Тарихшы-ғалымның үш кітабының тұсаукесері

Көкшенің топырағында талай таланттар дүниеге келгені белгілі. Солардың қатарында шоқтығы биігі Шоқан екені даусыз. Өзінің отыз жылдық ғұмырында артына өлмес мұра қалдырған ағартушы-ғалым, этнографтың ғылыми жолын зерттеуге 20 жылын сарп еткен жергілікті тарихшы Қадыржан Әбуев. Ол үш жүздің басын қосқан хан Абылай туралы тың деректерді Ресей мұрағаттарынан талмай іздеп, зерттеп, тарихи шығармаларда нақты мәліметтер жоқ Сібір хандығы жайлы еңбегін, Көкшеге діннің нәрін сепкен Науан хазіретті жарыққа шығарды. Жақында Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында тарихшының үш кітабының тұсауы кесілді. Атап айтқанда: «Абылай замандастары және ұрпақтары», «Чокан Уалиханов и его современники», «Сибирское ханство в контексте казахско-русских отношений». Қадыржан Әбуев – 230 ғылыми еңбектің, соның ішінде 8 монографияның, 2 саяси және тарихи сөздіктердің авторы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы. Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі бағаланған жан. Кеш барысында жағымды жаңалық айтылды. Тарихшының «Абылай замандастары және ұрпақтары», «Кокшетау. Исторические очерки» және «Науан хазірет» атты кітаптары Франкфурт кітап көрмесінің каталогына енгізіліпті. Жергілікті тарихшының бұл да бір үлкен жетістігі.

Салтанатты шара бірден үш кітаптың тұсауын кесуден басталды. Оның лентасын қию рәсімін өткізу педагогика саласының үздігі Тельман Мұқышевке, еңбек ардагері Қызыр Жұмабаевқа тапсырылды. Тарихшының Шоқан Уәлиханов туралы еңбегінде 19-шы ғасырдың ортасындағы Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы, ғалымның айналасындағылар, оның қоғамдық-саяси қызметі, орыстың демократиялық интеллигенциясы туралы толық мәлімет беріледі. Сібір хандығы туралы кітабында 15-ші ғасыр соңында Алтын Орда тараған кездегі Батыс Сібірде құрылған түрік феодалдық мемлекеті туралы деректермен қатар, сол тұстағы қазақ-орыс қарым-қатынасына тереңдеп бара білген. Бұл басылымда Көшім хан мен сұлтан Ораз-Мұхаммед жайлы да жаңа мәліметтер бар. Ол сонысымен құнды. «Абылай замандастары мен ұрпақтары жайлы» монографиясында сол дәуірдегі тарихи үрдістерді өзіндік ғылыми таным тұрғысынан баяндайды.
«Төл тарихымыздың тамыршысы» көрмесіне шолу жасаған кітапхананың оқу залы секторының меңгерушісі Жадыра Әубәкірова ғалымның әр еңбегіне қысқаша тоқталып, студенттер үшін пайдалы тұстарын атап өтті. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ғалымтай Мәлікұлы тарихшының «Науан хазірет» атты кітабы жайлы айта келе, бұл тақырыпты зерттеуде Омбы, Санкт-Петербург мұрағаттарына арнайы барғанын, үнемі ізденіс үстінде жүретін жан екенін, көпшілік біле бермейтін жаңа деректер тапқаны аса бағалы дейді. Тарих ғылымдарының кандидаттары Марат Өтегенов, Гүлнәр Қаженова, тарих факультетінің деканы Ақбота Бексейітова да Абылай, Шоқандай ұлы тұлғалардың өмірін зерттеуге батылдық танытып, сол тақырыпты жүрексінбей ала білген жергілікті ғалымның еңбегі зор екенін айтты.
Қадыржан Әбуев жыл са-йын дәстүрлі түрде университет қабырғасында «Шоқан оқуларын» өткізіп келеді. Оған алыс және жақын шетелден ғалымдар шақырылып, тың деректермен бөлісіп, пікір алмасады. Жас ғалымдар да өзінің ғылыми еңбектерін толықтыруға мүмкіндік алады. Тарихшы жайлы пікір айтқан тұстасы Тельман Мұқышев: «Көкшетаудың тарихын жазуда Қадыржан Қабиденұлының сіңірген еңбегі мол. Кезінде қызмет бабыммен өңірдің қанша мектебін араладым, сонда осы кісінің көп шәкірттерін кездестірдім. Беделі зор. Жас буынды оқытып, тәрбиелеу үшін көп еңбектер жазды. Ғалым-ұстаз болғасын сондай болуы керек. Ғылыми-ағартушылық саласындағы қолжеткен жетістіктерін лайықты бағалаған көпшілік қауымға ризашылығын білдірген Қадыржан Әбуов өзінің алдағы шығармашылық жоспарларымен де бөлісті.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс