Тарихи орынға қамқорлық пен құрмет

Қала әкімі Ермек Маржықпаев Қопа көлі жиегіндегі бейіт маңайында салынып жатқан скверді және қалаға кіреберіс қақпадан Құлагер ескерткішіне дейін, жол қапталына ағаш егу жұмыстарын қадағалады. Өзі қолға күрек алып, ағаш екті. Жасыл жапырақты қарағайлар қала қонақтарын қуана қарсы алып, Ақан серінің әйгілі қанатты тұлпары ескерткішіне жол сілтегендей әсер қалдырады. Ескерткіштің құлаған кірпіш-тақталары ауыстырылып, сылақтары бекітіліп, жаңғыртылуда. Кірген беттен қалада өткенге құрмет, күтім белгісі бар екендігі көзге ұрады.

Бір кездері қала шетінен орын тепкен ескі бейіттің қазір орталықта қалғаны рас. Ол қоршалып, сырланып күтімге алынған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп аруақ сыйлаған жұртпыз, қай бейітке болса да құрметпен қараймыз. Алайда, Көкшетаудың осы бейітінің орны бөлектеу. Өйткені, онда қиын-қыстау күнде мұсылман дінін табанды таратқан атақты Науан хазірет, өзі қызыл үкімет үшін жан-тәнімен күресіп, өзі сол үкіметтің құрбаны болған, қазақтың біртуар талантты ұлы Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян жерленген. «Өлгенін білсе лақтырып жібереді» деп, қайтыс болған баласын тірідей етіп құшақтап тербеткен оның аяулы жары Гүлбаһрам қолындағы ұлын осы жерге тапсырған. Сұңқар Сәкеннің баласына топырақ Көкшетаудан бұйырған. Демек, көне қауымның тарихи орын екені кәміл. Өз ата-бабасы жатпаса да Науан хазіретке, Сәкенұлы Аянға құран бағыштап, тағзым етуге келушілердің табылуы, шеттен адам келуі де ықтимал. Осында келген қонақтардың күтімді бейітті көріп, оның барар жері, жолы жөндем болғаны жөн емес пе? Осы мәселенің оң шешім тапқаны көңіл қуантатын-ақ жағдай. Күрежолдан бейітке бұрылар тұстағы алаңқайға 500-ге тарта ағаш, мыңға тарта тал-жыңғыл, гүл көшеттері отырғызылған. Оны қолға алған – осы қала тұрғыны, Науан хазіреттен тарайтын ұрпақ өкілі, белгілі сәулетші Бурабай Марамов. Ағайынды азаматтар бөлінген осы жерді түгел абаттандырып, сәулеттендіруге кіріскен. Сквер осы өңірдегі орман шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етіп, тері сіңген әкелері Әли Марамов атында болмақ. Отырғызылған көшеттер, одан ары жүргізілетін жұмыс жоспарымен танысқан қала әкімі Ермек Маржықпаев ағаш ішімен бейітке барар жаяу жүргінші жолын, оның ортасындағы алаңқайға қима тас төсеу жұмыстарына көмек беретінін айтып, қолға алған істеріне табыс тіледі.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс