзіңнің балалығың қалған, суына шомылған өзенің көз алдыңа келеді. Міне, Баянғалидың осынау атақты жырының ішінде өзіміз күнде көріп жүрген Қылшақтыға арналған да өлең жүр.

Қылыштай өзен Қылшақты,
Сызылып аққан жарқырап.
Даладай жайлы мінезі,
Атпайды көбік сарқырап.

Арнасында аңыз боп,
Қылыш аққан Қылшақты.
Өз жолынан жаңылмай,
Дұрыс аққан Қылшақты.

Қопаға қарай ұмтылған,
Қылшақты таза, қылшықсыз.
Қалаға келіп былыққан,
Даланың суы кіршіксіз.

Айналып балдыр, шалшыққа,
Тарылып әбден тынысың.
Тұрсың ба көніп, зорлыққа,
Қылшақты, қайда, қылышың?

Міне, Байекең Қылшақтымыз-
ға осындай өлең арнаған. Осы төрт шумақ жырдан не ұғамыз? Алдымен, «Қылшақты» деген сөздің төркінін, «Қылыш ақты», «Қылыш аққан» деген сөзден шыққан атау екенін ұғамыз. Жеке, «қылшақты» деген сөз түсініксіз, мағынасыз ғой. Одан әрі бір кезде бұл өзенге қылыш аққандығы туралы аңыз болғандығын аңғарамыз. Содан соң оның сызылып аққан баяу ағысты, жуас мінезді өзен екенін білеміз. Одан ке-
йін оның далада кіршіксіз таза қалыпта, қалаға келіп кірген соң тынысы тарылып, балдыр-шалшыққа айналғанын түсінеміз. Өлең арқылы. Демек, құрметті көкшетаулықтар, бұл жерде бізге де сын айтылып тұр. Жарқырап аққан тап-таза өзенге зорлық көрсетіп, оны ластап отыр-мыз. Ойланайық, өзенге оны-
мұны лақтыруды қояйық, ұрпағымызды тазалыққа, өзен-көлді сыйлауға үйретейік.
Өткен жылдан бері Қылшақтының да бағы жанды, әрине. Қала ішіндегі бөлегі өскен қоға-қамыс-тан тазаланып, түбі аршылып, жағасы кеңейтіліп, кенересіне тас төселіп, көркі кіріп қалды. Ақын сыны, сөйтіп, ескерілді деуімізге болады.
Сөзімізді қазақтың барлық өзенін жырына қосқан кең жүректі жалынды ақынның таланты мен тапқырлығына, туған жерді, елді емірене сүйген мейірбан жүрегіне тәнті екенімізді тағы бір айтып тәмамдадық. Бұл да қарымды қаламгердің ел үшін атқарған үлкен бір қызметі.

Серік Жетпісқалиев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий