Токио Олимпиадасы: Қазақстанның намысын 95 спортшы қорғайды

Ертең 23 шілдеде, Жапонияның астанасы Токиода 32-ші Жазғы олимпиада ойындары басталады. Бір жылға кешігіп басталатын бұл додаға қазақстандық спортшылар да қатысады. Ақордада Президент Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасымен кездесіп, мемлекеттік туды табыс етті.

Ертең 23 шілдеде, Жапонияның астанасы Токиода 32-ші Жазғы олимпиада ойындары басталады. Бір жылға кешігіп басталатын бұл додаға қазақстандық спортшылар да қатысады. Ақордада Президент Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасымен кездесіп, мемлекеттік туды табыс етті. Спортшылар Президентке және мұқым елге көк байрағымыздың олимпиадаға желбіреп барып, желбіреп қайтатынына уәде етті. Өз тарихында олимпиада ойындары 3 рет кейінге шегеріліпті. Олар 1916, 1940 және 1944 жылдар, яғни дүниежүзілік соғыс уақытында. Токио – 2020 тартысының төңірегінде де дүдәмәл ойлар көп еді, бірақ коронавирустың қарқыны суық соғыстан да кем болмады. Ақыры кейінге шегеру туралы шешім қабылданды. Адамзат вирусты әлі жеңген жоқ, бірақ Токиода олимпиада алауы жағылады. Қазақстандық спортшылар олимпиада ойындарына дайын. 27 спорт түрінен 96 лицензия қалтада. Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан құрама командасын Ақордаға шақырып, ел сенімін жеткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті: — Ұлы даланың ұландары күншығыс еліне халқымыздың зор сенімін арқалап бара жатыр. Біздің спортшыларымыз байрақты бәсекеден жүлдесіз оралған емес. Олимпиада төрінде көк туымыз желбірегенде, әрбір азаматтың жүрегін мақтаныш кернейді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстаннан олимпиаданың 16 жеңімпазы, 56 жүлдегері шықты. Олардың есімдері еліміздің және әлемнің спорт тарихында алтын әріппен жазылған. Енді әйгілі спортшыларымыздың ізін басатын, жолын жалғастыратын сіздер. Олимпиадашыларымыз нағыз бабында. Бірақ мұндай байрақты бәсекеде бабтан бақтың оза шапқаны керек.
Егемендік жылдарында елімізде 100-ден астам ірі спорт кешені бой көтерді, оның 16-сы халықаралық деңгейдегі нысан. Елімізде қазір бұқаралық спортқа да ерекше көңіл бөлінуде. Өңірлерде, ауыл-аймақтарда салынып, үйірмелер ашылуда. Ауылда спортпен айналысатын балалар көбейіп жатыр. Сол жастардың ішінен болашақ чемпиондар өсіп шығары сөзсіз. Олар сіздерге қарап бой түзейді, бәріңіз осы жауапкершілікті сезініп, ел абыройын қорғайды деп сенеміз деді. Токио – Қамшыбек Қоңқабаев үшін алғашқы олимпиада. Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны, Қызылорданың тумасы Қамшыбекке Қасым-Жомарт Тоқаев көк байрақты беріп тұрып, жеңіспен оралуды нықтап тапсырды. Токиодағы тартыстан Қазақстанның қанжығасына не бұйырады, 8 тамызға дейін бірге тақым қысамыз.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий