«Таразды» 2:1 есебімен жеңіп, жанкүйерлерді қуантты

Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы келесі ойынын өз алаңында өткізетін болады деген хабар тарағалы жанкүйерлерден тыныш кетті. Бұған дейін сырт алаңдарда ғана ойнап келген жерлес аяқ допшылар Қазақстан Республикасы Премьер-лигасының 30-шы турын өз алаңында «Тараз» командасымен өткізді. Нәтижесінде көкшетаулық футболшылар қарсыласын 2:1 есебімен жеңді.

Қазақстанның кәсіби футбол лигасының директоры Павел Демян Көкшетауға бұдан бұрынғы жұмыс сапары барысында жергілікті «Оқжетпес» футбол клубы стадионының алаңына жаңадан төселген жасанды жамылғы сапасының талапқа сай болуын бақылап көрген болатын. Сөйтіп, инспекция шешімімен жаңа футбол алаңының Қазақстанның кәсіби футбол лигасының талабына сай екендігі бекітілді. Бұл игі іс Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауының арқасында жүзеге асырылды. Аймақ басшысы «Оқжетпес» стадионына жасанды жамылғыны төсеу процестерін бастан-аяқ өз бақылауына алып, қадағалап отырды. Нәтижесінде көкшетаулықтар сүйікті командасының ойынын өздерінде тамашалауға мүмкіндік алды. Ойын тегін өткізілді. Жанкүйерлер көптеп жиналды. Олардың футболды сағынып қалғаны сезіліп-ақ тұрды.
Футбол ойыны салтанатты шарамен ашылды. Бұл ойын әрі футбол клубының 60 жылдық мерейтойымен байланысты өтті. «Көкшетау» ансамблі бишілерінің «Т» әрпін таңбалап шығуы 1957 жылы құрылған «Торпедо» клубының белгісі. Жиналған көпшілікті облыс әкімі Мәлік Мырзалин құттықтап, футбол ардагерлеріне сыйлықтар тарту етті. Жас футболшылар қазіргі ойыншыларға сувенирлер сыйлады. Мемлекеттік гимнді жергілікті колледж студенттері капелламен орындады. Ал, ойынның ашылуын білдірген белгі – өңір басшысының қақпаға доп тебуі болды.
Бірінші гол ойынның алғашқы минуттарында-ақ соғылды. Оқжетпестік Максим Федин өз командасын бірден алға шығарды. Тартысты ойын барысында қонақтар үзіліс алдында есепті пенальтидің арқасында теңестіріп үлгерді. Көкшетаулық ойыншыларға алға шығуға бір минут та жеткілікті болды. Айып добы белгіленгенде Ренат Абдуллиннің басымен соққан доп қарсыластар қақпасына дәл тиді. Осылайша «Оқжетпес» 2:1 есебімен тараздықтарды жеңді. Дегенмен бұл ойын жерлес команданы турнир кестесінің соңғы орнынан жоғарыға шығара алмады. «Оқжетпес» футбол клубының жаттықтырушысы Сергей Попков бүгінгі ойында жаман ойнау мүмкін еместігін, бұл жанкүйерлер алдындағы үлкен жауапкершілік болғанын баспасөз мәслихатында айтып өтті.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий