Талап-тілектерін тыңдады

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов кезекті тұрғындарды қабылдауын өткізді. Бұл жолы алты адам тіркелген екен. Бірінші болып зейнеткер Тоқтарбай Омаров кіріп, қала басшысына өзі тұратын Бөгенбай батыр көшесі тұрғындарының шағымын егжей-тегжейлі, құжат-хаттарға сүйене отырып жеткізді. Ол бірқатар мемлекеттік мекемелердің соңғы үш жыл бойы бір-бірлеріне сілтеп, көшеге су тарту мәселесін шешпей келе жатқанын алға тартты. – Әлі келген ауқаттылар скважина қазып, желі тартып су енгізіп алған. Ал, шамасы келмегендер жарты шақырым жерден су тасып әлек,– деді Тоқтарбай Омарұлы. Әкім ол ұсынған құжаттармен жете танысып, алдағы аптада арнайы барып көріп, бұл мәселені шешуге тырысатынын айтты.
Ботагөз Смағұлова Ауған соғысына қатысушының жесірі екен. Сұрағы тұрып жатқан үйін жекешелендіру жөнінде. Қала басшысы оны қолдап, құқық бөліміне заң жолымен үйін заңдастыру жолдарын қарастыруды тапсырды.
Светлана Красько Баймұқанов көшесі 118/105 үйлерінің ауласынан қоқыстың шығарылмай, өткен жылғы жөндеуден қалған құрылыс қалдықтарының сол күйі жатқанын, тұрғындар үшін өте қолайсыз екенін жеткізген. Әкім күні ертең ол ауланы барып көріп, жауапты мекемелерге тапсырма беретінін айтты.
Сондай-ақ, қабылдауға келген Наталья Пудовкина, Махида Хасанханова, Меңдібай Алшынбаевтардың арыз-шағымдары тыңдалып, жауап қайтарылды. Осындай қабылдауды Амангелді Смайылов Красный Яр кентінде де өткізді. Онда қала әкіміне кірген Александр Данилов сұйық қалдықтар жүйесінің қайта қаралуын сұрады. Көлікпен тасымалданатын жер қашықта болған соң арнайы құдықтарды тазалау үшін тұрғындар үш мың, бес мың төлеуге мәжбүр. Бұл аз шығын емес. Оның үстіне ол көліктер қала ортасымен жүреді. Ол да қолайсыз. Сол себепті, Элита шағын ауданының сұйық қалдығын бұрынғы ізімен желі арқылы әкетудің жөні қиыстырылса. Ол жұмыстың картасымен жете танысқан әкім жауапты мекеме басшыларына тапсырма беріп, мәселені оңға шешетінін айтты. Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары атынан келген Александр Ежовтың да алға қойған сұрағы алдыңғы мәселемен байланысты болды. Киров көшесінің тұрғыны Мәлік Бексейітов 2010 жылдан бері сол көше жұртының ауыз сусыз екенін, көлік ағылған көшелерден өтіп алыстан су тасып жүргендерін жеткізді. Әкім оған ол көшеге су тарту мақсатымен тек келер жылы ғана қажетті жобалар жасалып, құжаттар дайындалатынын, одан арғы жылы ғана су желісі тартылатынын түсіндірді. Одан кейін кірген Юлия Гречихинаға үй кезегіне қалай тұру керектігі, Жырғау Туғанбайға келетін су қысымы төмендігінің, автобус қатынасының сиректігі себептері түсіндіріліп, қойылған сұрақтардың шешімдері қарастырылатыны айтылды.
Әкім Красный Яр тұрғындарына алдағы уақытта бұл кенттің көшелерін жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарының одан әрі жалғаса беретінін хабарлады. Демек, Красный Яр жаңғырып, жетіле түспек.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий