Тамадаларды кім тезге салады?

«Той дегенде қу бас домалайды» демекші, ойын-күлкіні кім жек көрсін? Қазір тамадалардың айы оңынан туған кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Қазақшалап айтқанда «асаба», өзгелерге түсінікті болсын деп «тамада» деп жатқаным сондықтан. Бұдан бұрындары ауылдағы жиындарды аузындағы сөзі дұрыс, үлкендер сыйлайтын, кішілер құрметтейтін ел ағалары басқаратын. Ол жерде артық-ауыс сөздер айтылмайтын. Өйткені, қариялар бірден тыйып тастайтын. Әке сыйлап өскен жастар бірден жым-жырт бола қалатын. Ал, қазір қалай? Бесіктен белі шықпағанның бәрі тамада.

Аузым жабылмай сөйлей берсем, өзгелерді жырқ-жырқ арзан күлкіге көміп, сайқымазақтай ерсілі-қарсылы шауып жүрсем болды дейтін «асабалар» пайда болды. Асаба деген атауының өзі «асай бер» дегендей көзге елестейді. Өйткені, олардың басым көпшілігінің бар мақсаты – баю. Алтын көрсе періште жолдан таятындай, ақша көрсе асабалар да аузын арандай аша түсетін болды. Уақыт озған сайын «ставкалары» өсіп барады. Жарайды, бұл жерде ешкімнің ақшасын санау (той иесінің несие алатынын білеміз ғой) мақсатымыз емес. Мәселе басқада. Мәселе – тамадалардың мәдениеттілігінде. Алдымен бет-ашардан бастайық. Ортаға қойылған табақты толтыру тамадалардың бірінші мақсаты. Ол үшін кейде бір сағат ауыз жаппай еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін тізіп айтып шығады. Қазақтың тойы өте кеш басталатынын бәріміз білеміз. Шақырған уақытта келіп, үш-төрт сағат сарылып отырған қонақтарды одан әрі шаршатудың қажеті не? Ең бастысы – ата-әжесіне, ата-анасына сәлемін салсын. Одан қалған туған-туыс, жора-жолдастың бәріне иілудің қажеті не? Бұл – бір деп қойыңыз. Тост берудің де тәртібі болу керек. Мысалы, бір үстел басында он адам отыр дейік. Солардың бәрін сүйреп ортаға шығарып, оның бір-екеуін сөйлетіп, тағы тілек айтқысы келгендеріне ренжіп, тіпті ашуланудың қажеті не? Аты-жөндерін айт та, ортаға нақты сөйлейтін адамдарды ғана шығар. Оларды таныстырдың дейік, қонақтардың бәрі әрбірінің жүзін есіне сақтап, есімін жаттап алады деп ойлайсыз ба? Оған күмәнім бар. Бұл – екі деп қойыңыз. Тілек айтуға шыққан қариялардың жүрісіне күліп, сөйлегеніне мысқылдап, мазақ етуді қашан қоясыздар? Біздің ата-әжелеріміздің басынан қандай тауқымет өткенін білесіздер ме? Дүниеге қанша бала әкеліп, жоқшылықты да көріп, тұрмыстың талайының куәгерлерін күлкі ету кешірілмес қателік. Өздеріңнің ата-аналарыңды ортаға шығарып алып, мазақ етсе, шыдар ма едіңіздер? Ол ойынды бірі түсінсе, енді бірі түсінбейді. Көңіліне кірбің түссе, кетіре алмассыздар. Ал, ас қайырып, батасын берген қарияның өзіне тамаданың бата беруі дегенді кім ойлап тапқаны менің мына миыма кірер емес. Бұл масқаралықтан арылыңыздар. Бұл «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегенді теріс түсіну. Ертеде батырларымыз алыс жолға аттанарда айшылық күндер жүріп, данагөй абыздың ақ тілегін алу үшін әдейілеп іздеп барғанын оқыған шығарсыздар. Ондай мысалдар әдеби шығармаларда жетіп артылады. Ақ батаны әжуә ету мәдениетсіздіктің, тәрбиесіздіктің нағыз көрінісі. Бұл – үш деп қойыңыз.
Жаттанды сценарий, жаттанды ойындар, жаттанды өлеңдер әбден жалықтырды. Ізденіс мүлдем жоқ. Тамадалар, тіпті үйленіп жатқан жастардың аты-жөнін ұмытып қалып, баннерге жалтақ-жалтақ қарап, есіне түсіргенін талай рет байқадық. Ойын демекші, қазақтың тойында үнді киносын қою, қонақтарды сол кейіпкерлерше билету – әбден төзімді тауысып, шаршатқанын білесіздер ме? Дәл осы ойынды ойнатпай-ақ қойыңыздаршы, өтініш… Жастар бас қосқанда ғана ойналатын ойындарды үлкендер отырған жерге алып шықпауды да түсінетін уақыт жетті.
Той иесімен ақылдасып, шай жабдығын етпен қатар, бөлек үстелге жасатып қойғызған дұрыс шығар. Үзілісте жастар билеп жатқанда қариялар шаршап отырмасын. Ол уақытта асықпай, баппен шайын ішіп, өзара әңгіме-дүкен құрып отырсын. Үйіне ертерек қайтқысы келетіндері болса, ақырын шығып жүре береді. Бұл да дұрыс шешім болар еді. Тағы бір ұсыныс, той үстінде торт жегізу деген тыйылса екен. Жаңа түскен келіннің қайын енесі мен қайын атасының аузына қасық тыққыштап жатқаны ерсі. Тіпті, үстел жағалап, барлық балаларды тамақтандырып жүргенше, басына орамал салып, ата-енесіне ыстық шай бергені анағұрлым жарасымды емес пе?
Тамадалар бірінің сценарийін бірі қайталап қызықсыз тойларды қаптатты. Менің есімде, студент кезімізде курстас жігіттер той басқаруға барып жүретін. Сонда жоғары курстағы ағаларынан тойда айтатын сөздеріңді, өлеңдеріңді, жалпы сценарийіңді берші дегенде, олар қанша жерден дос болып, сыйласып жүрсе де, бір-бірімен алмаспайтын. Өзің ізден, өзің тап дейтін. Содан кейін тамада болғысы келгендер кітапханаға барып, әдеби шығармаларды ақтарып, әзіл-оспақтарды жазып алып, тиісті жерінде айтып, өз сценарийін құратын. Өйткені, сөз түсінетін, ойдың парқына жетіп, мағынасына мән беретін адамдардың алдында қысылып қалмауды, жерге қарамауды ойлайтын.
Тамадалардың басым көпшілігі ақын жігіттер екені белгілі. Демек, оларды ақын ағалары тезге салу керек. Солардың қанатының астынан шығып, айтысқа қатысып, өлеңдеріне баға бергізгеннен кейін, тойда айтатын сөздерін де тексертіп, ақылдасып отырғаны жөн. Сонда ғана қазақтың тойының құны түспейді. Бұл уәжіме ақын ағалар не дер екен?

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий