Талғамы биік, стилі ерекше журналист еді…

Журналистика да өнердің бір түрі. Жаратқан ие бойыңа қабілет дарытпаса қанша оқысаң да, күні-түні жазсаң да журналист болып жарытпайсың. Жай, қара көбейтіп, қарадүрсін бірдеңелерді түртіп, редакцияға кіріп-шығып жүремін демесең…

Марқұм Қажыбай Қабыл-Фазыл ағамыз шын мәнісінде талантты журналист еді. Иі босаң, шұбыртпа жазудан, жауыр болған тақырыптардан бойын аулақ ұстайтын. Әлдебір елең еткізер, өткір тақырып тауып, соны шебер сипаттайтын. Өзіне ғана тән жазу стилі болатын. Сөйлемдері қысқа, айтар ойлары айқын болады. Таптаурын сөз тіркестерін қайталамайды. Пікірді сипай қамшылап, алыстан орағытып жеткізбейді, төтесінен тартады. Көптің айта қоймайтын, айтпайтын дүниелерін жазған соң, оқырманы оның қай мақаласын болмасын құр жібермейтін. Оқитын. Ол тіпті, қайсібір жолдас-жорасының мерейтойы тұсында жазылар қарапайым мақалаларының өзін оқырманын жалықтырмай, тартымды қылып өретін. «Стиль – жазушының өзі» демекші, жазу стилі қаншалық жинақы, шашаусыз, әділ болса, өмірдегі жүріс-тұрысы да сондай еді. Қашан көрсең тап-тұйнақтай таза, жүрісі ширақ, көңілі сергек. Кімнің болмасын кемшілігін де, жақсылығын да бетіне айтады. Жас-кәрі деп емес, көңілі соққан, өзі сыйлаған адамдармен әзіл-қалжыңы жарасып жүретін.
Жалпы ұстанымынан биік талғам анық аңғарылатын. Өзі турашыл адам сол талғамынан шыға алмағандардың кейбір олқы тұстарын, бәтуәсіз қылықтарын сынға алса, оны олар жақсы көруші ме еді. Оның көзіне түспей, сырт айналатындар болатын. Алайда, әділ сөзі, адал пікірі, өз кәсібінің шебері ретінде кейінгі інілері құрмет тұтатынбыз. Тік мінезі, такәппарлау болмысына қарамастан ол да інілеріне ізетпен қарап, сыйласып жүретін.Оның облыстық телевидениені алғаш құрушылардың, оның алғашқы қызметкерлері қатарында тұрғандардың бірі екені де қызықты дерек. Ол сол кездегі телевидениенің техникалық мүмкіндігі, жұмыс істеу рет-жөні, кімдердің қандай қызмет атқарғандығы туралы айтып та, жазып та берген-ді. Саясаттану пәнінен сабақ беріп, сол ғылымның бүге-шігесіне үңіліп, оны өз өмірлік тәжірибесімен толықтырып, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында демократияның дамуына үн қосып, мақалалар жазуы оның азаматтық позициясын, белсенділігін, біліктілігін көрсетеді. «Саясаттану профессоры» ретінде ол жас ұрпақтың сауаттануына өзіндік үлес қосты. Алайда, Қазақтың С.М.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған Қажыбай ағамыз, әрине, ең алдымен қаламы қарымды, ерекше стильді, шебер журналист еді. Жазған-сызғанымызға оның айтар әділ пікірі, шынайы бағасы жетіспейді, бұ күнде. Өйткені, ол, көңіл үшін емес, өнер үшін шындықты айтатын. Көп адамның шуылдай айтқан көл-көсір бағасынан, оның «мынау» деп бас бармағын көрсеткені артық еді. Дүниеде шындықтан гөрі жалған сөздің көбірек айтылары белгілі ғой. Ерекше тұлғаңыз естен кетер ме, Қажеке!..

Серік Жетпісқалиев,
журналист-жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс