Тарихи кезең тарландары

Ел Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай Көкшетау қаласының тарихы музейімен бірлескен «Тарихи кезең тарландары» атты музейлік онлайн-жоба аясында назарларыңызға денсаулық сақтау саласының үздігі Жұрын Мәруар Әбдіржанқызының Тәуелсіздік жылдарындағы өңіріміздің дамуы туралы естелігін ұсынамыз.

Мәруар Әбдіржанқызы – жүйке жүйесі зақымданған және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды қалпына келтіру және емдеу «Болашақ»  орталығының негізін қалаушы жоғары санатты дәрігер.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары барлығына қиын болды, бірақ біз бұл кезеңді бастан өткердік. Осы жылдар ішінде қаламыздың тыныс-тіршілігінде елеулі өзгерістер мен тарихи оқиғалар болды. Әсіресе, Көкшетау облысы таратылып, облыс территориясы Солтүстік Қазақстан құрамына өткен 1997 жылдары өте қиын болды. Вирусология қызметі, медициналық жабдықтар түгелдей көшірілді. Осы жылдары қалада нағыз патриоттар қалды деп ойлаймын. Серік Әкпенұлы Аяғанов облыстық ауруханада болған жалғыз компьютерлік томографты сақтап қалды. Мекемелердің, мектептердің, кәсіпорындардың жабылуына жол бермеген басшылар көп болды. Мен басқа облыстар мен қалаларға бірнеше мәрте шақыру алғаныммен, қоныс аударудан бас тарттым. Облыс орталығы мәртебесі қайтарылғандағы қуанышымызды айтып жеткізу мүмкін емес.
1997 жылы мен жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларды емдеуге арналған «Болашақ» орталығын аштым. Орталық экономикалық қиын уақытта ашылды, қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат болмады. Әскерге шақырылушы жастар, балалар мен жасөспірімдер арасында аурудың жиілеуін сезгендіктен, орталықтың қажеттілігін дәлелдеумен болдым.
Алдымен бөлімше, кейін «Болашақ» орталығы ашылды. Алғашқы қиын жылдары қаржыландыру болмады, балаларды үйден азық-түлік әкеліп тамақтандыруға мәжбүр болдық, орталықты күтіп ұстау үшін тоқаш пісіріп, базарда сатқан уақытымыз да болды. Біз барлық жағымсыз сәттерді бастан өткердік, бірақ біртіндеп бәрі жақсарды.
Орталық дәрігерлерін өзім оқытып, Қазан қаласынан мамандар шақырдым. Қазір «Болашақ» орталығында жұмыс істейтін білікті мамандар – өз шәкірттерім. Денсаулық сақтау жүйесінің қайта құрылуына байланысты облыс әкімінің жарлығымен 2019 жылы «Болашақ» МКК көпбейінді облыстық балалар ауруханасына қосылды.
Мен өз қаламды өте жақсы көремін, гүлденген заманауи қаламызды, Қопа көлі жағалауын көргенде қатты қуанамын. Маған Қазақстанның түкпір-түкпірінен емделуге келген адамдар қаламыздың, табиғатымыздың сұлулығына тамсанып, мақтағаны қатты ұнайтын. Өз жеріңнің шынайы патриоты болу, өз Отаныңды сүю – адам бойындағы ең асыл қасиет деп білемін!».

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий