Таңдандырған Ташкент

Жазғы демалысымда Өзбекстанның астанасы Ташкентке барудың сәті түсті. Таксишілер өзара бір-бірімен келісіп, бірі Қазақстаннан шығарып салып, екіншісі арғы беттен күтіп алады екен. Осылай жеңіл автокөлікке мінген біздерді жарты сағаттың ішінде бекетке алып келген Рәшид есімді өзбек азаматы бірден теңгені сомға айырбастайтын орынға апарды. 15 мың теңгенің өзі 250 мың сом болып шығады екен. Кәдімгідей қомақты қаржы. Бір бума қағазды сөмкеге сүңгітіп, құжаттарды рәсімдеуге көштік. Жолда келе жатқанда телефондарыңда діни бағытта жазбалар болмасын, деп ескерткен, өйткені бұл елде түрлі діни ұйымдарға тыйым салынған екен. Осының бәрін санамызға сіңіріп алған біз де іштей қаруланып, артық ауыс нәрселерден арылдық. Кім біледі, өзге елдің өз заңы бар. Оған бағыну қажет.

«Көне тарихи қала Ташкент – біздің астанамыз. Қазір сіздерге бәрін айтып таныстырамын», – деп өзінің ақ түсті «Шевролет» көлігіне бастаған Дильшот есімді өзбек жігіті жанымызда құрақ ұшуда. Жанымдағы ақтөбелік Анар және алматылық Елена мен Элина есімді қос құрбым оның бұл ықылас-ниетіне дән разымыз.
Ташкент шаһарының ауасы таза, көшелері жап-жасыл екен. Саябақтарда сан жоқ, субұрқақтары атқылап тұр. Тіпті, қаланы аралап жүргенде жолда жатқан тал-шыбықтарды өтіп бара жатқан қарияның жинап, қоқыс жәшігіне салып жатқанын көзіміз шалды. Тазалыққа мән беруі сүйікті қаласына деген сүйіспеншілігі ғой деп түсіндік. Таңдандық. Разы болдық. Таксишіміз Дильшотқа түрлі сұрақтарды жаудырып жатырмыз. Ол да жалықпай, жолшыбай бәрін түсіндіріп жатыр. Ең
бастысы, жалақы қандай дейміз. Біздің ақшамен есептегенде мемлекеттік қызметкерлер 20-30 мың теңге табады екен. Бірақ оған мойып жатқан ала тақиялылар жоқ. Бәрі өміріне дән риза.
Дильшот жүргізушіміз жолшыбай көшелердің атын айтып таныстырды. Алдымен орталық мешітке апарып, құран бағыштатты. Өзбек ағайындардың көзін тырнап ашқаннан сауда жасайтыны санамызға әбден сіңіп қалған. Мешіттің айналасында сауда қызып жатыр. Ағаштан, қыштан жасалған түрлі сувенирлер, әшекейлер көздің жауын алады. Қаржың болса, бәрін сатып-ақ алғың келеді. Өйткені, қолөнер туындылары бірінен бірі өтеді. Қол еңбегі, шебердің ыждаһаттылығы бірден байқалады. Бағаламау мүмкін емес. Содан кейін таксиші жігіт орталық алаңға алып барды. Ескі «Өзбекстан» қонақ үйі алыстан көзге шалынады. Сәулеттік құрылыс ғимараты әлі де тозбаған, әрін бермеген. Сол жерде Темір әулетінің негізін қалаушы, 35 жыл билік құрып, 27 мемлекетті қарамағында ұстаған Әмір Темірдің (Ақсақ Темір) үлкен ескерткіші орын тепкен. Биік тұғырда отырған қолбасшы алысқа қолын сермеп, болашаққа жол бастап тұрғандай. Арғы бетінде Әмір Темірдің музейі орналасқан. Оған да бас сұқтық. Іші кең, екіқабатты зәулім ғимарат екен. Кіргеннен-ақ алдымыздан ибалы өзбек қызы қарсы шығып, қонақжайлылық танытты. Ғимараттың іші әсем безендірілген, бірден төбесіне көзің түседі, тарихи суреттермен айшықталған. Бәрі қолмен ойып салынған, шебердің өнеріне тәнті боласың. Бояуы қанық ою-өрнектер, алтынмен апталып, күміспен қапталғандай бәрі жарқырап тұр. Үлкен қабырға бойымен өздерінің баһадүр бабаларының портреттерін самсата іліп қойыпты. Әмір Темірдің жорықты жолдарынан хабар беретін карталар, ұлы қолбасшының бұйрығымен тұрғызылған ғимарат макеттері, көне жәдігерлер тиянақты орналасқан. Тарихи жазбалардың бірінде Ақсақ Темір Түркістанда туып, Самарқандта жерленген делінсе, енді бір жазбаларда Шахризабс қаласының тумасы делінеді. Дегенмен өзбек ағайындар Әмір Темірді өзінің бабасы ретінде ұлықтап келеді. Ол бір жағынан дұрыс та шығар. Сүйінер ұлың болса неге сүйсінбеске?
Ташкенттің өрік-мейіз сататын базарының өзі атшаптырым екен. Жаңғақтың түр-түрі самсап тұр. Түгел аралап, саудаласып шығу мүмкін емес. Жеміс-тердің өзі жаңа піскендей балбырап тұр. Шетінен үзіп алып дәмін татқызады. Біз көрмеген жаңғақтар да кездесіп жатты. Тамақтануға мейрамханаға бардық. Өте ұсақталып туралған көкөністер салынған сорпа, қой етінен дайындалған кәуап, дәмі тіл үйіретін таба нанына тапсырыс бергенбіз. Тауық етінен дайындайтын самсасын аңсап барған орыс көршілеріміз де рахаттанып қалды. Бір түстік асың кәдімгі мейрамханада арзан бағаға түседі екен. Біздің ақшамен есептегенде 600-700 теңгеге тамақтануға болады. Ар жағымызға ел қондырып, тыныстап алғасын Өзбекстанның өз өнімі сатылатын сауда нүктесіне бардық. 100 пайыздық мата киімдерін бала-шағамызға таңдап алдық. Бағасы да қымбат емес екен. Қалған уақытымызда қаланы аралап, көркем жерлеріне суретке түсіп, нан қаласы – Ташкентпен қимай қоштастық. Жолымыз түссе қайта айналып соғуға уәделестік. Ел көрген, жер көрген қашанда жақсы ғой!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.
Көкшетау-Ташкент.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс