Тапқыр сөз, ұтымды әзіл

9 желтоқсанда «Достар» мәдениет сарайында «Тәуелсіздіктің құрдастары» деген тақырыппен Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аймақтық ақындар айтысы болып өтті.

«Достар» мәдениет сарайында өткен айтысқа қостанайлық қос ақын Қасым Нұрсұлтан, Нәрия Ақбабаққызы, астаналық ақындар Нартай Тілеуқұл мен Ержан Таңжарық, ақтөбелік Данияр Алдаберген, қызылордалық Мөлдір Айтбай, павлодарлық Абзал Қабдраш және көкшетаулық Мұхамед Қоңқаев қатысып, көрермен алдына шығып тіл безеді. Жиылған жұртшылық тәуелсіздік құрдастарының небір тапқыр сөз, ұтымды әзіл, жарасымды теңеулеріне қол соқты. Ақындар қасиетті Тәуелсіздік мерекесі туралы ойдым-ойдым ой айтумен қатар, мемлекеттік тілді дамыту, ұлттық ділдің аясын кеңейту, сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамдағы келеңсіз әдет-қылықтарды сынға алды. Сахнаға көтерілген әр жұптың мақтап айтар тұсы көп болды. Дегенмен, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, өзінің тез жауап қайырғыштығы, сөз тапқыштығы айқын аңғарылып, өзгелерден озық көрінген Мөлдір Айтбай бас жүлдені еншіледі. Бірінші орын Абзал Қабдрашқа бұйырса, екі екінші орын Ержан Таңжарық пен Мұхамед Қоңқаевқа тапсырылды. Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойы құрметіне сал-серілердің, ән мен жырдың мекені сұлу Көкше төріне келіп айтысқа түскен ақындарға Көкшетау қаласының әкімі тағайындаған бағалы сыйлықтарды әнші-сазгер Иран сал Тасқара табыс етті. Ал, айтысты белгілі айтыскер ақын, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин жүргізді.
 Күміс той

«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі тәуелсіздік құрдастары мен шаңырақ көтергендеріне жиырма бес жыл толған күміс той иелері үшін мерекелік шара өткізді.
Тәуелсіздік алған жылы шаңырақ көтерген Ақмолдин, Қаймолдин, Бисенов, Әлімов, Әсиенов отбастарының бақытқа толы өмір жолдарына шолу жасалып, қолжеткен жетістіктері паш етілді. Күміс той иелері атанған бұл бес жұп, «Мерейтойлар кітабы» бойынша некелерін қайта тіркеді. Кештің сәніне айналған тәуелсіздік құрдастарына да шынайы құрмет көрсетілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс