Театрға – тағылымды тарту!

Көкшетауда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 және Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығына орай 3-інші аймақтық театрлар фестивалі болып өтті. Театр тойына Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстық драма театрлары өз қойылымдарын тарту етті. Фестивальге қатысушыларды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтады.207d1649-293d-43c0-9e44-11ee223efe8a
Өнерпаз қонақтарын қызыл кілем үстінен жүргізіп, жадырай қарсы алып, оларға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз арнағаннан кейін, көкшетаулықтар әріптестеріне В.Володиннің «P.S. Мен сені сағындым…» атты драмасын ұсынды. Айта кету керек, бұл конкурстан тыс көрсетілім еді. Алайда, жергілікті өнерпаздардың шиыршық атқан ширақ ойыны, қонақтардың жаңа сахнаға тез бейімделіп, сіңісуіне үлкен дайындық, игі әсер болды деген ойдамыз. Жанар Құсайынова жарқыратып шығарған бейне, зілді болса да сабырлы, тәжірибелі сот алдына өзара тіл табыса алмай, ашу-ызаға жеңдірген талай жұп келеді. Өмір көрген сот ашуға алдырғандарды әп-сәтте ажырата салмайды. Шаңырақ шайқалып, неке бұзылуының себеп-салдарына үңіледі. Ақылға шақырады, байламды сөз айтады. Соның арқасында жоғалтқан сезімдері мен сенімдерін қайта тауып жатқандар көп. Сәтті қойылым. Әсіресе, Маржан Бөкешева мен Еркебұлан Төлеуовтер адам мінезіндегі ішкі психологиялық қайшылықтарды шебер жеткізді. Басқа «жұптардың» да жетістіктері көп. Өз алдына бөлек әңгімелеуге тұрарлық қойылым.
Фестивальге алғаш қойылған С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» (қоюшы режиссері А.Қырықбаев) атты комедиясы болды. Қилы-қилы тартысқа, қызыққа толы қойылымның түйіні он сегіз жасар қыздың «Әйелі бар адамға ғашық болған не деген ақымақ едім?» деген сөзі. Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры А.Чеховтың қысқа әңгімелерінен құрылған қойылым көрсетті. Шебер жазушының мысқылды, жеңіл кекесінді, кейде аянышты, қайғылы дүниелері алма-кезек ауысып, адам бойындағы әртүрлі рухани кеселдерді алға тартады. Ортақ аталымы «Кішкентай адамның үлкен трагедиясы». Қоюшы режиссері Б.Шамбетов. С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театры Сербия жазушысы Б.Нушичтің «Қарапайым адам» (аударған Алтынай Сағатова, қоюшы режиссері Б.Абдураз-
зақов) комедиясы өмірде әр адамның өз орны бар екенін, «қарапайым адамның» болмайтынын айтты. Ал, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры Н.Гогольдің бәрімізге таныс «Ревизорын» (қоюшы режиссері – Ә.Аханов) әкеліпті. Бірақ, жаңаша көзқараспен. Идея, әрине, сол. – Бұл қойылымдар көршілес облыстардағы әріптестеріміздің біздің театрымыздың 25 жылдық мерей-
тойына әкелген шашуы, кигізген шапаны. Сондықтан бірінші, екінші орын деп бөлген жоқпыз, – деді жергілікті театр директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов. Осындай ұстаныммен Қостанай театрына «Үздік қойылым», Павлодар театрына «Үздік режиссерлік жұмыс», Петропавл театрына «Үздік актерлік ансамбль», Қарағанды театрына «Үздік сценографиялық жұмыс» номинациялары мен үш жүз мың теңгеден сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Жібек Бағысова, Жарас Қалдаров, Төлеубек Көңбай, Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, Бағлан Иманғазинов сияқты Шахмет Құсайынов атындағы театр-дың қалыптасуына зор үлес қосқан актерлерге Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Алғыс хаттары және бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Сөйтіп, үш күн бойы көкшетаулық көрермен әртүрлі театрлардың сан бояулы қойылымдарын тамашалады. Індет ұнжырғаны түсіріп, еңсені басқан бүгінгі күні сахнагерлер көрерменін бірде күлкіге кенелтсе, бірде ойға жетеледі. Шындап келгенде барлық қойылымда да адалдық, сабырлық, батылдық, бақытты өмірді қадірлеу сияқты ұғымдар насихатталды. Азды-көпті қиындыққа төзіп, өз жолыңнан жаңылмағанға не жетсін? Өмір болған соң кедергі-тосқауылсыз бола ма? Дүбірлеп өткен той тағылымы – осы.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий