Тал туралы толғаныс

Көпшілік тірлік кешіп, ұрпақ өсірген, еңбек етіп, нәпақа іздеген қалаға таза ауа, дем-тыныс, көркемдік те керек. Сол үшін жыл сайын көше бойы, бақтар мен алаңқайларға көптеп жас тал егіледі. Тамырын таратуға, жер-анадан құнар алуға тырысады әлгі әлсіз өскін. Бүр жарып, күнге жайылған алақандай жапырағын тосады. Өсуге, биіктеуге құштар, арманға қанат қағуға құмар жеткіншектей. Иә, жас тал да жас сәби іспетті. «Мына дүниеге келген соң әркім кем дегенде бір тал егіп, бір үй салып, артына ұрпақ қалдыру керек» деген қағида тағы бар. Жоспар, сенбілік, міндеттер өз алдына, онсыз да әркімнің көктем сайын тал еккісі кеп тұратыны шын. Әлдебір ішкі қуат қолыңа күрек алып, бусанып, босаған жерден жаңа қазылған шұқырға солқылдаған жас шыбық еккеніңді қалайды. Сол сәтте өнбойыңды ерекше бір әсер толқыны жайлайтыны ғажап!.. Ғұмыр-әрекетіңнің тал бесігіне осы күнің үшін алғыс-рахметіңді білдіріп, жүрегіңнің мейірбандығын, ниет-пейіліңнің кеңдігін білдіріп, табиғат-анаға бас игендей, сәлем бергендей, қызмет көрсеткендей боласың. Бәлкім, мынау жетегіңде жүрген немере-шөбереңе, өзіңді қадір тұтқан қоғамға қалдырған ізің, белгің де шығар.

z_202c02ea

Ал, сөйтіп, үлкен тебіреніс үстінде отырғызған көшетіңнің одан арғы тағдырын естен шығаратының өкінішті-ақ. Талыңды ектің, қуандың, толқыдың. Сырт айнала беріп, күйкі тірліктің күйбеңіне кірістің де әлгі өскінді ұмыттың. Ол да өсуге талпынған сәбидей еді-ау!.. Тастап жүре бердің… Жауын-шашыны көп, жері құнарлы, жер асты өзендері де жетерлік Көкшеде өсімдік өсірудің, оның ішінде ағаш өсірудің аса бір қиындығы жоқ. Алғашқы апталар, алғашқы айларда ғана түбі құрғап, немесе, қатты желден зақым көрмесе болғаны. Еккен ағашымызға сол алғашқы уақытта қамқор болсақшы. Қаланың бағбандары өз жұмыстарын мінсіз атқарады, мігір көрмейді. Алайда, өзіміз де қол ұшын созсақ, артық болмас еді, шіркін?! Сонда, Көкшетауымыз әлемдегі ең бір жасыл қалаға, көркіне көз тоймас, шаң-тозаңсыз, жұмақтай шаһарға айналмас па еді? Көкшетау сондай болуға тиіс, міндетті де ғой! Тек өткен жылы ғана қала бойынша 6 мыңға жуық ағаш отырғызылыпты! Алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе көп. Керемет емес пе?! Мұншалық тал егу ешқашан болмаған сыңайлы. Ендігі бар мәселе – сол егілген әр талдың тамыр тартып, жапырақ жайып кетуі. Көше бойлап келе жатсаң, қаз-қатар егілген көшеттердің кейбірінің сынғанын, кейбірінің солып қалғанын көресің. Көресің де жаның ауырады. М.Горький көшесін бойлап, Достық үйіне дейін, М.Әуезов көшесі жиегіне 728 түп алма ағашы егіліпті. А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті Сәдуақасов көшесі бойындағы студенттер аллеясына 169 түп ағаш, 2160 түп гүл отырғызып, жаз бойы күтіп баптапты. Осы жұмысқа 2,5 миллион теңге жұмсапты. Айтқалы отырғанымыз да осы. Қаражат шығарып, уақыт бөліп, тер төгіп отырғызған соң оны күтімге алғанда, игілігін көргенді айтсаңызшы! Осы игі бастамаға тек тиесілі мекемелер мен ұжымдар ғана емес, барша тұрғындар болып атсалыссақ, әр талға қамқор болсақ нұр үстіне нұр болар еді! Бала-шағаға ескертіп, тентек-теліні тоқтатып, назар аударып, ден қойсақ қаламыз бірер жылда гүл-жапыраққа оранып, тынысы кеңіп, ертегі қалаға айналғалы тұр. Табиғаттың өзі осындай қолайлылық туғызып, азаматтар атсалысып, қыруар шаруа атқарылып жатқанда қай-қайсымыздың да қол қусырып қарап отырғанымыз жараспас. Отансүйгіштіктің, патриотизмнің, жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеудің бұл да бір белгісі емес пе? Енжарлықтан аулақ болып, осынау екпінді бастама, тамаша іске үлес қосалық, ағайын.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс