Тасқынға әзірлік тиянақты

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев көктемгі су тасқыны жағдайын бақылау бойынша Красный Яр кентіндегі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен танысты. Сапар кезінде Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса бірге болды.

Өңір басшысы алдымен Шағалалы су қоймасында болды. Төтенше жағдайлар департаменті мен облыс орталығының басшылығы өңір басшысын дайындық және алдын алу іс-шараларының барысы туралы хабардар етті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев аймақ басшысына қазіргі уақытта Шағалалы су қоймасының толымдылығы шамамен 50% – 14 млн текше метр екенін хабарлады. Сонымен қатар, жалпы Ақмола өңіріндегі су тасқыны жағдайы туралы айтты. Облыс әкімі тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ, күн сайын әуеден қауіпті учаскелерге мониторинг жүргізуге кеңес берді. Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса Красный Яр ауылында қазіргі уақытта жергілікті билік пен құтқарушылар жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Атап айтқанда, өзен арналары бойымен жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу үшін 20 мың текше метр қиыршық тас, 10 мың қап инертті материал дайындалғаны атап өтілді. – Қажет болған жағдайда «Көкшетау Су Арнасы» МКК, «Көкшетау Жылу», «Көкше Тазалық» ЖШС және «Зерен плюс-2006» коммуналдық кәсіпорындарының қосымша техникасы тартылатын болады. Сондай-ақ, 5510 әскери бөлімімен уағдаластық бар. Тұрғындарды эвакуациялау үшін «Көкшетау» және «Достық» қонақүйлерінде 550, Красный Яр ауылында 70 орын дайындалды. Сондай-ақ, жануарларды эвакуациялау үшін екі учаске бар. Іс-шаралар жоспарына сәйкес сәуірден бастап тәулік бойы кезекшілікпен қалалық су тасқынына қарсы штаб құрылды, – деп бөлісті Б.Ғайса.
Сапар барысында өңір басшысы Красный Яр ауылының маңында орналасқан жел станциясының құрылысы жүріп жатқан аумаққа барды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский «Вичи» ЖШС салып жатқан нысандардың жалпы құны шамамен 1,7 млрд теңгені құрайтынын айтты. Жобаны іске асыруда Данияның NEG Micon жаңартылған жел генераторлары пайдаланылады, олар «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде ұсынылды.
Облыс басшысы «Истоки» мәдениет үйіндегі «Radius» скейт-паркінде болды. Кәсіпкер Александр Пушкаревтің айтуынша, ол скейт-паркті өз қаражатына ашқан, несие мен бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына әлі жүгінбеген. Айта кетейік, Көкшетаудағы алғашқы скейт-парктің көшемен сырғанаудан артықшылығы бар. Жабық бөлмеде болғандықтан, ол ауа райының қолайсыздығына қарамастан жыл бойы жұмыс істейді. Нысанды аралап, жас кәсіпкердің жасампаздығын атап өткен облыс әкімі оған жаңа ісінде табыс тіледі. «Казрост» ЖШС облыс орталығында жалпы ауданы 2 мың шаршы метр аумақта дилерлік орталық салады, қазіргі уақытта бұл мақсатқа Уәлиханов көшесі бойында 2,7 га жер учаскесі бөлінді. Директор Андрей Паршутиннің айтуынша, жобаның құны шамамен 800 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын ауылшаруашылығы техникасы мен қосалқы бөлшектерді сатуға және оларға сервистік қызмет көрсету мен жөндеу жөніндегі қызметтерге маманданатын болады.
Өз кезегінде өңір басшысы облыс орталығында инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалатынын атап өтті. Болашақ дилерлік орталық орналасатын Уәлиханов көшесінің бойында осыған ұқсас бірнеше нысан бой көтерді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий