Тағдыр тәлкегіне мойымаған жандар

1986 жылдың 26 сәуірінде 1 сағат 23 минут 40 секунд өткенде Украина аумағында орналасқан Чернобыль атом электр станциясының 4-ші энергоблогында дүниежүзілік атом энергетикасы тарихындағы ең ірі апат орын алды. Бұл қайғылы оқиға Украина, Белоруссия, Ресей аумағын радиоактивті заттармен ластап, көптеген адамды шығындарға душар етті. Қазақстан Республикасынан осы алапатты ауыздықтауға 31 мыңнан астам әскери міндетті жандар барды. Олардың арасында көкшетаулық 200 сарбаз бар. Бүгінде көзі тірісі – 116. Апат зардаптарын жоюға қатысқан азаматтардың бәрі – бүгінгі күні мүгедек. Денесіне енген радиация салдарынан түрлі дертке шалдыққан олар күні бүгінге дейін айықпас сырқаттармен күресіп келеді. Чернобыль қасіретін тағы бір ой елегінен өткізу мақсатымен Көкшетау қаласының тарихы музейі биыл осы тақырыпқа арналған тұңғыш экспозиция ашып, оның зардаптарын жоюшылармен кездесу ұйымдастырды. Естеліктер айтылды. Өкініш те ортаға тасталды. Өмірден өткен жолдастарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

19008_large

Радиацияның зардабы бірнеше жүз жылға жететіні бәрімізге белгілі. Ол туралы айтылып та, жазылып та келеді. Адам денсаулығына, оның үрім-бұтағына, тіпті жер бетіндегі тіршілік иелеріне әкелетін қасіреті орасан. 1986 жылы Чернобыль атом электр станциясында жарылыс болған сәтте КСРО аумағындағы барлық республикадан Отан алдындағы борышын өтеп келген, әскери міндетті азаматтар оны ауыздықтауға аттандырылды. Олар, әрине, өз еркімен барған жоқ. Бірақ Отанға, жерге деген сүйіспеншілік, адамзатты алапат апаттан құтқару қажет деген ой 30-дан енді ғана асқан жігіттерді «ерлікке» жетеледі. Кейін адам жетіспей жатқасын жастарды да ала бастады. Атомның улы отына шарпыла, радиацияның еселенген дозасын жұта жүріп, басын қатерге тігіп, батылдық пен табандылық таныта білді. Мыңдаған адамды радиациялық өлімнен құтқарды. Алайда, өздері одан құтыла алмады. Соның салдарынан қаншама соқталдай азаматтың өмірі қыршыннан қиылды. Көпшілігі уақыт өте келе сыналап кірген удан қатерлі ісікке шалынып, көз жұмды. Дегенмен, чернобыльдық азаматтардың қадіріне биліктегілер жете көңіл бөле алмады. Оларға тиісті төлем де жасалмады, жәрдемақы да мардымсыз болды. Әлі күнге дейін солай. Чернобыльдықтар өзінің жанайқайын ешкімге естірте алмай алысумен келеді. Міне, осы жәйттер кездесу барысында ортаға салынды.
Ақмола облысы Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы Марат Жетеров сол қасіретті күндерді көзіне жас ала тұрып еске алды. «Ол кезде мен небары 18 жаста едім. Біз құрылыс батальонында әскери міндетімізді атқарып жүргенбіз. Чернобыль апаты болған маңда теміржол салып жатқанбыз. Оның уы сол
аумақтағы 30 километр жерге тарады. Біз де зардап шектік. Сондықтан радиацияның денемізде көп мөлшерде болуына байланысты үш айдан кейін бізді елге қайтарды», – дейді ол. Сол кезде КСРО аумағында жылына 40 мыңға жуық чернобыль апатының зардаптарын жоюшылар түрлі дерттен көз жұмып жатыпты. Жалпы алғанда осы іс-қимылдарға барлығы 600 мың адам қатысты деген дерек бар. Одан бөлек мүлдем еш жерде тіркелмегендер де көп екен. Оның саны әлі күнге дейін анықталмаған. 20 миллион адам радиациялық сәулеленуге шалдықса, 200 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болды. Апатты ауыздықтауға алып барған көкшетаулық жігіттер 6-шы ротаға түскен екенбіз. Менің жасым ол кезде 24-те еді. Біз Көкшетау қаласындағы орталық әмбебап дүкенді салып жатқанбыз. Бірден жинап, апат аймағына алып келді. Егер соғыс жылдары аталарымыз көзге көрініп тұрған жаумен шайқасса, біз көзге көрінбейтін жаумен арпалыстық. Сонда жарылыс болған жерге 10-15 секундқа ғана жүгіріп кіріп, қажетті затты алып, жүгіріп шығатын едік. Тіпті, қорғаныш киіміміз де болған жоқ, кәдімгі медициналық дәкемен ауыз бен мұрынды тұмшалап алатынбыз. Киімімізді жиі ауыстыртатын. Бірақ, оның көмегі қаншалықты болды дейсің», – деп күрсінді Жақсылық Жанғабылов өзінің әңгімесін сабақтап. Юдин Николай болса, 32 жасында Көкшетау әскери комиссариаты Чернобыль апаты зардаптарын жоюға шақырыпты. «Басымызда кәдімгі каска, аяғымызда етік. Одан басқа қорғаныш киім берген жоқ. Реактор маңынан 30 шақырым жерге тұрмыстық қалдықтарды көмумен айналыстым. Бірде мені арнайы құралмен тексеретіндер асханаға кіргізбей қойды. Денемде радиация мөлшері шектен тыс асып кеткен екен. Қайта-қайта жуынып, шайынып, киімімді ауыстырсам да болмады. Тек кешке қарай ғана уыттың беті қайтты. Бізбен бірге сонда жұмыс істеген жігіттердің басым көпшілігі елге келгесін бас миының қатерлі ісігі, жұтқыншақ ісігінен қайтыс болды. Біз әйтеуір денсаулығымыздың мықты болғанынан шығар, әлі күнге дейін аман жүрміз», – дей келе, жарқайыңдық ақын Евгений Ушаков пен көкшетаулық ақын Альбина Байковскаяның «Чернобыль» өлеңдерін оқып берді. Ал, Шалқарбек Бауддинов болса, апат аймағында 1986 жылдың желтоқсанынан 1987 жылдың мамырына дейін болыпты. Ол №7431 әскери бөлімінде жұмыс атқарған. Көкшетаулық жігіттерден құралған құрылысшылар бридагасының 1-ші ротасы сол жерде жасақталыпты. «Припять деген қалаға келсек, жымжырт, қаңырап бос қалған. Тұрғындарының бәрі көшірілген. Қыбырлаған бір жәндік, не ұшқан құс болсайшы. Өлі тыныштық. Адамға жаман әсер етеді екен. Бірнеше күннен кейін радиациядан жүні түсіп қалған бір құлынды жолықтырып, жанымыз түршікті.  Өзім де үш жыл бойы түрлі дертпен алысып, кейін мүгедектікке шықтым. Елге қайтып оралғасын сол жақта болып қайтқан жолдастарымыздың жылына 8-9-ын қара жер қойнына тапсыратын едік. Олардың басым бөлігі 40 жасқа да жетпеді. Еске алудың өзі қиын», – дейді мұңа-йып. Апат аймағынан аман келіп, өткен жылы бас миының қатерлі ісігінен қайтыс болған Өмірзақ Қасымовтың зайыбы Бақытжамал өзінің жары сол жылдары реактор аумағынан арнайы киімдерді тасымалдаған жүргізуші болғанын айтады. Соның салдарынан айықпас дертке шалдығыпты. Бүгінгі көзі тірі чернобыльдықтарға денсаулық тілеген жесір ана кездесуге келген жас сарбаздар үшін ой саларлық шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Қала тарихы музейінің директоры Ботагөз Ғабдуллина алдағы уақытта «Чернобыль» қоры ашылатынын, соған апатты жоюшылардың суреттерін, жеке құжаттарын әкелуге болатынын жеткізді. Шара барысында чернобыльдықтардың гимні орындалып, шағын деректі фильм көрсетілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс