Тарихшы ғалым Ақбота Бексейітова: Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының осы бастамасына орай Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ақбота Бексейітова өзінің пікірін білдірген еді.

«Көкшетау» газеті: Ақбота Тастанбекқызы, латын әліпбиіне көшу мәселесі туралы тіл мамандарының көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен, ана тіліміздің төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса, екіншісі, қазіргі әліпбидегі жуандық және жіңішкелік таңбасынан басқа қырық әріпті де қалдырмай латынға алып өтуді жақтайды. Осыған сіз не дер едіңіз?
Ақбота Бексейітова: Әрине, қанша адам бар болса, сонша пікір бар. Осы уақытқа дейін де, әлі де түрлі пікірлер айтылып келеді. Біздің қоғам бастапқыда мұны тек уақытша шара деп ойлады. Кейін пікірін өзгертті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл ұлтымыз үшін маңызды екендігін айтып, 2018 жылдан латын қарпіне көшуге байланысты дайындық жұмыстары басталатынын көрсетті. Осыған орай айтарым, біріншіден, көне руника таңбасын жаңғыртайық деушілер қазіргі Қытай, Корей, Жапон елдерінің әлмисақтан келе жатқан бабалар жазуын бүгінгі күнмен сәйкестендіріп отырғанын, мұның өзі оларға патриоттық рух беретінін, кейінгі жастар үшін мұның идеология-
лық мәні бар екенін алға тартады. Біз де бабалар рухын жаңғыртатын бұл таңбалардың символикалық мәнін жоққа шығармаймыз. Алайда, Қытай, Жапон, Корей елдерінің өзінде бұл таңбаларға қатысты шешілмеген мәселелер көп. Сондықтан көне руника таңбаларын жаңғырту туралы айту әлі ертерек. Ал, араб, мұсылман дүниесімен бір болуды көздейтін араб таңбалы әліпбидің ұтымды тұстары мол, бірақ біз дәл осы тарихи мүмкіндікті, оңтайлы сәттерді дер кезінде пайдаланып қалмай, жіберіп алдық. Кирилл таңбасы әліпбиіне келетін болсақ, әрине, оған көзіміз үйренген, төл дыбыстарымыз да ерекше таңбалармен белгіленген. Егер одан айрылсақ, жаппай сауатсыздыққа ұшырайтындай үрейленеміз. Бұл – алдамшы жағдай.
«Көкшетау» газеті: Кешегі кеңестік кезең қазақ тілі дыбыс жүйесінде жоқ орыс тілінің ё, ю, я, в, ф, х, ч, ц, ь, ъ әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгізгені баршаға аян. Онымен қоймай, әліпбиіміз кирилл жазуына ауыстырылып, орыс тілінен және сол арқылы басқа тілден енген өзге сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойылды. Сөйтіп, тіл экологиясы сол кезеңнен бастау алып, тілімізге жат дыбыс тіркестері де еш кедергісіз еніп, тіліміз шұбарланып, ұлттық бояуы мен өзіндік реңін жоғалтып, сөзіміз де құлаққа жат әуенмен «ән салғанына» үйреніп кеткеніміз шындық. Енді осыны түзетуге неліктен қарсылық білдірушілер табылып жатыр?
Ақбота Бексейітова: Бұл, әрине, көзіміз үйреніп кеткендіктен. Халыққа да ыңғайлы
сияқты. Әсіресе, ересектер латын қарпінде жаза алмаймыз, оқи алмаймыз деп үрейленеді. Ал, жастар жағы бұл әліпбиге бірден көшіп кете алады. Өйткені, олар ағылшын тілін оқыды, әріптері таныс, қазірдің өзінде әлеуметтік желілерде осы қаріптермен еркін тілдесе береді. Ал, аға ұрпақ өкілдері неміс тілін оқып, кириллицамен жазды. Сондықтан олардың бойында қорқыныш сезімі бар. Дегенмен, заман өзгерген сайын қарияларымыз да компьютердің тілін үйреніп келеді ғой. Сол сияқты латын әліпбиіне де өте алады деп сенемін. Мұндай жазу ауыстыру тек біздің ғана басымыздан өткен жоқ. Бізге қазір Ресейдің рухани-мәдени экспансиясынан, ықпалынан шығу қажет. Бүкіл Европа, түркі жұрты қолданып отырған латын әрпіне тезірек көшкеніміз жөн. Және кирилл таңбалы әліпбиіміздегі төл дыбыстарымызға байланысты кеткен фонетикалық олқылықтарымызды енді латын жазулы әліпбиімізде қайталамауымыз қажет. Тағы бір түсінбестік, біздің қоғам таңба, әріп ауыстыруды, яғни графика ауыстыруды әліпби ауыстыру деп түсінетін сияқты. Бізде бір ғана әліпби бар. Ол – Ахмет Байтұрсынов негіздеген, Ахаңның жаңа үлгідегі (усули жәдит) қазақ әліпбиі.
Біздің қазірге дейінгі қолданып жүргеніміз осы Ахаңның әліпбиі. Ауысса таңбалар ауысып жатыр. Араб, латын, орыс әріптеріне, графикасына негізделген бір ғана әліпби, яғни ол алфавит. Қазір қайтадан латын таңбалы әріпке, графикаға көшкелі отырмыз. Осыны дұрыстап ұғынып алсақ деймін. Ең дұрысы, тездетіп, оңтайлы шешім қабылдау қажет.

Сұхбатты жүргізген
Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс