Телефонмен тіл үйрену тәсілдері

Ұялы телефондарға енгізілетін арнайы мобильді қосымшалар мемлекеттік тілді жылдам үйренуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, жастарға өте қолайлы. Кеңседе, жұмыс арасында, үйде, бос уақытта мобильді қосымшаны ашып, қазақ тілін тез үйренуге әбден болады. Әрі тегін, әрі тиімді. Мұндай қосымшаны пайдаланушылар қатары Көкшетауда да көбейіп келеді. Жолаушылап Қостанай қаласына бара жатып, поезда жанымда отырған жерлесім Светлана Сахаровамен әңгімелестім. «Қазір мемлекеттік тілді үйреніп жүргендіктен менімен көбірек сөйлесіңізші», – деп өтініш білдірді. Кей сөздердің аудармаларын ұялы телефонынан қарап отырды. Сұрастыра келе, қазақ тілін үйрететін мобильді қосымшалардың көмегіне жүгінгенін білдім. Үйдегі немерелерін де «4 фото, 1 сөз», «Дұрыс сөз», «Логикалық сұрақтар» сияқты онлайн және еркін ойындар арқылы оқытып жүр екен. Бұл ойындардың бір ерекшелігі, әр сөздің екі тілдегі аудармасы қатар жазылып тұрады. Қазақ тілінде түсінбесе, орыс тіліндегі сілтемесін оқып, бірден аудара қояды.

Сапарлас құрбым Светлана Сахарованың пайдаланып жүрген мобильді қосымшалар Soyle.kz порталы мен Sozdik.soyle.kz тақырыптық сөздiгі екен. Оларды мемлекеттік тілді дамыту қоры іске қосқан. Soyle.kz қосымшасын телефонға немесе планшетке жүктеп алып, мемлекеттік тілді өзіңізге ыңғайлы уақытта үйренуге болады. Қосымшаға Soyle.kz порталының барлық бөлімдері және де 3500-ге жуық сөз бен 700-ден астам тілдесу үлгілері толықтай дыбысталған. «Тақырыптық сөздік» материалдары да еніп отыр. Жинақталған 50 тақырып күнделікті өмірдің негізгі салаларын қамтиды, бұл есте сақтауда қиындық тудыратын сөздерді кезең-кезеңмен меңгеруге мүмкіндік береді. Мобильді қосымшалар қазақ тілін үйренуді көпшілікке қолжетімді ету, қазақ халқының рухани, әдеби және мәдени құндылықтарын кеңінен насихаттау, жастар арасында IT-білімдерін қалыптастыру мақсатында жасалған. Оны пайдалану нәтижесінде әрбір адам арнайы тілдік курстарға кететін алтын уақытын үнемдей алады. Светлана қазір қарапайым сөздерді түсініп, күнделікті тұрмыста пайдаланатын тіркестерді де үйреніп алыпты. Алдағы уақытта қазақ тілінде кітаптар оқу ниетінде екен. Оны «kitap.kz» атты тегін мобильді қосымшаны жүктеп алып жүзеге асырмақ. Онда 500-ден аса автордың 4000-ға жуық кітабы жинақталғаны белгілі. Мобильді қосымшаның бір артықшылығы кез келген жағдайда өзіңізбен бірге алып жүресіз. Әсіресе, ауыл-аймақтардағы оқырмандар интернеттен ұнаған кітапты жүктеп алып, кейін интернет жоқ жерде онлайн оқи береді. Ал, балаларға арналған жүктемелердің қатарында Abaialemi.kz онлайн-энциклопедиясының, Tattialma.kz балалар әдеби сайтының мобильді қосымшалары, сондай-ақ, «Менің Қазақстаным», «Қазақстанның ұлы тұлғалары», «Қазақстанның мерекелері» және тұңғыш отандық зияткерлік ойыны «Кім білгіш?» атты қосымшалар да бар екенін айта кеткен жөн. Үйренгісі келген адамға қазір барлық жағдайлар жасалып жатыр. Тек ынта қажет. Енжарлық пен немқұрайлылықты артқа тастап, заман ағымына ілесе білгеннің ұтары көп.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс