ТМД-ға танымал бренд

«МПК Бижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдері көкшетаулықтарға жақсы таныс. Облыс орталығында үш сауда нүктесі ашылған. Биылдан бастап өндіріс орны жылқының, сиырдың және қойдың бұқтырылған етін шығара бастады. Сонымен қатар қарақұмық, арпа жармасы мен күріш консервілеріне бағытталған технологиялық желі іске қосылды. Аз ғана уақыт ішінде кәсіпорын мамандары жаңа қондырғылардың тілін меңгеріп, толық қуатында жұмысты бастап кетті.

– Біз бұл бағытқа он жылымызды сарп еттік, – дейді кәсіпорын жетекшісі Шакихан Антаев. – Алғашқы уақытта еттің өңделген екі түрін: терең мұздату мен салқындатудан бастадық. Тәжірибе жинақтай келе, өнім түрін көбейттік, осылайша шұжықтың 20 түрін, деликатес пен жартылай фабрикаттар өндірісін жолға қойдық. Қазіргі уақытта тәулігіне 5 тонна шұжық пен 2 тонна жартылай фабрикат шығарамыз. Өндіріске шикізатты терең өңдеуді енгізгеннен кейін, бұқтырылған ет пен ботқа консервілерін жасауды қолға алдық. Біз тәуекелге бет бұрғанымызды жақсы білдік, бірақ онымен тоқтап қала алмадық, өйткені тұтынушылар сұранысын қанағаттандыру қажет болды. Таңғы сағат тоғызда кәсіпорында қызу жұмыс қарқын алады. 30 шаршы метр аумақты алып жатқан өндіріс орнында тазалық пен тәртіпке баса назар аударылған. Мұнда 12 адам жұмыс істейді. Қалыпты температура сақталады, жарық, әрі жайлы. Бұл еңбек өнімділігіне жақсы әсерін тигізеді.
Цех операторы Абай Әбішев ажыратқышты қосып қалып еді, консервінің технологиялық желісі зырылдай жөнелді. Құрылғының да-уысы шықпайды.Дегенмен бағдарламаланған операцияларды жедел орындайды. Конвейермен бос қаңылтыр құтылар жылжи жөнеледі де, мөлшерлеуіштер 338 немесе 250 грамм бұқтырылған ет пен 100 грамм паштетті салып үлгереді. Консервілерді дайындағанда санитарлық нормалар мен ережелер толық сақталады. Тіпті, грамынан ауытқу жоқ. Бәрі нақты, әрі дәл. Қосылған күннен бастап неміс-француз-испан технологиялық желісіне түрлі жүктемелер жасақталды, бүгін толық қуатына енді. Ауысымына мұнда 20 мың қаңылтыр бұқтырылған ет шығарылады. Бұл өнім түрі еттің жоғары сұрпынан дайындалады. Сондықтан тұтынушылардың сұранысына ие. Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, «Бижанның» бұқтырылған еті мен консерві ботқалары Қазақстан мен ТМД-ға танымал брендке айналды. Қазір Көкшетау қаласында үш дүкені бар. Астана қаласында «Рамстор» мен «Смолл» желілік дүкендерінде, сондай-ақ, облыстың бірнеше аудандарындағы сауда нүктелеріне өнімі сатылымға шығарылады.Түмен, Челябинск қалалары мен Башқұртстан Республикасы тұтынушыларының жылы лебіздеріне бөленуде.
Кәсіпорын қажетті шикізатты өз өңіріміздегі шаруашылықтардан алады. Оның ішінде Сандықтау, Атбасар және Жақсы аудандары бар. Сатып алынатын малдың ветеринарлық төлқұжаты, сертификаты болуына мән берілген. Кәсіпорын аумағында әр малдың денсаулығын қатаң тексерістен өткізетін оқшаулау орны бар. Содан кейін ғана мал сойылымға жіберіледі. Қалыпты серіктестермен шикізаттың бағасы да келісілген. Малдың тірідей салмағымен өлшегенде еттің бір келісі 1 мың теңгеден келеді. Алдағы уақытта шикізатты еліміздің өзге өңірлерінен әкелу жоспарланып отыр.
Кәсіпорынның жанында өзінің мал бордақылайтын алаңы бар. Қазір мұнда 850 мал семіртілуде. Өздеріне тиесілі жа-йылымы жоқ болғандықтан, жемазықты жақын маңдағы агросеріктестіктерден сатып алады. Бағасы тиімді. Алдағы уақытта бордақылау алаңын кеңейтуге мән берілмек. Технологиялық желінің іске қосылуымен кәсіпорын қызметкерлерінің саны 70 адамға дейін өсті. Басшылық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұстанып, ұжымдық келісім арқылы комбинат қызметкерлерінің жалақысын уақытында төлеп отыр. Көзге түскендерін марапаттау шаралары да назарда. Олардың түстік астары тегін, демалыс орны да жасалған. Мұның бәрі жұмыс процесінің сапасына әсер етпей қоймайды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс