Театр – тәрбие мектебі

Өнердің миссиясы – күнделікті тіршілікті боямасыз жеткізу немесе Теменовты не толғандырады?

Көкшетаудағы орыс драма театрында белгілі театр және кино режиссері, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов қойылым дайындап жатыр екен дегенді естігесін қарап отыра алмадық. Кездесуге асықтық. Теменов десе бірден есімізге «Қызғыш құс», «Адамдар арасындағы бөлтірік», «Махаббат бекеті», «Көшпенділер», «Менің күнәлі періштем», «Торо», «Судағы із» фильмдері түседі. Себебі, барлығы халықтың көңілінен шыққан, ойындағысын дөп басқан, айта алмай жүрген шындығын жайып салған көркем туындылар. Жасаған жұмысың көрерменді толғандырса, одан артық жетістік жоқ. Оны Талғат Теменов те мойындайды. Көкшетаудағы орыс драма театрында Александр Вампиловтың «Тұңғыш ұл» лирикалық драмасын «Жауын вальсі» деген атаумен 26 ақпанда шығармақ. Қойылымға Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің 3-ші курс студенттері қатысып жатыр. Драманың тақырыбы – қартайған ата-ана, оларды қараусыз қалдырған қатыгез бала. Режиссердің өзін де осы мәселе үнемі толғандырады. Шерхан Мұртазаның «Театр көбейсе, түрме азаяды» деген сөзін темірқазығы еткен. Өйткені, театр – мәңгілік өнер. Ал, Теменов үшін режиссер деген атақтан артық баға жоқ.

Талғат – қарапайым қазақтың қара баласы. Бірақ қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Әлем мойындаған мықты режиссер. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Шикі дүниелерге жаны қас. Қандай істі қолға алса да жеріне жеткізе, бар жанын салып жасайды. Өзгелерден де соны талап етеді. Дауысы зор. Кісіге тура қарап, бұйыра сөйлейді. Кімнен дарыған қасиет десең, «өзімнен» дейді. Себебі, адам өзін-өзі тәрбиелеуге тиіс деп есептейді. Біреуден үйренбе, өзіңді өзің үйрет, өзіңнен үйрен дейді. Онысы біреуге тамсанбай, өзіңнің мініңді іздеп тап дегені. Балаларды театрға қалай апарамыз десек, күштеп апар дейді. Өйткені, біз оларды мектепке таңсәріден оятып, жылатып балабақшаға, қинап мектепке апарамыз ғой. Театрға неге солай апармасқа деп өңмеңінен өте шүйіле қарағанда, сөзінің шыны бар-ау дейсің. Бүгінгі бала – ертеңгі қазақ халқының тірегі. Отыз жылдан кейін біздің халқымыз қандай болады? Елу жылдан кейін мемлекетіміз қандай болады? Жүз жылдан кейін қазақ тілі осындай қолданыс аясында қала ма, қалмай ма? Шекарамыз ше? Міне, мәселе қайда жатыр? Ұрпақты ойлау керек, болашақты ойлау керек. Мені не толғандырады, соны сахнаға алып шығамын дейді режиссер.Бос уақыты мүлдем жоқ. Соңғы кезде оқыған кітабы – «Атилла». Осы Еділ патшаны сахнаға шығару ойында жүр. Қандай батырды өзіңізге пір тұтасыз деген сауалға: – Қазақтың кез келген батыры бас иетін батырлар. Олар өзінің жастығын, өзінің өмірін қазақ халқы үшін сарп еткен. Бүгінгі күні де сондай батырлар болса екен дейсің. Өзінің жеке басы үшін емес (осы жерде дауысы жарықшақтана, қатты шықты), халық үшін еңбек еткен жанды мен батыр дер едім,– дегені де көңілге ой салады.  Тамыз айында Түркияның Адана қаласына барып, Ш. Айтматовтың өзіне табыс әкелген туындысы «Қызыл орамалды шынарымды», келесі жылы Польшаға барып, «Отелланы» қоймақ. Көкшетауға келудегі мақсаты, әлі халыққа танылып үлгермеген жастарды сахнаға алып шығу, жаңа жұлдыздарды жандыру. Кезінде «Махаббат бекеті» фильмінде де өзінің студенттерін ойнатқан. Жастармен жұмыс істегенді жаны сүйеді. Осы салада келе жатқан жылдары жас буынмен біте қайнасып, талай туындыларды сахнаға шығарды. Оларды үйретудің өзі бір қызық. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік музыкалық-драма театрының көркемдік жетекшісі, Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына талай жылын сарп еткен жан өмірде, түсіру алаңында орыс тілінде сөйлейді, оған он жылға жуық Мәскеуде тұрғандығының да әсері болғандығын мойындайды. Кино туралы мынадай бір сөз бар дейді ойын әрі
қарай сабақтап: «Все фильмы хорошие, за исключением скучных» деген. Сол сияқты қай тақырыпты алсақ та, қазақ өнеріне артықшылық етпейді. Кез келген тақырып киноға да, сахнаға да сұранып тұр. Бірақ бас-
ты қағидасы барлық адамзатқа тән, ортақ құндылықтарды қозғау. Ол дегеніміз, өзімізге күнделікті белгілі: адалдық, ақтық, махаббат, үлкенге ілтипат, кішілік, кісілік, әкеге, анаға деген сүйіспеншілік, сыйластық. Біреуге жамандық ойлама, біреудің ала жібін аттама, ұрлық жасама, әке-шешеңді бақ, бала-шағаңды өсір деген міндеттер бар болатын болса, сахнадағы да, кинодағы да негізгі мәселелер осы адами тақырыптар. Біз, тіпті космос жайлы кино түсірсек те осы адами қасиеттерді қозғауымыз керек. Адамды сүю, адамды құрметтеу, достықты бағалай білу, оны сатпау. Әлемде бар болғаны 7-8 тақырып бар. Барлық сюжеттер махаббат, ерлік, Отанды сүю, қызғаныш, сатқындық, ашаршылық, қиналу деген сияқты тақырыптардың айналасында өрбиді. Шекспирде де, Шиллерде де, Достоевскийде де, Чеховта да, біздің Абайда да осы күнделікті көріп жүрген тақырыптар тұнып тұр, шығармаларының өзегі. Міне, осыны шын мәніндегі деңгейіне жеткізе білсек, өнердің миссиясының орындалғаны. Бүгінгі күнгі қордаланған әлеуметтік мәселе бір күнде бола қалған жоқ. Өнердің миссиясы осы мәселелерді шырқыратып, жанын шығарып тұрып айту. Мысалы, күні кеше ғана көрерменге жол тартқан «Айка» фильмін алсақ, онда бір ғана мәселе – өз елінде өз халқына жұмыс тауып бере алмаған мемлекеттің трагедиясы, драмасы қозғалған. Табиғатына мүлдем жат елде тіршілік ету үшін қыз баланың басынан кешкен оқиғасы күнделікті қайталанып жатқан құбылыс деуге болады. Мені ойландыратыны – қарапайым халыққа жасалатын жағдай.  Мемлекеттің қадірі халқына жасалған жақсылықпен өлшенеді. Ал, өнердің миссиясы сол сүреңсіз жағдаяттарды айту дейді режиссер. Біздің мақсатымыз биліктегілерге былай жаса деп бағыт сілтеу емес, сол аурудың диагнозын көрсету дегенімен де келіспеуге болмайды. Осы ретте Талғат Теменовтың қаңтар айында «Біздің қаланың кішкентай ханзадасы» атты фильмінің Бангладештің астанасы Даккада өткен кинофестивальда бас жүлдені жеңіп алғанын айта кету керек. Онда да жетім баланың басынан кешкен оқиғасы суреттелген. Яғни, баласын жетім, анасын жесір атандырмаған елдегі жағдай әлемдік деңгейде де орын алып отырғанының және көпшілікті толғандыратынының дәлелі. Адамның сана-сезіміне әсер ететін құрал – кітап, содан кейін кино. Кітапты оқу арқылы таным-түсінігің кеңейеді, ойлау қабілетің жетіледі, сөздік қорың артады, ал кино көру арқылы өмірдің мәнін ұғына түсесің дейді режиссер Теменов. Тек бір ренжитіні – әзіл-оспақ театрларында қазақтың қарияларының күлкіге айналып жатқаны. Көрерменді күлдіремін деп актерлердің сұрапыл соғыста қан кешкен, дүниеге перзенттерін әкеліп, адам етіп тәрбиелеген ата-әжелерімізді мазақ еткені – ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыпқа жасалып отырған қастандық. Жылына қанша адам шетелге көшті деген статистика жасалған кезде, қанша дарын дүниеден озды деген статистика жасалмайтынына қынжылыс танытқан дарын иесі шын өнерді бағалайтын уақыт жетті дейді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий