Тасқын жырлар, толқын ойлар тоғысы

Төлеген Қажыбай жазушыға қойылар барша талапты бойына сіңірген, бүгінгі қазақ әдебиетінің қадау-қадау іргелі өкілдерінің бірі. Қатаң қағидалы теория талабы өз алдына, ой қазғандардың қойын дәптерлеріне түрткен түпқазық пікірлеріне де оның шығармашылық әлемі толық жауап бере алады. Бірен- саранына тоқтала кетелік. «Жазушылық – сенің азаматтық позицияң. Азаматтық үнінен айырылған әдебиет – өлі әдебиет» дейді Амангелді Кеңшілікұлы. «Өлеңге адалдық – өмірге адалдықтан туады» депті Жақау Дәуренбеков. «Жазушы – қоғамның емшісі, ойы, ақыл иесі. Жазушының қаламының ұшында – шындық, жүрегінде – тәуекел, басында – еркін ой болуы керек» дейді Тұрсын Жұртбай. Сонау бір заманда Гюго: «Билік үшін ең қауіпті адам – жазушы» деп өтіпті. Қайсысы қиыспай тұр? Бұл аз десеңіз Хеменгуэй: «Жазушы болу үшін талантпен қоса бақытсыз балалық керек» депті. Төкеңнің балалық шағы Ұлы Отан соғысы, соғыс зардабынан арылу, жарақатынан жазылу жылдары. Көзін ашқаннан өмірдің қиындығын, азабын, жалаңаш шындығын көріп, жанын соғыс қасіреті қарып ерте есейген оның алған білімі де жазушылыққа бастар бұлақ – Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл мен әдебиет факультеті. Сабақ берген ұстазы қазақ әдебиетінің теориясын жазған, тағдырлы ғалым Қажым Жұмалиев. Жақан Сыздықовтай ақын ағасының арқасында отбасы, үй-ішінде көргені тағы ығай мен сығай ақын-жазушылар. Іздеп барып танысқаны Төлеген Айбергенов, арқырата салған әніне дән риза болып, өзіне тартып, дәрісіне шақырған Ғарифолла Құрманғалиев!.. Сөйтіп, Төкеңнің туабітті таланты осылай тәрбиеленген, бала күнінде қолына алған қаламы осылай ұшталған. Жазушылық болмысы осылай қапысыз қалыптасқан. Бойына жазушыға керек барша қасиетті сіңірген оның тағы бір ғажап қыры болдым-толдым демей, әлі күн ізденіс үстінде екені, жылт етіп жаңа бір талант иесі көрінсе, соның шығармашылығына шұқшия үңіліп, жақсысына балаша қуануы!
Жаратуы келіскен қазанаттай, төрт аяғын тең басқан кемел жазушы жанр таңдамаған. Поэзия, проза, драманы қатар алып келеді. Бұл жерде таңдау айтар ойдың ауқымына, салар суреттің салмағына, текті сөздің тегеурініне орай болса керек. Негізі, Төкең жазушы ретіндегі өзінің позициясын тек қалам арқылы емес, мінбер арқылы да танытумен келеді. Қаламгерлермен кездесу кештерін жүргізіп отырып небір қазыналы ойларын ортаға салады, үлкен жиындарда қара қылды қақ жарып, өзіне дейінгі сөйлеушілердің күлбілтесінің күлін көкке ұшырып, шындықты жасырған қара бұлтты қақыратып, найзағайдай жарқылдайды. Кейде түйдек-түйдек қара сөзді қарша боратса, кейде дүрілдетіп өлең оқиды. Оған Көкше жұрты куә.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін жазушының ағартушылық жолы күрделеніп, иығына артқан жауапкершілік жүгі ауырлай түскені сөзсіз. Қағажу көріп, қабырғасы ырсиып құлауға айналған қазақ тілінің өрісін кеңейтуге көп күш жұмсағаны әмбеге аян. Бұл жолға ақындық талантын да, журналистік шеберлігін де, жазушылық көрегендігін де салды, қайрат-жігер қуатын да көрсетті. Кеңестік идеология кері тартып, бұрмалаған тарихтың талай шындығын қалың оқырманға түзетіп жеткізу, дұрысын түсіндіруді өзіне міндет еткендей. Шығармашылығы солай дейді. Оның поэма, дастандары, роман, повесть, хикаяттарының танымдық қарымы басым. Абылай жорықтарының мәні, Кенесары шешімдерінің түп идеясы, Наурызбай мінезі, тағы басқа толып жатқан шым-шытырық тарихи оқиғалар дерегіне көркем шығармаларын оқу үстінде кез боласыз. Ел аузындағы алыпқашпа әңгімелердің де бұрысы мен дұрысын таразылап, қисындысын қағазға түртті. Ел ішінен зерттеп атадан қалған қаншама асыл сөзді қаз-қалпында халқына жеткізді. Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Мағжандар, бүгінгі белді қаламгерлер туралы толғаныстары, рецензиялары, көсемсөздері де жетерлік.
Төкең шығармалары өткен тарихымыздың көмескі, көлеңкелі тұстарын жасқанбай ұсынады. Аштықтан ісініп-кебінгендер, құр сүлдерін сүйретіп нәр іздегендер, аштан өлгендер сүйегін кемірген иттер, қан қақсатқан жазықсыз жазадан қашып тентірегендер, жоқтықтан ұры-қары, тонаушыға айналып, азғандар… Мұндай суреттерді Кеңес үкіметі сипаттатушы ма еді. Жоқ. Алайда, сондай сұмдық замандардың өткені де шындық еді ғой. Бұл тақырыптарға жазылған дүниелер бірен-саран, өте сирек кездесе бастағаны кейін. Алаш тақырыбын зерттегендер еңбектерінде ғана кездеседі, негізінен. Төкең қаламына іліккен жан түршіктірерлік оқиғалар алмасуы, сюжет шиеленісі арқылы оқушыны жетектеп әкету шеберлігі өз алдына бір төбе болса, кейіпкерлердің ішкі психологиялық тартыстары, ой-өрістерінің өрбуі тағы бір жетістігі. Гәп те оқиғада емес, сол оқиғаны адам баласы, өзіңнің қазағың басынан қалай өткізді, нендей ой үстінде болды, сонда емес пе? Жалпы, Төкеңнің жаны күйіп іздегені, үлкен бір мақсаты бүгінгі қазақтың рухын ояту, намысын қайрау деп түйеміз. «Ата-бабамыз осындай мақсат үшін күресіп, осындай болып еді. Енді олардың арманын жалғастырайық, үмітін үзбейік, олар басынан мынадай-мынадай жантөзгісіз қиындық, қорлықтарды өткеріп еді ғой» деп тебіренеді шығармалары. Әрине, оның әдемі махаббат хикаяларын сипаттаған әңгіме-повестері, сырлы лирикалық жырлары жоқ емес. Баршылық. Лирикалық жырлары өз алдына, «Махаббат әні» атты повестер мен әңгімелер жинағы ғана оған дәлел. Алайда, ұзақ жылғы шығармашылық шеруінде өзінің халқының азапты жолы сияқты шындықты сипаттаған көңілге мұң ұялатар дүниелері басым. Тарихты түбінен қопарып, өткенді екшеген жанның ондай хал кешпеуі мүмкін емес те сияқты. Ал, осынау толқынды толғаныстардың, шерменде шердің бәрін әспеттеп жеткізуге әсерлі де әдепті тіл керек емес пе? Поэзия мен прозаны бірдей тізгіндеген қаламгердің тілі арнайы тоқталуды қажет етер. Төлеген тілі молынан пішіліп, кең төселген, сүрінісі, тарлығы жоқ, қандай ауқымды ойды болмасын жақұттай жарқыратып бере алар дария тіл. Әр заман, әр кезең, кейіпкерлер мінез-құлқына қарай құлпырады. Оқиғалар астарындағы айтар ойды айшықтай түседі. Күнделікті тұрмыстағы тақұл-тұқыл тілден мезі болғанда Төлегенді оқысаң жүрегің жылынып, жаның шуаққа бөленеді. Ол қасиетті қазақ тілінің құдіреті! Оны оқысаң тіл байлығың толысады, жазуың төселеді, ойың өседі. Қазағыңның кемеңгер ойшыл, қазыналы ұлт, ақыл-пайымы астасқан, тілі алтын таңның шапағындай әдемі екеніне көзің жетеді. Көкше өңіріндегі қолына жаңа қалам ұстаған көкжелек жастардың талайы оның осы мектебінен өтіп, өктем-өктем сөйлеп, көркем-көркем дүниелер жазып, қалыптасты. Бұл да бір қызық жағдай. Әртүрлі авторларды оқисың, зейін қоясың, үйренуге, тәжірибе толықтыруға тырысасың. Бірақ, үйрену процесі өзің ойлағандай болмайды. Тамырын терең жайған аса ірі қаламгердің ғана өзіңді баурап алып, жал-құйрығыңды күзеп, сөзіңді түзеп, өз ізіне салып алып, жетелеп бара жатқанын бір-ақ аңғарасың! Ол жазушының тереңдігі, білімдарлығы, шынайы талант екенінің айғағы болса керек. Төкең де солай. Оны оқи жүре, оның соңына қалдырып келе жатқан терең ізіне түсесің. Ойыңның арнасы кеңиді, сөзіңнің қоры толады. Бейне бір суы толыға түскен өзендей боласың. Ал, өз жолыңды тауып, өз стиліңді қалыптастырып, жаңа арнамен, жаңа бағытқа жол тарту қарым-қабілетіңе байланысты.
Тарих қойнауында қалған көмескі оқиғалар легін тірілтіп, халық қасіретін өн бойынан өткізген қаламгер ағамызды сол күйікті оқиғалар қара тасқа жанып қайрап, ақ алмастай жарқылдатып, жігерлендіре түскендей. Өзі де сол ұлы дала баһадүрлерінің алып түсер ақ сүңгісіне айналғандай! Қарап тұрсақ, журналистика саласында толық елу екі жыл еңбек етіп, бір газет, бір журналдың редакторы болып, қаламын қолынан түсірмей келе жатқан журналист тек осы Төлеген Қажыбай ғана! Жазушылығы тағдыры, табиғаты болса, журналис-тика мамандығы. Ол салада да өзіне тән ерекшелігі, қайталанбас ізі сайрап жатыр. Сонау бір жылдары жазған «Тау талқандаған тағылық» деген тақырыппен «Егемен Қазақстанға» жариялаған мақаласы санамда сайрап тұр. Жадыма ойып жазғандай жатталып қалған. Расында атадан мұра болып қалған Бурабайдың тасын қиратып, орманын отау сұмдық емес пе?! Ол мәселені, ол тақырыпты қалай ұмытарсың? Ал, қаншама оқырманның ойында осы сияқты қанша мақаласы жатталып, қатталып қалды десеңізші?!
Төкеңнің тарихи дастандары жөнінде әріптес ағасы Кәкімбек Салықов ақ адал сырын ақ жаңбырдай төгіп, әдемі жазып өтті.
Төлеген Қажыбай шығармашылығын тарау-тарау етіп, тақырыптарға бөліп сөз етпесе, шағын мақалада барша жетістіктерін шолу мүмкін емес. Бір тұжырым – оның сонау жастығында бастаған әдемі лирикасы тінін үзген емес. Сол әдемі құбылыс әсерлі сәулесін өшірген емес. Сол сұлулық сұңғыла ойларды жол бойы сырлайды да отырады. Бәлкім, арқаның салқын самалына аптығын әрең басар алып-қашқан тентек өлең байыз тауып, абыз өлеңге ауысқан да шығар. Дегенмен, сұлулық сыры сол күйі тамсантады. Оқиық:
Ей, қарт қайың, қарт қайың,
Мен балдырған шағымда,
Сен солқылдақ шыбық ең.
Көк белдеулі төбені,
Көктей тесіп шығып ең.
Сырғалы жапырақ сыңғырдан,
Сыралғы сазды ұғып ем.

Ей, қарт қайың, қарт қайың,
Мен бозбала кезімде,
Сен сүйріктей сұлу ең.
Сүйіктіммен айлы түн,
Түбіңе келіп тұрып ем.
Наздана төккен жырыңмен
Назарымды бұрып ең.

Ей, қарт қайың, қарт қайың,
Мен жігіттік шағымда,
Сен еңкеймес еңселі ең.
Саған түскен салмақты,
Айтшы қалай еңсерем.
Қалыңды көріп бүгінгі,
Жел соққандай теңселем.

Ей, қарт қайың, қарт қайың,
Мен шарғайған шағымда,
Сен шорланып бүгілдің.
Бүгілгенің бекер-ақ,
Шарт сындың да жығылдың.
Мен жанымнан түңілдім.
…«Бір қалыпты тұрмақ жоқ».
Соны ғана ұғындым.
Осынау төрт шумақ өлеңнің көне заманның көзіндей көрініп, бағзы жыраулардың толғауын таңдаған болмысы бір қызықтырса, айтар ойдың айшықты теңеулермен түрленуі, көз алдыңа ағаш пен адам өмірінің кезеңдерінің жарыса келуі, шыншылдығы ғажап емес пе?! Мұндай мәністі мұң да, алып ұшқан ақын сезімінің сергелдеңі де Төкеңде жетерлік. Оның шығармалары асықпай оқыр, өмірдің мәніне бойлап, мағынасына үңілер, өреңді өсірер бір әлем. Таяуда ғана ол «Қансоқта», «Қанды қасап» деп аталатын екі кітаптан тұратын романын аяқтады. Онда да елдің алмағайып замандағы хал-күйін сипаттаған. Қысқасы, қарымды қаламы әлі қолынан түскен жоқ. Қай ой тынышын алып, қай жанр шабытын қоздатса да садағын кезенген, нысанасын қалт жібермес сұрмергендей дайын отыр. Кемерін кернеген көлдей толысқан тәжірибе, толыққан талант, оқыған-түйген, көрген-білген, шалқыған шабыт, сергек көңіл – осының бәрі бір арнада тоғысып, шығармашылықтың шыңына көтерген. Демек, оның алда талай талғамды дүниелерін оқимыз деп сенеміз.

Серік Жетпісқалиев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий