Тарихи кезең тарландары

Көкшетау қаласының тарихы музейімен бірлескен жоба – жерлес тұлғаларымыздың Тәуелсіздік жылдарындағы өңіріміздің дамуы туралы естеліктерін жариялауды жалғастырамыз.
Бәйкенов Өмірбек Кәкімұлы (1934-2016) – ҚазКСР еңбек сіңірген дәрігері, ҚазКСР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты хирург-онколог, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы.
«Тәуелсіздікке қол жеткізу оңай болған жоқ. Әсіресе, бастапқыда, 1992-1997 жылдарда біз жаңа диспансерді бітіріп, жұмысқа кіріскен кезде экономикалық дағдарыс күн са-йын күшейе түскен болатын. Аудандағы ауруханаларға өте қиын болды. Науқастарға дәрі-дәрмек, тамақ, төсек-орын – бәрін ойластыру қажет болды. Төсек-орын санын 160-қа дейін кемітіп, штатты да азайттық. Облыстық ауруханалар қалалық бюджетке қарады. Дәрігерлер зейнеткерлікке де шығарылды, төлемсіз демалысқа да жібердік. Қайтсек те қаражатты жеткізіп, диспансерді ұстау қажет болды. 1997 жылы жаңа жылды үйде емес, диспансердің жертөлесінде, жылу жү-йесін жөндей жүріп қарсы алуға тура келді.
1999 жылдың 18 мамырында облыстық Денсаулық сақтау департаменті бізге «Ақмола облыстық онкологиялық диспансері» мәртебесін берді. Облыс әкімінен науқастарды сәулемен емдейтін аппараттар алу үшін қаражат сұрадық. Өтінішіміз оң шешімін тауып, бізге 7 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. 2000 жылдың басынан бастап науқастарымызды изотоппен қуатталған аппараттармен емдей бастадық. Тәжірибе алмасу мақсатында Ресейдің Новосибирск қаласынан мамандар келіп, көмегін көрсетті.
2001 жылдан бастап, Қазақстан бойынша Денсаулық сақтау саласына бұрын берілмеген қаржылар бөлініп, емдеу орындарында күрделі жөндеулер жүргізіліп, дәрі-дәрмекке қаржы бөлініп, емдеу орындарына жаңадан құрал-жабдықтар алынып, дәрігерлерге білімдерін жетілдіруге мүмкіндіктер туды. Науқастарды тамақтандыру сапасы да артты, медицина қызметкерлерінің жағдайы жақсарды. Сөйтіп, біздің медицинаны халықаралық медицина дәрежесіне жеткізсек деген мақсатымыз ақырындап орындала бастады. Менің дәрігер ретінде елімнің алдындағы борышым ақталды деп сенемін», – деп жазған өз естелігінде Өмірбек Бәйкенов.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий