Тақта орнатылып, аллея ашылды

Қазақстан полициясы күні мерекесі қар-саңында Көкшетау қаласында елімізде алғаш рет ішкі істер органдарының және ұлттық гвардия ардагерлерінің аллеясы ашылып, полиция ардагерінің құрметіне мемориалды тақта орнатылды.
DSC_7197Ақан сері мен Біржан сал көшелерінің қиылысар тұсында орналасқан аллеяның ашылуына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, облыстық ПД бастығы Берік Біләлов, департаменттің жеке құрамы мен ардагерлері және қала тұрғындары қатысты. «Бүгінгі күні полиция қызметкерлеріне ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен міндеттер жүктеліп отыр. Ақмола облысының тәртіп сақшылары Мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Бүгінгі аллеяның ашылуы – еліміздегі ішкі істер органдары мен ұлттық гвардия ардагерлеріне деген құрметіміздің белгісі», – деді аймақ басшысы. Ақмола облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Дәуітбек Нұрғалиев сөз сөйлеп, жаңадан ашылған аллеяның өскелең жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңыздылығына тоқталды. Екі жүзден аса түрлі көшет егілген аллея абаттандырылып, тұрғындардың рухани дем алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл күні, сондай-ақ, ҚР екі шақырылымдағы Сенат депутаты, ҚР Ішкі істер органдарының ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Қайролла Ескендіровтің құрметіне мемориалды тақта ашылды. Көкшетау қалалық полиция басқармасының ғимаратына орнатылған тақтаның ашылу салтанатына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев, Ақмола облыстық ПД бастығы Берік Біләлов пен департаменттің жеке құрамы және Қайролла Ескендіровтің жұбайы, туған-туыстары, бұрынғы әріптестері, ізбасарлары қатысты. Жиында аймақ басшысы сөз сөйлеп, Қайролла Ғазизұлының азаматтық ұстанымы мен кісілік келбетін, қызметіне деген адалдығын, ғибратты ғұмырын тілге тиек етті.
Сонымен қатар осы күні облыстық полиция департаментінің ғимаратында қайта жаңартылған мұражайдың ашылуы болып өтті. Ведомстволық мұражай қорында 5 600-ден астам жәдігер сақталған. Мұражай 5 залдан тұрады. Онда жұмысшы-шаруа милициясынан бастап, Екінші дүниежүзілік соғыс, ҚазКСРО милициясы дәуірі және бүгінгі тәуелсіз Қазақстан полициясы кезіндегі жәдігерлерді тамашалауға болады. Кәсіби мерекелік шара жас тәртіп сақшылары мен олардың тәлімгерлеріне арналған республикалық форум жұмысына ұласты. Шара барысында ішкі істер органдарын жаңғырту жайлы әңгіме өрбіді. Форумға қатысушылар арнайы дайындық орталығына, өртке қарсы бөлімшенің жаңа ғимаратына барып, арнаулы техника және құрал-жабдықтармен танысты. Форум жұмысына ҚР ІІМ вице-министрі А.Калайчиди, отставкадағы милиция генерал-майоры У.Болсамбеков және т.б. қатысты. «Көкшетау» мәдениет сарайында тәртіп сақшыларының төл мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Онда халықтың тыныштығы күзетіндегілердің жауапты міндеті жайлы айтылып, қызметінде ерекшеленгендер марапатталды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий